Біреулер Путинді қолдаса, өзгелер айыптайды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?
Ресей көрші мемлекетке басып кіргеннен кейін екі күннен соң қазақстандық бірнеше қоғам қайраткері "Украинамен біргеміз!" деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтандағы ресми билік өкілдері ең үлкен одақтасы – Ресейдің агрессиясын сынауға батпай үнсіз отырғанда, қоғам белсенділері бейбіт халқы қырылып, қалалары қардай бораған оқ пен зымыранның астында қалған Украинаға гуманитарлық көмек жинай бастайды.
Мыңдаған қазақстандық астанадағы Украина елшілігі мен Алматыдағы қоймаға киім-кешек, балалар тағамы мен гигиена заттарын апарып, ақша аударды.
Ал Қазақстанның батыс өңіріндегі Орал қаласында Украина халқына дәрі-дәрмек жинап жатқан белсенділерге қалай көмектесуге болатыны жөнінде шағын ақпарат жариялаған тәуелсіз басылым жарнама берушіден айырылды.
"Уральская неделя" газетінің бас редакторы әрі баспагері Тамара Еслямова жергілікті кәсіпкер, аңшылар мен балықшыларға арналған құрал-жабдық сататын дүкендер желісінің иесі жарнама беруден бас тартқанын хабарлады. Еслямова Facebook парақшасына кәсіпкердің "Бізге басылымның Ресейге қарсы позициясы ұнамайды" деп жауап бергенін жазды.
Азаттық мақаласының толық нұсқасын оқи отырыңыздар.
Алматы билігі белсенділерге соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді
Алматы қаласы әкімдігі қоғам белсенділеріне Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы 17 наурызда белсенді Әлнұр Илияшев Facebook парақшасына жазды.
Оның сөзінше, өткен аптада белсенділер 19 наурызда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда соғысқа қарсы акция өткізу туралы өтініш берген.
"Әкімдік бұл күні жақында ғана "Нұр Отан" атауын "Аманат" деп өзгерткен билік партиясының іс-шарасы өтеді деп түсіндірді. Олардың шарасы таңғы 10-да басталып, кешкі жетіде аяқталады екен" деді Илияшев.
Әкімдік өкілі Айдар Есенбеков белсенділерге не себептен акция өткізуге рұқсат етілмегені жөнінде жауап беруден бас тартты.
25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында ондаған адам соғысқа қарсы пикет өткізген. Ақпан айының соңында Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинаны қолдаған тағы бір митинг өткен.
Биліктің рұқсатымен 6 наурызда өткен Украинаны қолдаған митингіге бірнеше мың адам қатысты.
АҚШ Қытайға Ресейге әскери көмек бермеу жөнінде ескертеді
АҚШ президенті Джо Байден 18 наурызда Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлеседі. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ Қытайға Ресейге әскери көмек бермеу жөнінде құлаққағыс етеді.
"Президент Байден ертең президент Симен сөйлесіп, Қытайға Ресей басқыншылығын қолдаған кез келген әрекеті үшін жауапты болатынын және оның салдарын анықтаудан бас тартпайтындығымызды айқын жеткізеді" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 17 наурызда өткен брифинг кезінде.
Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псакидің айтуынша, Байден мен Си екі ел арасындағы экономикалық бәсекелестік мәселесін де талқылайды.
"Бұл АҚШ пен Қытай арасында ашық қарым-қатынас орнату талпынысының бір бөлшегі" деп жазылған Ақ үй хабарламасында.
"Екі ел басшысы екі мемлекет арасындағы бәсекелестік, сонымен бірге Ресейдің Украинаға соғыс ашуы және екі жақты толғандыратын өзге де мәселелерді талқылайды" деді ол.
Байден мен Си арасындағы телефон әңгіме 14 наурызда Римде Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мен Қытайдың сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Ян Цзечи арасындағы "күрделі" кездесуден кейін белгіленген.
Италия Мариупольде шабуылдан бүлінген драма театрды қалпына келтіруге көмектесуге дайын. Бұл туралы Италия мәдениет министрі Дарио Франческини твиттерде мәлімдеді.
"Министрлер кабинеті менің Украинаға театрды қалпына келтіруге ресурс пен қаржы ұсыну туралы ұсынысымды қолдады. Әр елдегі театр - бүкіл адамзаттың театры" деп жазды Франческини.
ПІКІРЛЕР