Ресей зымыранының қалдықтары Киевтегі көп қабатты үйге құлап, бір адам қаза тапты, төрт адам жараланды. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Бес қабатты үйден 12 адам құтқарылған, 98 адам көшірілген.
Ресей Украина батысындағы Львовта әуежай маңын атқылады
Жұма, 18 наурызда Ресей Львов әуежайының айналасын атқылады. Бұл туралы қаланың мэрі Андрей Садовой мәлімдеді. Әуедай төңірегінен қалың қара түтін шығып, жедел жәрдем және полиция көліктері оқиға орнына асықты.
Telegram арқылы хабар таратып отырған Садовой шабуыл жасалған жердің нақты мекенжайын айта алмайтынын, бірақ оның "әуежай емес екені анық" екенін мәлімдеді.
Қалың қара түтін жергілікті уақыт бойынша 7.30 уақытында көрінді дейді AFP ақпарат агенттігінің журналисі.
Львов – Украинаның батысындағы ең ірі қала. Ол туристер арасында өте танымал. Польша шекарасынан 70 шақырымда орналасқан Львов осы күнге дейін Ресей әскерінің шабуылынан аман қалып келген.
Жапония, Австралия және Жаңа Зеландия Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады. Тізімде Путин, Шойгу, Лавров және Захарова бар
Жапония
Жапония сыртқы істер министрлігі Жапонияның Ресейдің 15 азаматына және тоғыз ұйымына санкция салатынын мәлімдеді.
"Министрлер кабинеті Ресей Федерация лауазымды тұлғаларының мүлкін бұғаттау секілді шараларды мақұлдады" делінеді министрлік мәлімдемесінде.
Санкцияға ілінгендер арасында Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова, қорғаныс министрлігінің сегіз орынбасары, Әскери-техникалық әріптестік жөніндегі федералды қызметтің директоры Дмитрий Шугаев, Мемлекеттік барлау басқармасының бастығы Игорь Костюков, "Рособоронэкспорттың" бас директоры Александр Михеев, сенатор Сүлеймен Керімов және Мемлекеттік дума мүшесі Андрей Скоч бар.
Сонымен бірге "Рособоронэкспорт" және "Вертолеты России" секілді тоғыз ресейлік мекемеге де санкция салынды.
Австралия
Австралия үкіметі Ресейдің 11 банкі мен мемлекеттік мекемесіне санкция жариялады. Бұл мекемелер Ресейдің сыртқы қарызын басқарады. Санкцияға Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қоры мен қаржы министрлігі ілініп отыр.
Санкция жарияланған банктер: "Сбербанк", "Газпромбанк", ВЭБ, ВТБ, "Россельхозбанк", "Совкомбанк", "Новикомбанк", "Альфа-банк" және Мәскеу несие банкі.
Сонымен енді Австралия жеке тұлғаларға арналған санкциясын кеңейте түсті. Енді Австралияға бара алмайтындар қатарында Олег Дерипаска мен Виктор Вексельберг те бар.
Жаңа Зеландия
Жаңа Зеландияның Ресейге қарсы санкцияларының алғашқы топтамасы күшіне енді. Шектеу шаралары Ресей президенті Владимир Путинге, премьер-министрі Михаил Мишустинге, сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа және қорғаныс министрі Сергей Шойгуға бағытталған.
Санкция тізімінде ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, ФСБ бастығы Александр Бортников, Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко, Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин, президент әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, Сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин де бар.
Санкциялар аясында аталған азаматтардың Жаңа Зеландиядағы мүлкі бұғатталады, оларға бұл елге баруына тыйым салынады.
HRW тұтқындар туралы видеоларды жарияламауды талап етті
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Украина билігінен Ресей тұтқындары туралы видеоларды жарияламауды талап етті.
Украина қауіпсіздік қызметінің қолдауымен құрылған телеграм арнада Ресей тұтқындары туралы видеолар жиі жарияланады. Онда тұтқынға түскен Ресей солдаттары аты-жөнін айтып, құжаттарын көрсетіп, өзге де жеке мәліметтерін айтады. Кейбірі камераның көзінше туыстарына хабарласады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай видеолар қысыммен жасалады және кейбірінде солдаттардың ар-намысына тиетін сөздер айтылады.
Соғыс тұтқындарымен мұндай қарым-қатынас жасау тұтқындарды қорғау туралы Женева конвенциясына қайшы. HRW өкілдерінің айтуынша, құжатқа сәйкес тұтқынға алған ел қарсы тараптың әскерімен кез келген жағдайда адамша қарым-қатынас жасауы тиіс. Конвенция сонымен бірге солдаттарды тергеп, жеке мәліметтерін жариялауға да тыйым салады.
ПІКІРЛЕР