Қазақстан Украинадан дәрі-дәрмек тасымалдауда қиындыққа ұшырағанын хабарлады
Қазақстан Украинадан амбулаторлық және стационарлық емдеуге қажет дәрі-дәрмектің 25 түрін тасымалдау бойынша қиындыққа кезікті. 18 наурызда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан дәрі-дәрмектің басым бөлігін Еуропадан, шамамен он пайызын Ресей, Беларусь, Украинадан тасымалдайды.
—Қазір Украинамен қиындық туындап отыр. Жалпы Украинадан дәрі-дәрмектің 25 түрін сатып аламыз. Препараттардың 40 пайызы жеткізілген. Қалған бөлігін тасымалдау жағы қазір бұлыңғыр болып тұр, аталған мәселені заңнама аясында қарастырамыз, – деді Ғиният.
Министрліктің дәрі-дәрмек саясаты жөніндегі департамент директоры Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, мәселе украиналық компаниялар өндіретін "Эпинефрин", "Изосорбида динитрата", "Изониазид", "Галоперидол" дәрілері жөнінде болып отыр.
Ресми ақпаратқа қарағанда, былтыр жыл соңында министрлік кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мақсатында дәрі-дәрмек сатып алған. Қазіргі кезде дәрілердің 94 пайызға жуығы сатып алынған, 40 пайызы бірыңғай дистрибютор "СК-Фармация" мен медициналық ұйымдар, қоймаларға жеткізілген.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және Батыстың Мәскеуге санкциясынан соң Қазақстанда ұлттық валюта құлдырап, қоғамда санкцияның кері әсері алаңдаушылық туғызған. Қазақстандық банктер Ресей логистикасына байланысты шетел валютасын уақытында ала алмай отырғанын жеткізді. Осы апта басында билік кемінде он мыңнан астам долларды елден әкетуге тыйым салды.
Ауладағы мәйіт, тұруға жарамсыз үйлер, Ресейдегі "той". Украинадағы соғыс. 18 наурыздағы фотолар
Кулеба: Зеленский мен Путин кездесуін өткізуге талас олимпиадаға таластан да қызып тұр
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба "Украинская правда" газетіне берген сұхбатында айтқан негізгі сөздері:
Санкция мен соғыс жайлы:
Ресейдің қазір екі мәселе бойынша басы қатып отыр. Біріншісі – санкцияның әсері. Екіншісі – әскери операциясының сәтсіздікке ұшырауы мен шығыны. Жаңалықтардың тақырыбына қарсақ санкция тек миллиардерлерге әсер еткен сияқты. Бірақ санкциялар миллионерлерге, орта тапқа, қарапайым жұмысшыға да әсер етіп жатыр. Ресей бюджетін қысқартып, жобаларын қаржыландырудан бас тартуға мәжбүр. Бірақ орыстар сезіне бастаған тағы бір үлкен санкция бар, ол – миллиардерден бастап қарапайым туристке дейін сезінген жеккөрушілік
"Украинаның қауіпсіздік моделі" жайлы:
Бірінші принцип – Украинаның территориялық тұтастығына қол сұқпау. Екінші принцип – Украинаның қауіпсіздігіне толық кепілдік беру. Келіссөз қай жаққа бұрылса да, біз бұл екі принциптен бас тартпаймыз.
Путин мен Зеленский кездесуі жайлы:
Путин дайын болса ертең, тіпті бүрсүгүні кездесу өткізуге дайынбыз. Президент Зеленский кездесуге дайын. Қазір келіссөз жүргізушілер шеше алмайтын мәселелер бар. Олар күні бойы 25 сағат талқылап, бір-бірінің бетіне қарап отыра беруі мүмкін. Себебі олардың барлық мәселені шешуге мандаты жоқ… Путин мен Зеленский кездесуін ұйымдастыруға талас олимпиада ойындарын өткізуге таластан әлдеқайда қызу болып жатыр.
Украинаның шығынын өтеу туралы:
Бұл мәселені барлық жерде көтеріп жүрміз. Президент те жария түрде айтты. Бұл мәселені БҰҰ Халықаралық соты арқылы да көтереміз. Барлығы шығынды өтеу керек болады. Мәселе ақша да ғана емес, Украина халқына қарсы қылмыс жасағандарды отырғызу керек.
18 наурыз. Украинадағы соғыста қазірге дейін болған оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.
- БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды. Ұйым құрбандар саны бұдан да көп деп есептейді.
- Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады.
- Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
- Мариуполь қаласындағы драма театрға шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды, құтқару жұмыстары жалғаып жатыр.
- Ресей зымыранының қалдықтары Киевтегі көп қабатты үйге құлап, бір адам қаза тапты, төрт адам жараланды.
- Ресей Украинаның батысындағы ең ірі қалаЛьвов әуежайының айналасын атқылады.
- Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Украина аумағына кірген кез келген жүкті қару-жарақ деп санасақ нысанаға аламыз" деп мәлімдеді.
- Ұлыбритания кремльшіл Russia Today телеарнасын лицензиясынан айырды.
- Ресей билігі "Қырымның Ресей құрамына қосылғанын" атап өтіп жатыр. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқаны айтылды. Бұл шараға Путин келіп, сөз сөйледі.
ПІКІРЛЕР