Зеленский Мәскеумен тағы келіссөз қажеттігін айтты. Ресей әскері Мариупольге басып кірді
Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеумен тағы келіссөз өткізу қажеттігін айтты. Соғыстың жалғасып жатқанына үш аптадан асты. Ресей елдің оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала – Мариупольге кіргенін хабарлады.
"Кездесетін, сөйлесетін уақыт. Украинаның территория тұтастығы мен әділдікті орнататын сәт. Оған келіспесе, Ресей бірнеше буын қалпына келтіре алмайтын шығынға батады" деді Зеленский 19 наурызда Фейсбукте жариялаған видеосында.
Кей ақпаратқа қарағанда, Мәскеу үш аптадан астам уақытқа созылған соғыста көп солдатынан айырылған. Зеленский мәлімдемесі жарияланған кезде Ресей бірнеше апта қоршауда болған Азов теңізіндегі портты қала Мариуполь орталығына жеткенін хабарлады.
Ресей аталған қаланы бомбалап, жүздеген адам паналаған театрды атқылағаннан кейін Батыс елдері және халықаралық ұйымдар жағдайға алаңдап, Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптады. 18 наурызда Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы бір сағат сөйлескен Франция басшысы Эммануэль Макрон Мариупольдегі жағдайға қатты алаңдап отырғанын жеткізді. Франция басшысы Ресей президентіне қаланы қоршаудан босатып, халықаралық құқықты сақтауға үндеді.
Мариупольде металлургиялық "Азовсталь" комбинаты маңында шайқас жүріп жатыр
Бұл жөнінде Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Вадим Денисенко хабарлады.
"Экономикалық алыптан айырылып қалдық" деді Денисенко.
Шайқастың барысы туралы ақпарат жоқ. Бұған дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "Азовстальға" штурм жасауға дайындалып жатқанын хабарлаған.
Украина билігі Ресей бір тәулікте зымыранмен бірнеше рет атқылап, әуеден 40-тан астам соққы жасағанын айтты.
Украина әскерінің айтуынша, майдан алаңында бәлендей өзгеріс жоқ. Киев елдің Азов теңізіне шыға алмай қалғанын мойындады. Мариупольдың толық қоршалғаны және Азов жағалауының Украинадан "қол үзіп" қалғаны бірнеше күн бұрын да хабарланған.
Украина әскері Ресей әуе күштерінің екі ұшақ, үш тікұшақ, үш дрон және төрт қанатты зымыранын жойғанын хабарлады. Николаевск және Сумы облыстарында сап түзеген Ресей техникалары жойылған.
LG Electronics Ресейге өнімдерін тасымалдауды тоқтатады
Тұрмыстық техника және электроника заттарын шығаратын Оңтүстік Кореяның LG Electronic компаниясы Ресейге өнімдерін тасымалдауды тоқтатады. Бұл жөнінде компания сайтында жазылған.
"Барлық азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз және LG гуманитарлық көмек көрсету талпыныстарын қолдай береді" деп жазылған хабарламада.
Йель университетінің мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі бері әлемдегі 400-ден астам компания Ресейдегі бөлімшелерінің жұмысын ішінара немесе толық тоқтататынын хабарлаған. Олардың арасында халықаралық дүкендер желісі, құрылыс, шаруашылық заттарын сататын, парфюмерия өнімдерін сататын танымал компаниялар бар. Мысалы, Estee Lauder Companies, McDonald's, Starbucks, Coca-Cola, Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti, Bershka, Marks & Spencer, Mango, H&M және тағы басқа.
ПІКІРЛЕР