Мариупольде тұрғындарды эвакуациялау басталды
Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін "жасыл дәліз" ашылғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенко айтты. Оның сөзінше, "жасыл дәліз" арқылы қаладан кемі 50 көлік шығып кеткен.
"Қазір елуден астам көлік Бердянскіден өтіп, Запорожьеге қарай кетіп барады. Блок-постардан өту қиындық туғызып жатқан жоқ" деп жазды ол.
Мариуполь бір жарым аптадан бері Ресей әскерінің қоршауынга қалып, қалада үздіксіз атыс жүрген. Мариуполь әкімшілігі қалада кемі 2 мың адам қаза тапқанын айтқан.
БҰҰ есебінше, 24 ақпаннан бері Украинада 630 бейбіт тұрғын қаза болып, 1125 адам жараланған. БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар бұдан да көп дейді. Бұған дейін Мариуполь әкімдігі соғыстан екі мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты деген.
Ресей мен Украина арасында келіссөздің төртінші раунды аяқталды. Украина тарабының мәліметінше, екі тарап техникалық үзіліс алған.
Келіссөздің төртінші раунды видеоформатта өткен. Украина Ресейден әскерін шығаруды және атысты тоқтатуды талап етіп отыр.
Украина қорғаныс министрлігі украиналық әскерилердің Донецктегі жарылысқа қатысымыз жоқ деп мәлімдеді.
"Біз бұған дейін де Донецк қаласына ракета я басқа да қару құлады деген ақпаратты кезіктіргенбіз. Айтарымыз, бұл ресейлік ракета я ресейлік басқа бір қару" деді министрлік.
Бүгін түске таман "ДХР" өкілдері Донецк қаласының орталығына шабуыл жасалды деп мәлімдеген. Ресейлік ТАСС агенттігі "қала үстінен Ураина қарулы күштерінің "Точка-У" ракетасы атып түсірілгенін, құлаған сынықтардан адамдар қаза болғанын" жазды.
Донецк мэрі Алексей Кулемзин РИА Новости агенттігіне 20-дан аса адам қаза болғанын, 13 адам жараланғанын айтқан. Оның сөзінше, мерт болғандардың арасында бала да бар.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР