"Первый каналдың" тікелей эфиріне соғысқа қарсылық білдіріп атып шыққан редактор Марина Овсянникованың ісі Мәскеудегі Останкин аудандық сотында қарала бастады.
"Новая газетаның" жазуынша, сот Овсянникованың ісін әкімшілік хаттама (келісілмеген қоғамдық шара ұйымдастыру) бойынша қарап жатыр. Журналист 10 күнге әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Ресей АҚШ президенті Джо Байденге және америкалық шенеуніктерге санкция салды. Бұған дейін Вашингтон да Ресей президенті Владимир Путинге санкция салған.
Ресей санкциясына ілінгендер:
- Джо Байден , АҚШ президенті
- Энтони Блинкен, мемлекеттік хатшы;
- Ллойд Остин, қорғаныс министрі;
- Марк Милли, Ұлттық штаб басшыларының біріккен комитетінің төрғасы;
- Джейкоб Салливан, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі;
- Уильям Бернс, ЦРУ директоры;
- Дженнифер Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы;
- Далип Сингх, АҚШ президенті ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісінің орынбасары;
- Саманта Пауэр, Халықаралық даму агенттігінің басшысы;
- Хантер Байден, Джо Байденнің ұлы;
- Хиллари Клинтон, АҚШ президенттігіне кандидат болған саясаткер;
- Адевейл Адейемо, Қаржы министрінің орынбасары;
- Рета Джо Льюис, Экспорт-импорт банкінің президенті.
Америкалық Fox News Украинада операторы Пьер Закржевски қаза тапқанын хабарлады. Оператор Киев маңында оққа ұшқан. 55 жастағы Пьер Закржевски мен журналист Бенджамин Холл мінген көлікке оқ тиген. Бенджамин Холл жараланған.
Мәскеудегі сот "Первый каналдың" тікелей эфиріне соғысқа қарсылық білдіріп атып шыққан редактор Марина Овсянниковаға 30 мың рубль (шамамен 145 мың теңге) айыппұл салды. Бұл туралы сот залынан "Медиазона" тілшісі хабарлады.
Соттан шыққан соң журналист "екі күндей ұйықтамадым. 14 сағат бойы сұрақтың астына алды. Туыстарыммен байланысуға мүмкіндік бермеді" деді.
Овсянникова тілшілердің басқа сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Марина Овсянникова кеше, 14 наурызда "Первый каналдың" "Время" эфиріне соғысқа қарсы плакат ұстап шығып, қарсылық білдірген.
Журналист Алексей Венедиктов телеграм-каналында "Овсянниковаға айыппұл эфирдегі плакаты үшін емес, видеомәлімдемеде Украинаға басқыншылықты соғыс деп атап, оған Путинді айыптағаны үшін салынды" деп жазды.
ПІКІРЛЕР