Владимир Путин министрлермен жиын өткізді. Ол алғашқы 20 минутта Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясы" (Кремль Украинадағы соғысты осылай атайды) жайлы сөз қозғады.
Путиннің сөзінше, "арнайы операция жоспар бойынша жүріп жатыр", Ресейдің Украинаны оккупациялау жоспары жоқ, Батыс Украинаны қантөгісті жалғастыруға итермелеп отыр, Еуропада орыстарға шүйлігіп жатыр.
Путин ең төменгі жалақы мөлшері, күнкөріс минимумы, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер өсетінін жариялады. Ол Ресейде қалған шетелдік компанияларға "қосымша мүмкіндіктер берілетінін" айтты.
НАТО-ның ресми өкілдері Путиннің әскері қазірге дейін Украинадағы мақсатына жеткен жоқ және «алда да жете алмауы мүмкін» деп мәлімдеді. Бұл туралы ВВС хабарлады.
НАТО өкілдері Ресей әскерилері мақсаттарына жетуі қиындаса да, Украинаға әлі де көп зиян шектіретін күшке ие деп отыр. Альянстың әскери қызметкерлері "Ресей Донецк пен Луганск облыстарында біраз мақсаттарына жеткенімен, Киевті қоршай алмай жатыр, Одессаға басып кіру мақсаты да сәтсіздікке ұшырады" дейді.
Financial Times: Украина мен Ресей келіссөзінде айтарлықтай алға жылжу бар
Екі тарап атысты тоқтатып, Ресей әскерінің Украинадан шығару мәселесін қарастыратын 15 пунктен құралған келісімді талқылап жатыр. Бұл туралы келіссөзге қатысы бар үш дереккөзіне сілтеме жасаған Financial Times басылымы хабарлады.
Келіссөздің жалпы мағынасы мынандай: Украина НАТО-ға мүше болу жоспарынан бас тартады және өз аумағында шетелдік әскери база орнатпайды. Ал Ресей Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді; АҚШ, Ұлыбринатия және Түркия Украинаның қауіпсіздігіне гарант болады.
Бұған дейін Украина президенті Зеленский келіссөздегі позициялардың ұстанымдары "ақылға қонымды бола бастады" деген. Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров келісімге келуге жақын нақты тұжырымдар бар деп мәлімдеді.
БҰҰ Халықаралық соты Ресейден Украинаға қарсы соғысты тоқтатуды талап етті
БҰҰ Халықаралық соты бүгін, 16 наурызда "Ресей билігі арнайы операциясын тоқтатуы тиіс" деген қаулы шығарды.
Украина 27 ақпанда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағым түсірген. Киев шағымы бойынша сот отырысы 7-8 наурызда өткен.
Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданғандар жауапқа тартылады.
ПІКІРЛЕР