Accessibility links

Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.

Соғыстың үшінші аптасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

19 наурыз. Украинадағы соғыста қазірге дейін болған оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.

  • Ресей әскері Украинаның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала Мариупольге кіргенін хабарлады.
  • Киев Мариуполь түбіндегі "Азовсталь" металлургия комбинатында шайқас жүріп жатқанын мәлімдеді.
  • Украина билігі 19 наурызда атқылауға ұшыраған қалалардан тұрғындарды эвакуациялауға арналған он гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты.
  • Еуроодақ билігі санкцияға ілінген ірі ресейлік кәсіпкерлердің активтерін соғыс аяқталған соң Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мүмкіндігін талқылап жатыр деп хабарлады Bloomberg.
  • Сенбі күні Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтіп, Санкт-Петербургте кемінде бес адам ұсталған. Полиция тәуелсіз басылым тілшілерінің үйіне барған.
  • Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей газынан бас тартады.
  • АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресейдің Украинаға басқыншылығын талқылады. Байден Сиге Қытай Ресейге көмектессе, салдары ауыр болатынын ескертті.
  • БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды. Ұйым құрбандар саны бұдан да көп деп есептейді.
  • Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады.
  • Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
  • Мариуполь қаласындағы драма театрға шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды.
  • Ресей билігі "Қырымның Ресей құрамына қосылғанын" атап өтті. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқаны айтылды. Бұл шараға Путин келіп, сөз сөйледі.
22:33 16.3.2022

Мариуполь қаласы мэрінің орынбасары Сергей Орлов Ресей әскерилері қаладағы театрға шабуыл жасады деп мәлімдеді. Орловтың сөзінше, театр ғимаратында шамамен 1200 адам бомбалаудан бас сауғалап отырған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылға қатысымыз жоқ деп, Украинаның "Азов" батальонын айыптады. Киев шабуылды "Азов" жасамағанын айтады.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден анықтау мүмкін емес.

23:32 16.3.2022

Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко Мелитополь мэрі Иван Федоровтың босатылғанын мәлімдеді. Украина 11 наурызда Федоровты ұрлап әкеткенін айтқан.

Тимошенко Федоров "арнайы операция" кезінде босатылғанын, қазір қауіпсіз жерде екенін жеткізді. Ол "арнайы операция" қалай өткенін, мэрді кім ұрлап әкеткенін айтпады.

Украина президенті Владимир Зеленский Федеровпен телефон арқылы сөйлескен видеосын жариялады.

23:38 16.3.2022

БҰҰ-ның 16 наурыздағы мәліметі бойынша, Украинадағы соғыста 726 бейбіт тұрғын қаза болған, 1174 адам жараланған. Қаза тапқандар арасында 52 бала бар. Ұйым соғыстан қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін дейді.

23:46 16.3.2022

Украиндағы соғыста 16 наурызда не болды? Қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • Financial Times дереккөздеріне сілтеме жасап, "Украина мен Ресей келіссөзінде айтарлықтай алға жылжу бар" деп хабарлады. Келіссөздің жалпы мағынасы мынандай: Украина НАТО-ға мүше болу жоспарынан бас тартады және өз аумағында шетелдік әскери база орнатпайды. Ал Ресей Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді; АҚШ, Ұлыбринатия және Түркия Украинаның қауіпсіздігіне гарант болады.
  • Мариуполь қаласы мэрінің орынбасары Сергей Орлов Ресей әскерилері қаладағы театрға шабуыл жасады деп мәлімдеді. Орловтың сөзінше, театр ғимаратында шамамен 1200 адам бомбалаудан бас сауғалап отырған. Ресей қорғаныс министрлігі шабуыл жасаған жоқпыз деді
  • Киев, Харьков, Запорожье және Одесса түбінде түнде және таңертең жарылыстар болды.
  • Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей соғысқа жұмылдырған әскери күшінің 40 пайызынан айырылды деп мәлімдеді.
  • Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге Ресейдің репарациясы (бір елдің екінші елге соғыс зиянын толық я жартылай өтеп беру) да қажет болады деді.
  • Украина тарабы соғыстан соң жарылмай қалған миналарды тазартуға бірнеше жыл кетеді деп мәлімдеді.
  • Ресей қоршауындағы Мариуполь қаласынан 15 наурызда 20 мың адам эвакуацияланғаны хабарланды. Қала басшылығы Ресей әскерилері облыстық ауруханада 400 дәрігер мен науқасты "кепілде ұстап отыр" дейді. Мариупольде 2 мыңнан аса адам қаза тапқаны да айтылды.
  • БҰҰ Халықаралық соты "Ресей билігі арнайы операциясын тоқтатуы тиіс" деген қаулы шығарды.
  • Украина президенті Зеленский АҚШ Конгресінде сөз сөйлеп, Вашингтонды Ресей соғысты қаржыландыра алмас үшін санкцияны күшейтуге шақырды. Ол Украинаның аспанын "жабуды" я еліне авиация мен зениттік ракета жүйелерін беруді де сұрады.
  • Зеленский әр күні таңертең 9:00-де соғыста қаза болғандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
  • Путиннің мәлімдемесінен: "арнайы операция" жоспар бойынша жүріп жатыр, Ресейдің Украинаны оккупациялау жоспары жоқ, Батыс Украинаны қантөгісті жалғастыруға итермелеп отыр, Еуропада орыстарға шүйлігіп жатыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG