Джо Байден Путинді "әскери қылмыскер" деп атады
Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинді "әскери қылмыскер" санайтынын айтты. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Байден алғаш рет Путинге қатысты осындай тіркесті пайдаланып отыр.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің түсіндіруінше, Байден теледидардан "шет мемлекетті басып алмақ болған қатыгез диктатордың варварлық әрекетін" көргеннен кейін "шын жүрекпен айтқан болуы" мүмкін. Ресей көптеген айғақтарға қарамастан Украинадағы азаматтық нысандар мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын мойындамай келеді.
Сәрсенбі күні Байденнің сөзіне реакция білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "мемлекет басшысының мұндай тіркесті қолдануына жол беруге болмайды" деген.
Былтыр көктемде "Путинді "қанішер" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына АҚШ президенті Джо Байден "иә" деп жауап берген еді. Ал Байденнің сөзіне қатысты пікір айтқан Путин "Біреуді даттаған адамның өзі сондай" деп мәлімдеген.
АҚШ Украинаға әуе соққысы мен танктердің шабуылынан қорғайтын техника жібереді
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша қару-жарақ жіберетінін мәлімдеді.
Ақпаратқа қарағанда, Вашингтон Киевке әуе қорғанысын қамтамасыз ететін Stinger зенит-зымыран жүйесінің 800 данасын, 2 мың Javelin, танкілерге қарсы 7 мың техника, 100 әскери дрон, 100 граната атқыш, 5 мың винтовка, 400 пулемет және өзге де қару-жарақ түрлерін жібереді.
"Бұл ұзақ әрі күрделі шайқас болуы мүмкін. Бірақ Путиннің бейбіт халыққа жасаған әділетсіз шабуылына ұшыраған Украина халқын Америка қолдайды" деді Байден.
Оның сөзіне қарағанда, мұның бәрі АҚШ-тың Украинаға соңғы үлгідегі қару-жарақ жіберу ниетінен айнымайтындығының дәлелі.
"Мұны біз ғана жасап отырған жоқпыз. Біздің одақтастар мен әріптестер Украинаға қауіпсіздік саласында қол ұшын беріп жатыр. Біз әрі қарай да тасымалдай береміз" деді Байден.
16 наурызда сәл ертерек Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ Конгресінің қос палатасында видеомәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, Киев Ресей әскерінің шабуылынан көз ашпай келеді. Бірақ украин халқы берілмейді және қасық қаны қалғанша күреседі. Зеленскийдің айтуынша, украиналықтар Ресей басқыншылығына 24 ақпан емес, 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алған кезеңнен бері төтеп беріп жатыр.
БҰҰ Халықаралық соты 16 наурызда Ресей Украинадағы соғысты дереу тоқтатуы тиіс деген шешім шығарған. Сот сонымен бірге Ресей мен Киев жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін қадамдардан қашуы тиіс деген.
БҰҰ Халықаралық соты Ресейден Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті
БҰҰ Халықаралық соты 16 наурызда Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтатуы тиіс деген қаулы шығарды. Сот сонымен бірге Ресей мен Киевтен қақтығысты ушықтыруы мүмкін қадамдарға бармауды талап етті.
"БҰҰ Халықаралық сотында Украина толық жеңіске жетті. Сот Ресейді Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатуға міндеттеді. Халықаралық құқық бойынша Ресей сот қаулысын орындауға міндетті. Шешімді орындамау Ресейдің одан әрі оқшаулануына апарады" деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Туиттердегі парақшасында.
Украина 27 ақпанда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағым түсірген. Киев шағымы бойынша сот отырысы 7-8 наурызда өткен.
Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданғандар жауапқа тартылады.
Ресей әскері Украина аумағына президент Владимир Путиннің бұйрығымен 24 ақпанда басып кірді. БҰҰ мәліметінше, осы уақытқа дейін үш миллионға жуық украин босып кеткен.
Киевте Ресей ұшағын атып құлатты. Құлаған ұшақ көп қабатты үйге түсіп, бір адам мерт болды
Үш адам жарақат алып, 30 адам эвакуацияланды. Үй өртке оранып, жоғарғы қабаттардың конструкциялары құлаған. Бұл туралы төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.
ПІКІРЛЕР