Қытай Украинаға құны 800 мың долларға жуық гуманитарлық көмек бермек
Қытайдың "Қызыл Крест" қоғамы Украинаға құны 5 миллион юань (шамамен 792 мың доллар) болатын гуманитарлық көмек көрсетпек. Бұл туралы сәрсенбі, 9 наурыз күні Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь мәлімдеді.
Ресей Украинаға басып кіргелі елден 2 миллионға жуық адам қашқан. Қарулы қақтығыс аймағынан көше алмағандар қоршауда қалып, су, азық-түлік, жарық тапшылығына тап болды.
Қытай Ресейдің басқыншылық соғысын айыптамағаны үшін сынға қалған. Пекин Ресейдің Украинадағы әрекетін басқыншылық деп атаудан бас тартқан. Ресей өз әрекетін "әскери операция" деп атап отыр.
Украина вице-премьері Ирина Верещук Ресеймен мына "гуманитарлық дәліздер" бойынша келісімге келгенін мәлімдеді.
- Энергодар — Запорожье
- Сумы — Полтава
- Мариуполь — Запорожье
- Волноваха — Покровск
- Изюм — Лозовая
- Ворзель, Буча, Бородянка, Ирпень, Гостомель — Киев.
Ресей тарабы 9 наурыз таңғы Мәскеу уақыты бойынша 10-да (Алматы 13.00-де) Киев, Чернигов, Сумы, Харьков пен Мариупольде "тыныштық режимі" енгізілетінін хабарлаған. Ал Киев бұл қалалардан пойыз бен автокөлік шығып кете алады, сондықтан "гуманитарлық дәліз" қажет емес деген еді.
Украина президенті 9 наурызда видеомәлімдеме таратып, Ресей солдаттарына қайырылды:
- Ресейлік солдаттар. Тірі қалуға мүмкіндіктеріңіз бар. Біздің екі апта бойы қарсыласқанымыз берілмейтінімізді көрсетті, себебі бұл - біздің үйіміз, отбасымыз, балаларымыз. Жерімізді қайтармайынша, адамдарымыз бен балаларымыздың өлімі үшін жауап бермейінше шайқаса береміз. Біздің елден кетіп өмірлеріңізді құтқара аласыздар. Командирлеріңіз Украинада әлі де мүмкіндігіміз бар десе сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді тұтқынға түсуден я өлімнен басқа ештеңе күтіп тұрған жоқ. Біздің өмірімізді аласыздар және өз өмірлеріңізді бересіздер. Сіздердің командирлеріңіз бәрін біліп отыр, бұл туралы бізде ақпарат та бар. Бұл соғысты аяқтап, бейбіт өмірге оралуымыз керек. Біздің үйімізден кетіңіздер!
Киев облысындағы Ирпень, Буча, Гостомель, Бородянка және Ворзель қалаларынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау басталды. Киев облысының әскери әкімшілігінің басшысы Алексей Кулебаның жазуынша, алғашқы колонна жолға шыққан.
Бұл қалалардың дені Ресей шабуылынан көп зардап шеккен еді.
"Қалалардың кейбірінде жарық, ұялы байланыс жоқ, сондықтан Украинаның арнайы қызметі көшеге дауыс ұлғайтқышпен шығып, жергілікті халыққа хабар жеткізіп жүр" деп жазады ВВС
ПІКІРЛЕР