Yum! Brands компаниясы Ресейде KFC жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Қазір бұл компания Pizza Hut желілерін де жабуды ойластырып жатыр.
Бұған дейін "Макдональдс" пен Starbucks жұмыстарын тоқтатқан.
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңсесі Украинада 24 ақпаннан бері 474 бейбіт тұрғын қаза болып, 861 адам жараланды деп мәлімдеді. Қаза болғандардың арасында 29 бала бар.
"Донецк пен Луганск облыстарында 96 адам опат болып, 449 адам жараланды. Ал Украина билігінің бақылауындағы Киев қаласында, Черкасс, Чернигов, Харьков, Херсон, Киев, Николаев, Одесса, Сумы Запорожье, Житомир облыстарында 378 адам қаза тауып, 790 адам жараланды" деп жазылған БҰҰ есебінде.
Экономист: Ресей экономикасы отыз жылға артқа кетеді
Ресейлік экономист Татьяна Михайлова "Настоящее время" эфирінде Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары мен ірі компаниялардың Ресейден кетуінің салдары жайлы айтты. Сарапшының айтқандарын қысқаша шолып шықтық:
— Қарапайым ресейліктер мұның өмірлеріне қалай әсер ететінін әлі түсінген жоқ. Бізді экономикалық тоқырау күтіп түр. Экономикалық дамуымыз отыз жылға артқа кетіп, 90 жылдардың басындағы жағдайға дейін шегінеді. Жұрт мұны әлі түсінбей отыр. Бүгін әріптестеріммен әңгімеде әл-ауқат, жалақы, экономикалық даму жағынан 1995 жылғы деңгейге дейін шегінеміз деп айттым.
— Егер Ресей соғысты тоқтатса, санкцияларды алып тастай ма?
— Өкінішке қарай, тарих көрсеткендей қазірдің өзінде соғысты тоқтатып, бұл авантюрадан бас тартқанның өзінде санкцияларды жақын арада алмайды. Біздің серіктестеріміз бұл операцияның қайталануы мүмкін деген қауіпті де жоққа шығармайды. Санкциялардан тез арада бірден арылу мүмкін емес. Кемі 20-30 жыл керек. Санкцияларды жұмсарту үшін не істеу керек? Жұмсарту үшін соғысты тоқтату қажет.
Discovery компаниясы өзінің иелігіндегі Animal Planet, Discovery Channel, Discovery Science, Eurosport 1, Eurosport 2, Investigation Discovery HD, TLC, TLC HD телеарналарының Ресейде көрсетілмейтінін жариялады.
ПІКІРЛЕР