Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресей президенті Владимир Путин Беларусь режимінің лидері Александр Лукашенкомен кездесуде Украинамен келіссөзде "алға жылжу бар" деді.

Украина мен Ресей делегациясы осыған дейін Беларусьте үш рет кездесіп, келіссөз жүргізген.

Кеше, 10 наурызда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Анталияда жолыққан. Кулеба кездесуден соң "атысты тоқтату бойынша келісімге келе алмадық" деді.

Украина әуе күштері Ресей авиациясы Беларусьтің Дубровица аэродромынан шығып, Беларусьтің Копань, Бухличи и Верхний Теребежов елдімекендеріне әуеден соққы жасады дейді.

"Бұл – арандату. Мақсаты – Беларусь қарулы күштерін соғысқа араластыру" деп жазды украиналық әскерилер.

Ал Беларусь қорғаныс министрлігі Украинаның бұл мәлімдемесін "фейк" деп атады.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

АҚШ президенті Джо Байден Ресейге тағы санкция жариялады. Америка Ресейден алкоголь, бриллиант, теңіз өнімдерін импорттауға шектеу қойды.

Байденнің айтқандарынан қысқа-нұсқа:

  • АҚШ әскері мен НАТО Украинадағы соғысқа тікелей араласпайды. Араласса үшінші дүниежүзілік соғыс болады. Бірақ Украинаға қаржылай қолдауды тоқтатпаймыз.
  • Путин мен Ресей әскері бұл соғыста жеңіске жете алмайды.
  • Ресей химиялық қару қолданса, бұл әрекеті үшін жауап беретін болады.

BBC-дің орыс қызметі Ресей Украинадағы соғысқа "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының адамдарын жалдап жатқанын хабарлады.

Ақпанның соңында "Вагнер" жауынгерлері Украина президенті Владимир Зеленскийді өлтіру үшін Киевке жіберілді деген ақпарат тараған.

ВВС-дің жазуынша, бұрын "Вагнер" қатарына өту қиын болса, қазір тәртіп жеңілдеген. Краснодар қаласы түбіндегі Молькинодағы іріктеу орнында тек Ресейде туғандар әскерге алынатын, қазір бұл талап өзгерген, оған тіпті өздерін республика деп жариялаған "ДХР" мен "ЛХР" аймақтарының, Ресей аннексиялаған Қырым түбегінің тұрғындары да, шетелдіктер де қосылып жатқан көрінеді. Бұрындары үміткердің сотталмағанын, әскери борышы жоқ екенін анықтап алатын, қазір оған да қарамайды деп жазады тілші.

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы алғаш рет "ЛХР"-да 2014 жылы пайда болған. Украина шығысында сепаратистермен соғыс басталғанда Луганск әуежайын алуға осы топтың жалдамалы солдаттары қатысқан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG