Украинадағы соғыс. 4 наурызда не болғанын қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- Жұмаға қараған түні Ресей әскерилері Запорожье АЭС-ін атқылап, өрт шықты. Кейін өрт сөндірілді. Қазір бұл станция Ресейдің бақылауында.
- АҚШ қорғаныс министрлігі Запорожье АЭС-інен реактивті зиянды заттар ауаға шыққан жоқ деп отыр.
- Зеленский Запорожье АЭС-і жарылса, "Черноболь апатынан алты есе болады" дейді.
- БҰҰ есебінше, Ресей Украинаға соғыс ашқалы 331 бейбіт тұрғын қаза болып, 675 тұрғын жараланған.
- Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Мариуполь мен Херсонға басып кірді. Харьков және Киев облыстарында атыс жалғасып жатыр.
- Украина тарабы "Ресей Украинаны үш күнде-ақ аламыз деп ойлады, Батыс елдері де солай топшылады. Ресей бізден мұндай тегеурін күтпеді" деді.
- Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің үшінші раунды демалыс күндері болуы мүмкін.
- НАТО Украинаға әскер кіргізбейді, егер әскер кіргізсек Еуропада үлкен соғыс басталады дейді. Альянс Украинаға қару-жарақпен көмектеспек.
- Роскомнадзор Ресейде Азаттық радиосы/Азат Еуропа сайтын және Facebook желісін бұғаттады. Азаттықтан бөлек "Америка дауысы","Медуза", ВВС, Deutsche Welle сайтының да жұмысын шектеді.
- Ресейдің Федерация кеңесі (Ресейдің сенаты) "Ресей әскері жайлы фейк таратқандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартып, 15 жылға дейін соттайтын заңды мақұлдады.
- "Эхо Москвы" желідегі барлық парақшасын жауып, сайтын өшіретінін мәлімдеді. Бұған дейін Ресей билігі бұл медианы бұғаттап тастаған.
Зеленский: Украина құласа бүкіл Еуропа құлайды
Украина президенті Владимир Зеленский Тбилисидегі Украинаны қолдау акциясына видео арқылы қосылып, бүкіл Еуропаға қайырылды.
"Үнсіз қалмаңыздар, көшеге шығып, Украинаны қолдаңыздар. Егер Украина құласа, бүкіл Еуропа құлайды" деді ол.
Тбилисидегі Украинаны қолдау акциясына мыңдаған адам қатысып жатыр.
Өткен сенбі-жексенбіде Еуропаның бірнеше қаласында Украинаны қолдаған ірі акциялар өткен. Берлин мен Прагадағы шараға жүздеген мың адам қатысқан.
Сербия астанасы Белградта Ресейдің Украинаға басып кіргенін қолдайтын акция өтіп жатыр. Мұндай шаралар Белград үшін таңсық емес.
Роскомнадзор Ресейде ресми түрде Facebook әлеуметтік желісін бұғаттады. Ресей билігі Facebook желісін "ресейлік БАҚ-ты алалады" деп санайды. Бұған дейін бұл әлеуметтік желі ресейлік "Звезда", РИА Новости, Sputnik, Russia Today, "Лента.ру" "Газета.ру" медиаларының парақшаларын бұғаттаған еді.
ПІКІРЛЕР