Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
09:30 6.3.2022

Компьютерлік жабдықтар мен бағдарламалық жасақтама өндіру жөнінен әлемнің ең ірі компанияларының бірі саналатын IBM технологиясын Ресейге бұдан әрі сатпайтын болды.

09:24 6.3.2022

Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Мәскеуге Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы жағдай туралы сөйлескеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалған. Осыдан кейін ол Германияға канцлер Олаф Шольцпен кездесуге ұшып кеткен. Бұл туралы Jerusalem Post жазды.

09:11 6.3.2022

Украинадағы соғыс: Кейінгі сағаттардың басты жаңалықтары

Украинаның Мариуполь мен Волноваха қалаларындағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялау іске аспай қалды. Ресей әскері бұған украин "ұлтшылдарын" айыптап, адамдарға кетуге мүмкіндік бермеді деді. Украина билігі Ресей әскері атқылауын тоқтатпады деп мәлімдеді. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресейдің Мариупольдегі атқылауда тоқтата тұру туралы ұсынысы алдамшы әрекет болды дейді. Министрліктің пікірінше, Кремль осы арқылы халықаралық қауымдастық алдында айыпты өзгеге қарай бұрып, шабуылын жандандыруға уақыт ұтқысы келген.

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы: 24 ақпан мен 4 наурыз аралығында Украинада 351 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Оның 58-і – бала. Жарақат алғаны – 707.

Ашық көздердегі фото мен видеоны сараптайтын Oryx зерттеу тобы Украинадағы соғыстың кейінгі 26 сағатын қорытындылады. Оған сәйкес, Ресей әскері Су-30СМ, Су-34, 3 Су-25 әскери ұшақтарынан; Ми-24/Ми-35 және Ми-8 дейтін екі тікұшағынан, "Орлан-10" әскери дронынан айырылған.

Украина президенті Владимир Зеленский бір топ америкалық сенатормен видео конференция арқылы сөйлесіп, оларды Ресейге қарсы мұнай эмбаргосын жариялауға шақырды.

Владимир Путин "әскери жағдай енгізілмейді, өзге елдердің Украина әуесін қорғау алуын соғысқа қатысу деп қабылдайтынын" айтты.

Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағат сөйлесті. Ертең Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлеседі.

6 наурызға белгіленген митинг қарсаңында Ресей полициясы белсенділерді тінтіп, ұстап жатыр. Митинг соғысқа қарсылық тақырыбына арналған.

08:45 6.3.2022

Visa және Mastercard Ресей банктерімен жұмысын тоқтатады

Visa және Mastercard төлем жүйелері Украинадағы соғысқа байланысты Ресей банктерімен жұмысын тоқтатады. Яғни, осы жүйемен шығарылған ресейлік карталар – шетелде, шетелдік карталар Ресейде жұмыс істемейді.

Енді ресейліктер шетелдік интернет-дүкендерде, AppStore және GooglePlay мобильді қосымшалар дүкенінде Ресей банктерінің Visa және Mastercard карталарын қолдана алмайды.

Осыған дейін American Express төлем жүйесі де Ресей банктерімен жұмыс істеуден бас тартқан. Ресейдің өз ішінде қаржы операцияларын төлем карталарының ұлттық жүйесі жүзеге асырады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG