Vlast.kz Алматыдағы Украинаны қолдау митингіне 5 мыңға дейін адам жиналды
6 наурызда Алматыда түскі сағат 12-де "Сарыарқа" кинотеатрының артында Украинаны қолдау акциясы басталды. Оған басында шамамен 300 адам жиналған. Азаттық тілшісі барған сайын жиналғандар қарасы көбейіп жатқанын хабарлады. Митинг басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң шараға жиналғандар мыңнан асқан.
Жиналғандардың қолында "Соғысқа жол жоқ", "Соғысты тоқтат!" деген қазақ, орыс, ағылшын тілдерде жазылған плакаттар болды.
Vlast.kz сайты жиналған адам саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін жетеді деп хабарлады.
Митингінің алдында Қазақстан және Украина әнұрандары айтылды.
Бұған дейін әкімдік аталған митингіні қала орталығындағы Уәлиханов алаңында өткізуге рұқсат бермеген. Билік ол жақта "жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін" айтқан. Сол себепті белсенділер наразылық акциясын орталықтан алшақ жердегі "Сарыарқа" кинотеатрының артында өткізуге мәжбүр болған.
Митинг ұйымдастырушылардың бірі Дәулет Әбілқасымов "бұл митинг Ресей халқы, Украина халқына қарсы емес, Путинге, соғысқа қарсы митинг" деді.
– Путин өз мансапқұмарлығының тұтқынына айналды. Осы соғысты бастаған – сол. Ол қазір жеңіліп жатыр, идеология жағынан да, әскери жағынан да. Ол енді аяғына дейін баруға тырысады... Біз бұл жерде қандай да бір ұлтқа қарсы емеспіз. Орыстарға не украиндарға қарсы емеспіз. Біз Путинге қарсымыз. Бейбітшілікті қолдаймыз, – деді белсенді.
Митингіде сөйлеген кейбір белсенділер "Қазақстан Ресей құрған одақтарға (Еуразия экономикалық одағы, ҰҚШҰ т.с.с - ред.) өз еркімен кірген жоқ, оны Назарбаев референдум өткізбей, халықпен ақылдаспай кіргізді. Одан шығуды талап етеміз" деді.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов украин халқы жылдар бойы әділ сайлау, митингіге шығу сияқты азаматтық құқықтары үшін күресіп, соған қол жеткізді. Қазір де украиналықтар туған елінің әрбір сүйем жері үшін күресіп жатыр деді.
Алматыдағы митингті ұйымдастырушылардың бірі Дәулет Әбілқасымов:
Путин менмендігінен тығырыққа тірелді. Осы соғысты бастаған – сол. Ол қазір жеңіліп жатыр, идеология жағынан да, әскери жағынан да. Ол енді аяғына дейін баруға тырысады... Біз бұл жерде қандай да бір ұлтқа қарсы емеспіз. Орыстарға не украиндарға қарсы емеспіз. Біз Путинге қарсымыз. Бейбітшілікті қолдаймыз.
Алматы: Ресей агрессиясын айыптайтын митинг
Алматыда белсенділер Украинадағы соғысқа қарсылық білдіріп Сарыарқа кинотеатры артындағы саябаққа наразылыққа жиналды. Олар Украинаға қарсы Ресей агрессиясын айыптап, бейбітшілік орнауын талап етеді.
Азаттық радиосының Орыс қызметі Ресейдегі жұмысын тоқтатты
Бұған Ресей мемлекеттік думасының жаңа заңы түрткі болды. Заң "Ресей әскерінің Украинадағы әрекеті туралы жалған ақпарат" таратқанды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. 4 наурыз күні салық органдары Орыс қызметінің банкроттығы туралы процедура бастап, полиция Азаттық тілшілеріне деген қысымды күшейте түсті. 4 наурызға қараған түні Роскомнадзор Орыс қызметінің Ресей аумағындағы сайттарын бұғаттады.
Азаттықтың Орыс қызметі бұдан әрі жұмысын шетелден жүргізеді. Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы туралы хабар таратуын тоқтатпайды.
ПІКІРЛЕР