БҰҰ Украинадағы әскери қылмыстан зардап шеккен 6 мыңдай тұрғынның атын атауға дайын
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет қазір БҰҰ-да соғыста зардап шеккен 5939 адамның дерегі барын мәлімдеді. Олардың ішінде 2787 адам қаза болған, 3152 адам жараланған.
«Шынайы статистика әлдеқайда көп. Біз қазір зардап шеккендердің нақты санын анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бейбіт тұрғындардың көбі артиллериялық, ракеталық, бомба шабуылдарынан зардап шеккен» деді Бачелет.
Харьков облысының басшысы Олег Синегубовтың сөзінше, бір күннің ішінде облысқа жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, сегіз адам жараланған. Синегубов ресейлік әскерилер бір күнде Харьков қаласына 11 рет артиллериялық шабуыл жасаған. Бұған қоса, Дергачи, Чугуев қалалары мен Золочев ауылы да артиллериялық шабуылға ұшыраған.
Запорожье қаласына жасалған әуе шабуылынан үш адам зардап шеккен, оның біреуі – бала. Бұл туралы аймақ басшылығы хабарлады.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.
АҚШ Конгресінің төменгі палатасы Ресей активтерін Украинаға көмек ретінде жұмсауға жол ашатын заң жобасын мақұлдады
Заң жобасы Ресейдің 2 миллион доллардан асатын активтерін қамтымақ. Оның ішінде Ресейдің энергетика компанияларының мүлкі мен Ресей билігімен әріптестік арқасында алынған активтер де бар.
Тәркіленген актив сатылып, түскен ақша Украина инфрақұрылымын қалыпқа келтіруге, гуманитарлық және әскери көмекке, өзге елдерде жүрген украиналық босқындарды қолдауға жұмсалуы мүмкін.
Молдованың Приднестровье аймағының сепаратистері Украинамен шекарада атыс болғанын хабарлады
Украинамен шектесетін Молдованың жікшіл Приднестровье аймағының "билігі" 27 сәуірде Украина жақтан дрондар ұшырылып, ресейлік оқ-дәрі қоймасы орналасқан елді мекен маңында атыс болғанын мәлімдеді.
"Өткен түні Кобасна елді мекенінде бірнеше дронның ұшып жүргені байқалды. Украина жақтан келген дрондар Приднестровье аумағына ұшырылды" деп жазылған өзін Приднестровьенің "ішкі істер министрлігі" деп жариялап алған мекеме сайтында.
Мәскеу қолдайтын Приднестровье аймағының "билігі" кейінгі бірнеше күнде "телемұнарада жарылыс болғанын", "сепаратистік әскери бөлімге шабуыл жасалып", "мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінде" жарылыс болғанын мәлімдеген. Приднестровье "билігі" оқиғаларды "лаңкестік шабуыл" деп атады. Кремль жағдайға "алаңдаушылық білдірді".
Бұған дейін Ресей билігі Украинадағы "арнайы операцияның тағы бір мақсаты" – Украина оңтүстігіне бақылау орнату, себебі бұл Ресейге "зәбір шеккен орыс тілді халық тұратын" Приднестровьемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылар Приднестровье мен Ресей билігінің осы мәлімдемелері арасында тіке байланыс бар деп санайды.
ПІКІРЛЕР