Accessibility links

"Азовсталь" комбинаты.
"Азовсталь" комбинаты.

Украинадағы соғыста 25 сәуір - 1 мамырда не болды?

Путин "Батыс Украинадағы жағдайға араласса тез жауап береміз" деп сес көрсетті

Путин 27 сәуірде өткен Заң шығарушы кеңестің жиынында "Батыс Украинадағы жағдайға араласса көзілеспес жымлдамдықпен жауап береміз" деді.

"Егер кімде-кім жағдайға сырттан араласып, Ресейге стратегиялық қауіп төндірсе, біз көз ілеспен жылдамдықпен әрі тез арада жауап береміз. Бізде басқаларда жоқ құралдар бар. Ал біз олармен мақтанбаймыз, біз оларды қажет болса қолданамыз" деді Путин.

Путин Украинада болып жатқан қақтығысқа қатысты "біздің офицерлер өз парыздарын батыл түрде орындап жатыр, барлық мақсатқа қол жетеді" деді.

Путиннің бұйрығымен Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірген. Кремль бұл әрекетін "арнайы операция" деп атайды. "Соғыс" сөзін қолданғандарды қудалап, қылмыстық іс қозғап жатыр.

Батыс сарапшылары Ресей Украинадағы соғыста көп әскери шығынға ұшырады деп есептейді. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің есебінше, соғыста Ресейдің 15 мың әскері қаза болған. Соғыстың алғашқы апталарында Ресей Киевті басып алуға тырысқанымен, бұл әрекеттері сәтсіз болып, қазір Кремльдің әскери күші Донбасс аймағын алуға тырысып жатыр. Ұлыбритания барлаушыларының дерегінше, Ресей Украинаның шығысында да айтарлықтай жетістікке жете алмай жатыр.

Соғыс басталғанда АҚШ пен НАТО Украинаға әскер кіргізуден бас тартқан. АҚШ президенті Байден "Украинаға әскер кіргізсек, үшінші дүниежүзілік соғыс басталады" деп мәлімдеген. АҚШ, НАТО және Еуропа елдері Украинаға қару-жарақ жағынан көмек көрсетіп жатыр.

27 сәуір. Украинадағы соғыста не болды? Негізгі оқиғалар

  • "Суспільне" сайтының жазуынша, Херсон қаласында ресейлік әскерилер оккупацияға қарсы шыққан херсондықтарды күшпен таратқан. Ресей әскерилері шулы гранаталар мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Облыстық жедел жәрдем орталығының хабарлауынша, екі адам жараланған.
  • Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляктың сөзінше, Түркияның жұмысына қарамастан Ресей президенті Путин мен Украина президенті Зеленскийдің кездесуі бойынша келісім жоқ.
  • Мариуполь қаласы әкімінің орынбасары Петро Андрюшенко Ресей әскерилері "Азовсталь" комбинатына әлі шабуыл жасап жатқанын, "Азовстальдан" бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашу бойынша да келісім жоғын айтты.
  • G20 саммитіне төрағалық ететін Индонезияның президенті Джоко Видодо Украина президенті Владимир Зеленскийді жыл соңында G20 саммитіне шақырды. Зеленскийді жиынға шақыруды Батыс елдері сұраған. Бұған қоса, Видодо жиынға Ресей президенті Путинді шақыратынын да айтқан.
  • "Газпром" Ресей рублімен төлеуден бас тартқан Польша мен Болгарияға 27 сәуірден бастап газ бермейтінін мәлімдеді.
  • БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Путин Украинамен келіссөзге Бучадағы жағдай кедергі келтіргенін айтқан. Мәскеу Украинаның Буча қаласындағы қырғынды Ресей әскері жасады дегенді мойындамайды.
  • Ресей-Украина соғысы Украина аумағынан асып кетуі ықтимал. Молдованың жікшіл аймағы Приднестровьеде екінші күн қатарынан жарылыстар болды. Сейсенбі, 26 сәуір күні Ресей радиосы мен телеарналарын тарататын мұнара жарылды. Аймақ тұрғындары Украина мен Молдоваға кетуге талпынып жатыр.

Еуроодақ Украинаны баж салығынан босатады

Еуропа комиссиясы Украинаның Еуроодақ аумағына жіберетін өнімін уақытша баж салығынан босатуды мақұлдады.

"Бұл шаралар сауданы күшейтіп, Украина экономикасының жұмыс істеп тұруына ықпал етеді. Бұл – соғыста жеңіске жетіп, одан кейін қалыпқа келу үшін ауадай қажет. Бұл – Еуроодақтың осындай ауыр жағдайға тап болған Украинаға көмектесу ниетінің берік екенін көрсетеді" деп жазды Еурокомиссия басшысының орынбасары Валдис Домбровскис.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шешімнің егжей-тегжейін Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен талқылағанын айтып, Украинаның Еуропадағы серіктеріне алғыс білдірді.

Енді Еурокомиссияның шешімін Еуроодаққа мүше 27 елдің үкіметтері мақұлдауы керек.

Ұлыбритания барлау қызметінің таңғы топтамасы:

  • Қазір Қара теңізде Ресейдің 20 шақты кемесі тұр. Оның ішінде сүңгуір кемелері де бар.
  • Түркия Босфор бұғазынан өзге елдердің әскери кемелерін өткізбейтін болды. Бұл шектеу барда Ресей Қара теңізде суға кеткен "Москва" крейсерін алмастыра алмайды.
  • Ресей қара теңізде "Саратов" және "Москва" дейтін әскери кемелерінен айырылғанымен оның теңіз әскері Украинаны әлі де шабуылдай алады

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG