АҚШ қаржы министрлігі Ресейге мемлекеттік қарызын Батыстағы бұғатталған қаражаты есебінен төлеуге тыйым салды. Бұл туралы 5 сәуір күні Reuters агенттігі хабарлады.
Дүйсенбі, 4 сәуір күні Ресейдің облигация бойынша жалпы сомасы 636 миллион доллар қарызын өтейтін уақыты аяқталды. Вашингтон тыйымына дейін Мәскеу қарызды Батыс елдерінде бұғатталған есеп-шоттары арқылы төлей алатын. Енді Ресей қарызын ішкі резервінен төлейтін болды.
"Ресей не құнды доллар резервін жұмсайды, не дефолтқа тап болады" деді АҚШ қаржы министрлігінің өкілі. Оның сөзінше, қарызды резервтен төлеу әскер мен өзге саланы қаржыландыруды шектеуі ықтимал.
Владимир Зеленский журналистермен кездескенінде Украинада Ресей сарбаздарының бейбіт украиндарды азаптағаны жөнінде қылмыстық іс ашқанын мәлімдеді.
"Азаматтарымызды азаптаған осы қылмыскерлер жөнінде қозғалған ішкі ісіміз бар. Ақпарат жинауды бастап жатырмыз, ол адамдарды іздейміз. Бұл қылмыскерлерді қалай да тапқысы келетіндер бар. Егер бұл істе бізге халықаралық заңнама көмектеспесе, мұны Украина заңы істейді" деді ол.
"Буча – Мәскеу" акциясы
"Холод" интернет журналы Мәскеу орталығында "Буча – Мәскеу" арт-акциясының өткенін хабарлады. Акция қатысушысы екі қолын артқа қайыра байлап, басына қара қап киіп жерде ет бетімен жатқан. Басылым қала орталығының бірнеше жерінен түсірілген суреттерді жариялады. Суреттерге қарағанда бәрінде бір адам.
Сәуір басында Украина әскері бір ай бойы Ресей бақылауында болған Буча қаласына кіргенде көшеде дәл осылай жатқан мәйіттердің суреттері тарады. Көшелерден бөлек есігінің алдында, үй ішінде жатқан мәйіттер де көп. Бауырластар зираттары да бар. Украина билігі мәйіт төрт жүзден асатынын мәлімдеп, бейбіт азаматтарды өлтірген Ресей сарбаздары деп отыр. Мәскеу мұны теріске шығарып, "бұл Украинаның арандатуы, мұның бәрі фейк, қойылым" деп отыр. Бірақ оқиға орнында халықаралық БАҚ журналистері де жүр, қала көшелерінде ондаған мәйіттің жатқанын олар да айтып отыр. Ал кеше, 4 сәуір күні New York Times басылымы Maxar Technologies компаниясының спутниктен түсірілген суреттерін талдап, Бучадағы бейбіт азаматтардың мәйіттері үш аптадан астам уақыт сол күйі жатқанын анықтады. Бұл кезде қала Ресей әскерінің қолында болған.
Ресей білім министрлігі мектептерге Украинадағы соғыс тұсында ашық сабақ өткізуге арналған жаңа нұсқау берді. Бұл жолы мұғалімдер орта және жоғарғы сынып оқушыларына санкциялар кезінде импортты отандық өніммен алмастырудың пайдасы жөнінде айтуы тиіс. Бұл туралы елдің бірнеше аймағындағы мұғалімдерге сілтей отырып "Коммерсант" басылымы хабарлады.
"Ресейге қарсы санкциялар мен олардың отандық экономикаға әсері" деген тақырыптағы сабақтар қоғамтану курсы аясында өтуі керек. Мәскеу түбіндегі мектептердің бірінде жұмыс істейтін мұғалім басылымға сабақтың әдістемесін жолдаған.
Ресей білім министрлігі мектептерге осындай нұсқау бергенін растады, оқу материалын Білімді дамыту стратегиясы институты әзірлегенін айтты.
ПІКІРЛЕР