Франция Украинадағы азаматтарына қарсы жасалған "соғыс қылмыстары" жөнінде 3 іс ашты
Сейсенбі, 5 сәуір күні Францияның антитерроризм жөніндегі прокуратурасы Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде Франция азаматтарына қарсы жасалған қылмыстар жөнінде үш іс ашқанын хабарлады.
Қылмыстық істер Мариуполь, Гостомель және Чернигов қалаларында болған оқиғаларды қамтиды деді прокуратура.
16 наурыз күні осы прокуратура Fox News телеарнасының операторы Пьер Закржевскийдің өлімі бойынша іс қозғаған. Оператор соғыстан хабар таратып жүргенде оққа ұшқан.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропарламент басшысы Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізу үшін Киевке барады. Осыдан кейін олар Варшаваға барып, Украинаны қолдауға арналған концертке қатысады. Бұл туралы Еурокомиссия баспасөз хатшысы Эрик Мамер хабарлады.
Еуропа елдері Ресей дипломаттарын еліне қайтаруды үдетті
Италия сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақыртып алып, Ресейдің 30 дипломатын қайтаратынын мәлімдеген.
Дания сыртқы істер министрлігі де Ресейдің бір топ дипломатын қайтармақ. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шара 15 адамды қамтымақ.
Дүйсенбі, 4 сәуір күні Германия мен Франция Ресейдің бір топ дипломатын қайтаратынын айтқан. Сол күні Литва Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасы деңгейін бір сатыға төмендетіп, Мәскеуді елшісін кері шақырды, Ресейдің Вильнюстегі елшісінен елден кетуді сұрады.
Буча қырғынынан кейін Еуропа одағы Ресейге жаңа санкция салуға дайындалып жатыр
Буча қаласындағы бейбіт адамдар қырғыны туралы хабарлардан кейін Еуропа одағы Ресейге санкцияны үстей түсуге дайындалып жатыр. Еуропа кеңесі Буча қырғынына жауапкершілікті Ресейге жүктесе, Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа одағын Ресей газы мен көмірін сатып алуды толық тоқтатуға шақырды.
Еуропа одағының жоғары саяси органы Еуропа кеңесінің мәлімдемесінде Украинаның Ресей әскері басып алған жеріндегі жаппай қырғын Еуропа тарихында мәңгі қалатыны айтылған. Мәтінде "Ресей бұл қылмысы үшін жауап береді" деп көрсетілген.
Мәскеу өзін кінәлі сезінбейді, Буча қырғынын Украина билігін арадандату үшін әдейі жасаған деп санайды. Жексенбі күні Мәскеу Бучадағы жағдайды талқылау үшін Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысын өткізуді сұраған болатын. Алайда оған кеңес төрағасы Ұлыбритания вето қойған.
Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Бас тергеу басқармасына Бучадағы бейбіт адамдар өлімі туралы хабарларды сараптап, ол туралы тараған ақпараттардың Қылмыстық кодекстің "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" туралы бабына қаншалықты сай келетінін тексеруді тапсырған. Ресей әскері Укрианаға басып кіргеннен кейін Мемлекеттік дума Ресей Қылмыстық кодексіне шұғыл түрде осындай бап енгізген болатын.
ПІКІРЛЕР