Украина президенті Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйледі. Не айтты? Қысқа-нұсқа шолып шығайық:
- БҰҰ әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ете алмады. Қауіпсіздік кеңесіндегі вето адам өлтіруге мүмкіндік бермес үшін БҰҰ тез арада реформа жасау керек (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы соғысты айыптайтын қарарына Ресей вето жариялаған еді).
- БҰҰ әлемге бейбітшілік орната алмаса тарау керек шығар. Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Киевте халықыралық конференция ұйымдастыруды ұсынамын.
- Ресейліктердің Бучада жасамаған қылмысы қалмаған. Олар бүкіл бір отбасыны балаларымен өлтіріп, адамдарды өртемек болған.
- Ресей не айтатынын білесіздер. Олар Донбасста "Боингты" атып түсіргенде де (Малайзия әуе компаниясының Донбасста құлаған жолаушылар ұшағын айтып тұр - Ред.), Сирияда да солай деген. Олар болған жайт жайлы түрлі нәрсе айтып, қолдан ұйымдастырылған кадрлар туралы айтқан.
- Ресей билігі ежелгі колонизаторлар сияқты. Олар украиналықтарды құлға айналдырғысы келеді. Мұны жазасыз қалдырмау керек.
- Ресейдің әрекетінен Азия мен Африкадағы аштыққа ұшырап, көп елдің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
5 сәуірдегі негізгі оқиғалар қысқа-нұсқа:
- Чехия Украинаға Т-72 танкісі мен бронемашиналар жіберді.
- Еуропа елдері ресейлік дипломаттарын қайтаруды жалғастырып жатыр. Эстония Ресейдің Нарведегі Ресей консулдығы мен Тартудағы консулдық бөлімін жауып, 14 қызметкерді кері қайтарды. Италия - 30, Испания - 25, Дания - 15, Швеция үш дипломатты Ресейге жіберді.
- Кремль мен Ресей әскерилері Бучадағы қырғынды тағы да жоққа шығаруға тырысты. Ал Украина барлаушылары Бучада болған ресейлік әскерилер Украинаның басқа аймағындағы қақтығысқа араласпақ деді.
- Ресей цензураны күшейтіп жатыр. Роскомнадзор "Википедиядан" соғыс туралы мақалаларды жоюды талап етіп жатыр.
- БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар қазіргі айтылған статистикалардан әлдеқайда көп деп мәлімдеді.
- Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келмек.
НАТО бас хатшысы: Ресей жаңа шабуылға дайындалып жатыр
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей Украинаны оккупациялау жоспарынан бас тартпағанын, қазір Украинаның шығысы мен оңтүстігіне шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтты.
"Алдағы аптада Ресей әскері Украинаның шығысы мен оңтүстік бөлігіне ойысып, бүкіл Донбассты алуға талпынады. Осы арқылы аннексиялаған Қырымға барар жол ашпақ. Сондықтан соғыс негізгі фазасына енді" деді ол.
Йенс Столтенберг Ресей әскерилері Бучадан басқа қалаларда да қатыгездік жасауы мүмкін деп болжайды.
"Ресей әскерилері белгілі бір аймақтардан шегініп, Украина әскерилері ол аймаққа қайта бақылау орнатса, сол елдімекендерден де адамдар жаппай жерленген жерлер, әскери қылмыстар, қатыгез әрекеттер дәлелдейтін фактілер шыға ма деп қауіптенемін" деді ол.
НАТО бас хатшысы альянс Украинаға қолдау көрсете береді деп мәлімдеді.
СІМ: Қазақстан "ДХР" мен "ЛХР-дың" тәуелсіздігін мойындамайды
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үкімет отырысынан кейін Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды қолдамайтынын айтты. "Қазіргі уақытта Луганск халық республикасын және Донецк [халық] республикасын қолдамаймыз" деді ол.
Тілеуберді Батыс елдері салған санкциялар Ресейге бағытталғанын және "Қазақстанның бұл санкцияларға қосылмайтынын" айтты. "Бұл санкциялар экономикалық дамуымызға кері әсер етпеуі керек және біздің жеріміз бұл санкцияларды айналып өту мақсатына пайдаланылмауы керек, біз үшін сол маңызды" деді Қазақстанның сыртқы істер министрі.
Ресей әскерін Украинадан шығаруды талап ететін БҰҰ Бас ассамблеясының екі қарары бойынша дауыс бергенде Қазақстан неге қалыс қалды деген сұраққа жауап берген Тілеуберді: "Қалыс қалу да – ұстаным" деді. Оның айтуынша, бұл ұстаным "ұлттық мүддені ескере отырып қалыптасқан".
Толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.
ПІКІРЛЕР