Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Ресей дипломаттарын енді Хорватия да қайтармақ

Бұл туралы сәрсенбі, 6 сәуір күні Брюссельде Хорватия сыртқы істер министрі Гордан Грлич-Радман мәлімдеді. Ол Бельгия астанасында НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің жиынына қатысқан.

"Біз мұны ынтымақтастық үшін, сондай-ақ Бучадағы және Украинаның өзге де облыстарындағы жантүршігерлік көріністерге жауап ретінде жүзеге асырамыз" деді Гордан Грлич-Радман.

Осыған дейін Ресей дипломаттарын қайтаратынын Еуроодаққа мүше 13 ел мәлімдеді. Еуропада барлығы 300 ресейлік дипломатты еліне қайтарады.

Ресейдің "Ұлттық медиа тобы" сайтынан Путиннің "көңілдесі "Алина Кабаева жайлы ақпаратты алып тастаған

Владимир Путин және Алина Кабаева. Архивтен алынған сурет.
Владимир Путин және Алина Кабаева. Архивтен алынған сурет.

Құрамына "Первый канал", "5 канал", РЕН ТВ және СТС арналары кіретін Ресей "Ұлттық медиа тобы" холдингінің сайтынан директорлар кеңесінің төрайымы Алина Кабаева жайлы ақпарат жоғалды. Жақында оппозиядағы саясаткер Алексей Навальный бұл холдингке санкция салуға шақырған. Бұл жөнінде "Агентство" басылымы жазды.

Бірнеше күн бұрын ҰМТ сайтының директорлар кеңесі бөлімінде Кабаеваның үлкен суреті бар парақша болған. Қазір бұл парақша жоқ.

Түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный бұған дейін Батысты Ресей мемлекеттік арналары мен басшыларына, оның ішінде "Владимир Путиннің көңілдесі" деп айтылатын Алина Кабаеваға да санкция салуға үндеген еді.

2019 жылы Батыстың бірнеше басылымы көркем гимнастика бойынша Олимпиада чемпионы Алина Кабаеваның балаларының әкесі Ресей президенті Владимир Путин болуы мүмкін екенін жазған. Кремль ол ақпаратқа түсініктеме бермеді. Алайда 2019 жылы 23 мамырда Кабаева босанғаннан кейін бірнеше апта өткен соң Путин акушер-гинеколог Лейла Адамянді "Отан алдындағы қызметі үшін" екінші дәрежелі орденімен марапаттаған. БАҚ-тың жазуынша, Кабаеваны Адамян босандырған. Одан бөлек, акушер-гинеколог пен оның қызы Мәскеу орталығынан құны миллиард рубльден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған және саудаласу мерзімі бұрынғы гимнасттың аяғы ауыр кезі мен босанған сәтімен сәйкес келеді.

Оған дейін Кабаева Путиннің айналасындағы адамдарға тиесілі "Ұлттық медиа тобының" директорлар кеңесінің құрамына енген. Кабаева холдингтенбір жылда 785 миллион 400 мың рубль ақша алған.

Украинадағы соғысты қолдаған Жириновский қайтыс болды

Ресей либерал демократиялық партиясының жетекшісі, ультраұлтшыл саясаткер Владимир Жириновский 75 жасында қайтыс болды. Бұл жөнінде мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин хабарлады. Ақпан айының басында Жириновскийдің коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түскені белгілі болған.

"Владимир Вольфович Жириновский ауыр әрі созылмалы аурудан қайтыс болды" деп жазды мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин телеграм-арнасында.

Жириновский - Украинаға соғыс ашуды қолдағандардың бірі. Былтыр желтоқсанда ол "Украинаға 1 қаңтар күні басып кірейік" деген еді.

Жириновскийдің жағдайы ауыр екені, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғаны жайлы ақпанның басында айтыла бастаған.

Жириновский ЛДПР-ды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Ол кезде партия Совет одағының либерал-демократиялық партиясы деп аталған. Ресей президенті сайлауына алты рет қатысқан, 2004 жылы ғана сырт қалған, Мемлекеттік думаның сегіз шақырылымына да сайланған.

Жириновский әр жылдары түрлі мәлімдемелері арқылы Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіріп, Қазақстанды Ресейге қосып алу жөнінде үндеу жасаған. Осыған байланысты Қазақстан оны персона нон-грата деп жариялап, Қазақстанға кіруіне тыйым салған. Алайда Жириновский одан кейін де Қазақстанға бірнеше рет келген.

Гостомельде 400 адам із-түссіз жоғалғаны айтылды

Украинаның Гостомель қаласының мэрі Тарас Думенко қалада 400 адам із-түссіз жоғалып кеткенін айтты.

"Гостомельде оқ тиіп мерт болған бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылды, бірақ көп емес. Бұған қоса, біздің аймақтың бірнеше тұрғынының мәйітін Бучадан таптық. Бізде бар расталған деректерге сай, Глебовка тұрғындары Гостомельге келіп, кейін олармен байланыс үзілген" дейді Думенко.

Мэрдің сөзінше, іс-түссіз жоғалған кейбір адамдар оққа ұшуы мүмкін, бірақ олардың мәйіті әлі табылмаған. Думенко "ресейлік әскерилер Бучамен салыстырғанда Гостомельдегі істерін жасырып кетуге тырысқан" деп санайды.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG