Буча қырғынының себебін халықаралық дәрежеде зерттеу қажет. 7 сәуірде Қазақстан сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді.
– Бучадағы жағдай – трагедия. Бейбіт адамдар қаза болды. Қалай, неге болды? Әрине, оны халықаралық ұйымдардың қатысуымен, басқа мемлекеттердің қатысуымен (батыс мемлекеттері бар – М.Ә.) [бірігіп] анықтаған [дұрыс]. Украина халқының да тосып отырғаны, әлемдік қауымдастықтың тосып отырғаны осындай қадамдар. Сол себепті бұл жерде эмоцияға салынбай, айыптар тақпай, БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстарын жүргізген орынды болады деп есептеймін, – деді Азаттықтың сұрағына жауап берген сенат спикері.
Бұған дейін кейбір халықаралық басылымдар спутниктен түсірілген суреттерге сүйене отырып, қырғынға Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп болжам жасаған. Бұл жөнінде сұраққа сенат спикері "кім қырғанын анықтау үшін БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс" деді.
Луганск облысында жергілікті тұрғындар жаппай аймақтан кетіп жатыр
Ресейліктер бұл аймаққа шабуылды үдетпек деген хабар шыққан тұста Донецк және Лугнаск облыстарының басшылары, уақытша оккупация жасалған аумақтарды реинтеграция жасау министрі Ирина Верещук тұрғындарды аймақтан кетуге шақырған.
6 сәуірде ғана Донбасстан пойызбен 14 мыңнан аса адам кеткен.
Украина қарулы күштері бас штабы Ресей Донецк пен Луганск облысына шабуылдауға дайындалып жатыр деп мәлімдеді. Осыдан соң Донбасстан бейбіт тұрғындарды жаппай эвакуациялау бастады.
Пентагон: Ресей әскерилері Киев пен Чернигов облыстарынан шықты
Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирби журналистерге "Ресей әскерилері Киев және Чернигов облыстарынан толық шықты" деп хабарлады.
"Киев пен Чернигов облыстарында ресейлік әскерилердің қозғалысы байқалмайды" деді ол.
Ресей 24 ақпанда Украинаға үш флангтан басып кірген еді. Бірақ кейінгі уақытта Мәскеу күшін Донбасс пен Луганск аймағына жіберіп жатыр. Сарапшылар Путин Киевті ала алмағанын түсінген соң Донбасс аймағына күш салмақ дейді.
AFP ақпарат агенттігі Пентагондағы дереккөзіне сілтеп, Ресей Украинадан 24 мың әскериін шығарғанын, бірақ Украинаға кірген 130 батальонның 80-нен астамы әлі шықпағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР