Украина билігі: Краматорск вокзалындағы шабуылда қаза тапқандар саны 39 адамға жетті
Жұма, 8 сәуір күні Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласының вокзалына екі зымыран түсіп, кемі 39 адам қаза тапты, 87 адам жарақат алды. Бұл туралы Украина билігі мәлімдеді. Киев шабуылды Ресей күштері жасады дейді, Кремль оны жоққа шығарып отыр.
Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, шабуыл кезінде вокзалда мыңдаған бейбіт азамат болған. Жарақат алғандардың халі нашар деді ол.
"Олар үрей тудырып, қорқыныш ұялатқысы келді. Олар мейлінше көп бейбіт азаматты қамтығысы келді" деді Кириленко.
РИА ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей қорғаныс министрлігі вокзалға түскен зымыранды тек Украина күштері пайдаланады, Ресей Краматорскіге шабуыл жасаған жоқ деп айтқан.
Украина президенті Владимир Зеленский вокзалға түскен зымыранның "Точка-У" екенін айтқан. Мұндай зымыран Украина күштерінде де бар. Бірақ 6 наурыз күні Conflic Intelligence Team зерттеу тобы "Точка У" зымырандарын қолдануға көшкенін жазған.
Қаржы агенттігі: Қазақстан банктерінен Ресей мен Беларусьтің 12 мың азаматы есепшот ашты
2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей мен Беларусьтің 12 мыңға жуық азаматы қазақстандық банктерден есепшот ашқан. Бұл жөнінде 8 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
"2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 есепшот ашылған. Оның ішінде 10 725 есепшотты ашу кезінде өтініш берушінің өзі немесе сенім білдірген өкілі болған. 1215 есепшот қашықтан рәсімделген. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан банктерінде есепшоты бар азаматтар 162 мыңға жетті" деп жазылған агенттік хабарламасында.
Ведомство ақпанның соңынан бері жеті ресейлік компанияға есепшот ашылғанын, қазақстандық банктерде барлығы 805 ресейлік ұйымның есепшоты барын алға тартады.
Агенттіктің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде шетел азаматтары мен компанияларына банк есепшотын ашу мен жүргізу тәртібі "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормалары, сонымен бірге Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеу талаптарымен реттелген". Оған сәйкес есепшот ашуға өтінішті офлайн режимінде, онлайн да беруге болады.
Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге салынған санкцияның салдарынан Visa, MasterCard және өзге де халықаралық төлем жүйелерін қолдану мүмкіндігінен айырылған Ресей азаматтарының көрші елдерден, оның ішінде Қазақстан банктерінен жаппай есепшот аша бастағаны жөнінде ақпарат тараған.
Сәуір айының басында Forbes.kz сайты Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге халықаралық санкцияға ілінген азаматтарға төлем карталарын рәсімдеудің қаупі жөнінде ескерткенін жазған. Ақпаратқа қарағанда, Ұлттық банк Қазақстан азаматы емес адамдарға карта рәсімдемес бұрын мәселені халықаралық төлем жүйелерінің өкілдерімен талқылап алу қажеттігін алға тартқан. Кейін Ұлттық банк ескерткенін растап, алайда ешқандай шектеу қоймағанын айтқан.
Жапония Ресей көмірінен бас тартатынын мәлімдеді
Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жұма, 8 сәуір күні Украинадағы соғысы үшін Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады. Оның ішінде Ресей көмірін импорттауға тыйым салу да бар.
"Біз Ресей көміріне тыйым саламыз. Біз балама көздерді қарастырып, импортты біртіндеп азайтамыз, Ресей энергетикасына тәуелдігімізді азайтамыз" деді Кишида баспасөз мәслихатында.
Мұның алдында ғана Жапония сыртқы істер министрлігі Ресейдің бірқатар дипломатын еліне қайтаратынын мәлімдеген.
Песков Ресей әскерінің Украинада едәуір шығынға ұшырағанын мойындады
Ресей Украина аумағындағы әскери қимылдар кезінде едәуір шығынға ұшырады. Британдық Sky News арнасына берген сұхбатында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді. Дегенмен Кремль өкілі Ресей нақты қанша солдатынан айырылғанын айтпады.
Украина төңірегіндегі жағдайға тоқталған Песков аталған ел 2014 жылғы Майданнан кейін өзгергенін атап өтті. Кремль өкілі Майданды "заңсыз төңкеріс" деп атады.
Песковтың сөзіне қарағанда, сол оқиғалардан кейін Украина "антиресейшіл" мемлекетке айналған. "Ол жақта болып жатқан нәрселердің барлығы Ресейге қарсы бағытталған" деді ол.
"Адам шығынын есепке алғанда Ресейдің Украинадағы соғыстан "көңілі қалды ма?" деген сұраққа Песков журналистің болып жатқан оқиғаларды дұрыс түсінбейтінін жеткізді.
Песков сонымен бірге Украина аумағындағы "арнайы операция" алдағы уақытта діттеген мақсатына жетіп аяқталады немесе келіссөзбен бітетін шығар деп үміттенетінін жеткізді.
ПІКІРЛЕР