Украина қарулы күштері бас штабы Ресей Донецк пен Луганск облысына шабуылдауға дайындалып жатыр деп мәлімдеді. Осыдан соң Донбасстан бейбіт тұрғындарды жаппай эвакуациялау бастады.
Луганск облысында жергілікті тұрғындар жаппай аймақтан кетіп жатыр
Ресейліктер бұл аймаққа шабуылды үдетпек деген хабар шыққан тұста Донецк және Лугнаск облыстарының басшылары, уақытша оккупация жасалған аумақтарды реинтеграция жасау министрі Ирина Верещук тұрғындарды аймақтан кетуге шақырған.
6 сәуірде ғана Донбасстан пойызбен 14 мыңнан аса адам кеткен.
Буча қырғынының себебін халықаралық дәрежеде зерттеу қажет. 7 сәуірде Қазақстан сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді.
– Бучадағы жағдай – трагедия. Бейбіт адамдар қаза болды. Қалай, неге болды? Әрине, оны халықаралық ұйымдардың қатысуымен, басқа мемлекеттердің қатысуымен (батыс мемлекеттері бар – М.Ә.) [бірігіп] анықтаған [дұрыс]. Украина халқының да тосып отырғаны, әлемдік қауымдастықтың тосып отырғаны осындай қадамдар. Сол себепті бұл жерде эмоцияға салынбай, айыптар тақпай, БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстарын жүргізген орынды болады деп есептеймін, – деді Азаттықтың сұрағына жауап берген сенат спикері.
Бұған дейін кейбір халықаралық басылымдар спутниктен түсірілген суреттерге сүйене отырып, қырғынға Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп болжам жасаған. Бұл жөнінде сұраққа сенат спикері "кім қырғанын анықтау үшін БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс" деді.
Буча қаласында қаза болған әйелдің тырнағындағы маникюрінен таныған. 2 сәуірде Reuters агенттігі Бучада тырнағы қызыл лакпен боялған әйелдің мәйітін жариялаған еді.
Қаза тапқан әйел Буча қаласының 52 жастағы тұрғыны Ирина Филькина болып шықты. Оны Гостемельде тұратын визажист Анастасия Субачева танып, желідегі парағына жазды. Бұған қоса Субачева америкалық New York Times газетіне де сұхбат берген.
"Украина мен әлемге тарап кеткен бұл фотодағы әйел – менің клиентім" деп жазды ол.
Субачеваның сөзінше, Филькина жылу орталығында оператор болып жұмыс істеген.
Филькинаның өлімін журналистерге оның қызы Ольга Щирук те растады. Щирук соғыс басталған соң Бучадан кетіп үлгерген.
ПІКІРЛЕР