Михаил Саакашвили бүгін пәтеріне тінту жасалған соң ұсталған. Алайда жиналған жақтастары оны қауіпсіздік күштерінен арашалап алып қалды. Оны жақтаушылар бірнеше сағат бойы оны отырғызған көлікті қоршап тұрып алды. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданғанымен, жиналғандар тарқамады. Олар микроавтобустың дөңгелегін жарып, терезесін сындырып, ақыры Саакашвилиді көліктен суырып шығарды.
Осындай жолмен "азат етілген" Саакашвили жақтастарына алғыс білдіріп, халықты Киев орталығындағы Тәуелсіздік алаңына (Майдан Незалежности) жиналуға үндеді. Ол өз сөзінде "Украинаны Порошенко және оның қарақшыларынан тазарту процессін" бастауға шақырған.
- Мен қауіпсіздік қызметі көлігінде отырғанда олардың да Порошенко мен оның төңірегіндегілерді ұнатпайтынын байқадым. Әскер бізді жақтайды. Ештеңеден қорқудың керегі жоқ. Біз миллионбыз, біз күштіміз! - деген Майданда сөйлеген сөзінде саясаткер.
Ол сөз сөйлеп болған соң жақтастарымен бірге көше бойлап жүріп өткен. Оның төңірегіндегілер "Банду геть!", "Киев, вставай!", "Миша! Миша! Миша!"», "Импичмент!" деп ұрандап тұрған.
Киевтегі қарсылықтан трансляция:
Украина қауіпсіздік қызметі 5 желтоқсанда бас прокуратура айналысып жатқан қылмыстық іс бойынша Саакашвилидің пәтеріне тінту жүргізілгенін хабарлаған. "Тергеу жүргізіліп жатыр. Украина бас прокуратурасының тексеруіне орай қауіпсіздік қызметі қолдау көрсетіп жатыр" деген қауіпсіздік қызметінің өкілі Елена Гитлянская Азаттықтың Украин қызметіне.
Бірақ ол істің анық-қанығын хабарламаған. Алайда кейінірек қауіпсіздік қызметі Саакашвилидің "қылмыстық топ мүшелеріне ғимарат беріп паналатып және басқа да қолдау көрсетіп" билікке қарсы әрекет етіп жатыр деп жариялаған.
Украина бас прокуроры Юрий Луценко Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаила Саакашвили мен оның командасын Виктор Янукович кезіндегі олигарх Сергей Курченко қаржыландырғанын айтқан.
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украинада "Халықтық күштер рухы" оппозициялық қозғалысын басқарады. Биылғы жазда ол Украина азаматтығынан айрылды.
Оның жақтастары мен өзге де белсенділер 17 қазаннан бері Жоғарғы рада алдында шатыр тігіп қарсылық акциясын өткізіп жатыр. Олардың талаптарының бірі - "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заң қабылдау.
3 желтоқсанда Киевте бірнеше мың адам қатысқан "Импичмент үшін шеру" шарасы өтті. Осы митингіде Михаил Саакашвили өзі басқаратын қозғалыс басқа да ұйымдармен бірігіп, ел аймақтарында импичмент бойынша комитет құрып жатқанын, 10 желтоқсанда Киевте акция өткізетінін айтқан. Ол өз сөзінде белсенділердің президент әкімшілігі ғимаратын қоршап алуы да мүмкін екенін жоққа шығармады.
Әзірге Украина президенті мен оның әкімшілігі Саакашвилидің ұсталуына қатысты әрқандай бір түсінік берген жоқ.