Accessibility links

Ресей түрмесіндегі Савченкодан өзге украиналықтардың тағдыры белгісіз


Украиналық режиссер Олег Сенцов (сол жақта) мен Александр Кольченко Ресей сотында тұр.
Украиналық режиссер Олег Сенцов (сол жақта) мен Александр Кольченко Ресей сотында тұр.

Украиналық әскери ұшқыш Надя Савченко Ресей түрмесінен босатылып, Киевке оралды. Қаһарман қызды қарсы алып қуанып жатқанымен, украиналықтарды Ресей түрмесінде жатқан басқа отандастарының тағдыры да алаңдатады.

Жақтастары олардың бостандыққа шығуы күмәнді дейді. Кем дегенде 12 украиналық Ресей түрмесінде жатыр, оларға тағылған айыпты Украина мен басқа Батыс елдері және кейбір халықаралық құқық қорғау топтары негізсіз санайды.

Тұтқындардың ішінде ең танымалы – кинорежиссер Олег Сенцов, ресейлік прокурорлар оны 2014 жылдың наурызында, Ресей украиналық түбекті өзіне қосып алған соң бірнеше апта бойы ел ішіне іріткі салып, террорлық акт ұйымдастырды деп айыптап отыр.

Прокурорлар Сенцовпен бірге тағы бір белсенді Александр Кольченкоға қарсы іс қозғады, оларға қарсы басқа украиналық – Геннадий Афанасьев түсініктеме берді. Кейін Афанасьев өз түсініктемесінен бас тартып, аталған екеуге қарсы куәлік беру үшін өзін азаптағанын айтты.

Ресейдің оңтүстігіндегі Дондағы Ростов қаласында тамызда өткен сотта Сенцов пен Кольченконы 20 және 10 жылға соттады. Афанасьев жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Өткен айда Мәскеу бұл үшеуінің босатылу мүмкіндігін қарастырып жатқандарын айтты, Әділет министрлігі Федералдық түзеу қызметінен оларды Украинаға беру үшін құжаттарын әзірлеуді сұраған.

Дегенмен министрліктің айтуынша, оларға қатысты соңғы шешімді Ресей соттары шығарады. Мамырдың 25-і күні Савченконы қарсы алған украиналық президент Петр Порошенко Афанасьев пен тағы бір украиналық тұтқын Юрий Солошенко «жақында босатылады» деп мәлімдеді.

Жаңалық агенттіктерінің жазуынша, президент «Бұл тек бірінші қадам, енді Солошенко мен денсаулығы нашарлап кеткен Афанасьевті босатып аламыз» деген. Солошенконы Мәскеу соты тыңшылық жасағаны үшін айыпты деп таныған, Ресейдің негізгі қауіпсіздік агенттігі оны Ресей мен Украинада қолданылатын әуе шабуылдарынан қорғайтын зымыран жүйесіне қажетті құпия деректерді сатып алмақ болған деген айып тақты.

Порошенко кешегі мәлімдемесінде Сенцов пен Кольченконы атаған жоқ. Сенцовтың қорғаушысы Марк Фейгин Азаттық радиосының телефон қоңырауын көтермеді және жағдайға қатысты пікірін сұраған хабарламаға жауап бермеді.

Ақпан айында Фейгин Сенцовтың Сібірдегі Якутия түрмесіне ауыстырылғанын жазған еді. Фейгин мұндай шараны «Сенцовтың қайсарлығы үшін кек алу» деп сипаттаған болатын. Ол «Сенцовты Иркутск емес, одан ары Якутияға жіберді дейді. Бұл өш алу, бас имегені үшін кек қайтару екені анық» деп жазды.

Азаттық мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG