Accessibility links

Украинадағы соғыста иесіз қалған хайуандар қамқоршылары


Украин сарбазы итті құшақтап тұр. Украина, Пески селосы, 31 қаңтар 2015 жыл.
Украин сарбазы итті құшақтап тұр. Украина, Пески селосы, 31 қаңтар 2015 жыл.

Донбаста соғысып жатқан украин солдаттарына тамақ пен киім-кешек тасып жүрген белсенділер иесіз қалған үй жануарларын ала қайтады.

Донбаста соғысып жатқан украин сарбаздарына азық-түлік пен керек-жара тасып жүрген ерікті Алена Гаврюшинаның үйіндегі екі мысықтың бірін ұлтшылдардың «Правый сектор» ұйымының құрметіне «Правосек» деп, екіншісін Лениннің қарындасының құрметіне «Маняша» деп атаған.

Ерікті бұл екеуін күл-талқаны шыққан Донецк әуежайының дәл түбіндегі Пески селосынан алып келген. Алена Гаврюшина бұдан бұрын Днепропетровскідегі пәтеріне соғыс аймағынан жеті ит әкелген еді. Енді мысықтар да солардың қасынан пана тапты.

Алена Гаврюшина қақтығыс аймағында атыстан шошып, аштықтан бұратылып жүрген ит пен мысықтар көп ұшыраса берген соң оларды ала қайтуға бел буған.

– Оларға біздің көмегіміз керек. Жануарлардың бұған кінәсі жоқ. Өзіміздің де, олардың да бейнетіне кінәлі өзімізбіз. Біреу болмаса біреу жауапкершілікті алып, оларға көмектесу керек, – дейді Алена Гаврюшина.

«ИЕЛЕРІН КІНӘЛАМАУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»

Днепропетровск қаласының еріктілері қазірге дейін 30-ға тарта ит пен мысықты, тіпті бір тасбақаны құтқарған. Үйге үйретілген қосмекенді жануарды бос қалған бір үйден украин солдаты тауып алыпты. Қазір олардың барлығы жаңа иелерін тапқан.

Украин сарбазы итті құшақтап отыр. Горловка, 1 қазан 2014 жыл.
Украин сарбазы итті құшақтап отыр. Горловка, 1 қазан 2014 жыл.

Еріктілердің бірі Алена Тимошенко жақында соғыс аймағындағы ең «әйгілі» иттің бірі – лабрадор Ангелинаны үйіне алып келді. Пески селосындағы әскер қосынында тұрып жатқан бұл ит артиллериялық шабуыл болатынын алдын-ала ескертіп, көп адамды құтқарып қалған.

Еріктілер жануарларды құтқаруға көмектескен солдаттарға хайуандардың қоңданып, әл жинаған жаңа суреттерін жібереді.

Күйеуімен бірге қақтығыс аймағындағы солдаттарға азық-түлік пен керек-жарақ апарып жүрген Алена Тимошенко да қайтарда үй жануарларын ала келуге тырысады.

– Бұл оқиғадан балалар мен жануарлар ең көп зардап шегеді. Олар дүниенің неге табан астында алай-дүлей болып, өздерінің далада қалып қалғанын түсінбейді. Адамдардың неге ит пен мысықтарын ала кетпейтініне таңым бар. Олар көрпе-жастығын, дүние-мүлкін, тамақтарын алады да... иттерін тастап кетеді. Ит адамның досы емес пе? Бірақ сонда да адамдарды кінәламауға тырысамын. Олардың қандай жағдайда қашқанын білмейміз ғой, – дейді Алена Тимошенко.

Қираған үйдің алдында отырған мысық. Славянск, 9 шілде 2014 жыл.
Қираған үйдің алдында отырған мысық. Славянск, 9 шілде 2014 жыл.

Соңғы кездері Украинаның шығысында соғыс оты қайта өршіп, мыңдаған адам үйлерін тастап, өзге жаққа бас сауғалап кетті. Олардың біразы от пен оқтың арасынан өткен. Кейбірі ала кеткен хайуандарынан кейін бас тартқан. Босқын иелері әкеліп тастаған сондай бір итті «Фиделити» жануарларды қорғау ұйымының еріктісі Наталья Михайлова асырап алған.

– Қожайындары оны асырауға жағдайымыз келмейді деп бізге әкеліп тастады. Сол кезде ит аштықтан бұратылып өлгелі тұрған. Бізге келгелі біраз қоңданып қалды. Қазір сүп-сүйкімді ит болып шыға келді, – дейді Наталья Михайлова.

Қақаған аязда, оқ пен оттың ортасында мыңдаған үй жануары қалып қойған. Ал Правосек пен Маняша тыныш та жылы жерде жатыр.

– Мұнда алғаш әкелгенде мысықтардың қатты шошынғандары көрініп тұрды. Тамаққа тоймай, қомағайланып жей бертін. Бірақ қазір жаңа ортаға үйреніп кетті. Тіпті тамақты талғап іше бастады, – дейді Алена Гаврюшина.

Дейзи Синделар мен Юлия Рацибарскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG