Accessibility links

Ұлды жөн көретін Черногорияда селекциялық абортқа жиі жүгінеді. Қыз болудың жазығы не?


Черногорияда заң бойынша жүктіліктің 10-аптасына дейін аборт жасатуға рұқсат беріліп, нәрестенің жынысын анықтау тестіне шектеу қойылған.
Черногорияда заң бойынша жүктіліктің 10-аптасына дейін аборт жасатуға рұқсат беріліп, нәрестенің жынысын анықтау тестіне шектеу қойылған.

Черногорияның онсыз да аз халқы көбіне ұл тапқанды құп көреді. Елде құрсақтағы нәрестенің қыз екенін білгеннен кейін аборт жасату кең тараған. Билік мұнымен күресе алмаған сыңайлы.

Жуырда Черногория парламентінде қыздардың дүниеге келуінің күрт азайып кеткені қызу талқыланды. Жағдайды "шын айыптағандай" болған бір депутат жеме-жемге келгенде мұны медициналық "техниканың" амалсыз салдары және бүгін әлемнің болмысы деп атады.

Осыдан кейін ол аборт жасауды әр отбасы өзі шешетінін тұспалдады.

"Балаларының репродукциясына әсер етуге әр азамат құқылы" деді билік коалициясының мүшесі Драган Иванович парламенттегі әріптестеріне.

Нәрестенің жынысына бола аборт жасату демографиясы онсыз да ақсап тұрған, 623 мың халқы бар Черногорияда 2009 жылдан бері заңсыз саналады.

Драган Ивановичтің бұл сөздері әріптестерінің арасында шу шығармады. Коалициядағы депутаттардың көбі абортқа түбегейлі қарсы Серб православ шіркеуінің қолдауымен сайланған.

ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫЛАР НЕ ДЕДІ?

Әйелдер құқығын қорғаушылар Ивановичті қатты сөкті.

"Черногория әйелдер лоббиі" ұйымының атқарушы директоры Аида Петрович мұны "сұмдық жағдай" деп атап, депутат сөзін селекциялық абортты қолдауға теңеді.

Подгорицадағы "Әйелдер құқығы орталығы" үкіметтік емес ұйымы Иванович айтқан "отбасы құқығы" конституция мен дискриминацияға қарсы заңдарға қайшы келетінін айтты. Бұл ұйым селекциялық абортты тоқтату үшін заңды күшейтуді талап етіп келеді.

Қоғамның ашуын сезген басқа да саясаткерлер бұған қосыла кетті.

Оппозициялық "Социалистердің демократиялық партиясы" депутат сөзін әйелдерді "керексіз" көретін кертартпа үкіметтің белгісі деп атады.

Селекциялық абортқа қарсы науқанның постері.
Селекциялық абортқа қарсы науқанның постері.

Парламент төрағасы Алекса Бечич қоғамнан кешірім сұрап, құрсақтағы баланың нәрестенің жынысы қандай болса да, оның дүние есігін ашуға құқығы бар деді, осы құқықты құрметтеуге шақырды.

Парламенттегі гендерлік теңдік комитетінің жетекшісі Бозена Елусич (ханым) Ивановичті айыптап, нәрестенің жынысына бола аборт жасауды Черногория қоғамындағы "қатерлік ісі" деп атады.

25 мамырда Драган Иванович те кешірім сұрады. Ол мұндай аборқа қарсы екенін, тек "аңдамай" сөйлегенін айтты.

"Мен аналар мен жапа шеккендердің бәрінен кешірім сұраймын" деді ол.

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢСІЗДІК ПЕН ДИСКРИМИНАЦИЯ

Бұл оқиға Черногорияда сирек кездесетін бірліктің мысалы болды. 2006 жылы Сербиядан бөлінген ел әлі күнге дейін этникалық және ұлтшылдық шиеленісімен күресіп келеді. Дегенмен, бұл оқиға демограф, әлеуметтанушы және құқық қорғаушы топтардың гендерлік дискриминация мен теңсіздік проблемасына назар аударуы керегін көрсетеді.

"Өкінішке қарай, әріптесіміз Ивановичтің айтқаны – Черногорияның шындығы. Ол да мұны айыптайды. Оның соңғы ұстанымы бойынша, бала туғанға дейін немесе туғаннан кейін жынысына немесе басқа белгілеріне бола дискриминация жасауға мүлдем жол берілмеуі керек" деді парламенттегі гендерлік теңдік комитетінің мүшесі, Ивановичтің партияласы Даниэла Дюрович Азаттықтың Балқан қызметіне.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ПРОБЛЕМА

Қадағалануы қиын мұндай күрделі жағдайдың өзінде ресми статистика басқаны көрсетіп тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен сарапшылар қазір елде әр 100 әйелге 105 еркектен келетінін айтады.

Қыз бен бала табудың болжалды көрсеткіші мен шынайы нәтижесіндегі айырмашылыққа немесе дисбалансқа көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Бірақ әдетте бұл елде селекциялық аборт болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Мұндай жағдайда жүкті әйелдер эмбрионның аномалиясын анықтауға арналған технологияларды пайдалана отырып, баланың жынысын біледі. Содан кейін эмбрионның ұл немесе қыз екеніне қарай аборт туралы шешім қабылдайды.

Баланың жынысына бола аборт жасату немесе туғаннан кейін баланы тастап кету Қытай мен Үндістанда да кең тараған. Бұл елдердің қоғамы қыздан гөрі ұлға басымдық береді.

Жалпы алғанда, кейінгі он жылда Черногориядағы жағдай жақсарған. Дегенмен, бұл ел әлем бойынша ұл мен қыздың туу көрсеткішінде ең жоғары дисбаланс орнаған он мемлекеттің қатарына кіреді. 2020 жылы елдегі әр жаңа туған 100 қызға 108 ұлдан келген.

Коммунизм құлағаннан кейін баланың селекциялық аборт жасату көбейіп, бұған он жылдан астам уақыт бұрын тыйым салынды. Черногория баланың жынысын анықтау үшін жүктіліктің алғашқы айларында генетикалық тестерді пайдалануға да тыйым салған.

БҰҰ мен Еуропа сарапшылары Черногорияға жаңа туған қыз бен ұлдың арасындағы дисбаланстан ең көп зардап шеккен ел ретінде он жыл бұрын назар аударды. Бұл көрсеткіш көршілес Албанияда, Косовода және қазіргі Солтүстік Македонияның кей бөліктерінде де өте жоғары.

2012 жылы Еуропа кеңесінің адам құқықтары бойынша комиссары Черногория билігін селекциялық аборттың кең тарауын зерттеуге шақырды. Бірақ бұл өтініш елеусіз қалды.

Екі жылдан кейін Еуропа кеңесі бұл жағдайды "физикалық және психологиялық зорлық элементтері бар анық дискриминация" деп атап, мемлекет деңгейінде бұған тыйым салуға шақырды.

Черногорияда заң бойынша жүктіліктің 10-аптасына дейін аборт жасатуға рұқсат беріліп, нәрестенің жынысын анықтау тестіне шектеу қойылған.

Дегенмен, Черногория әйелдерінің Сербияға баратыны "ешкімге жасырын емес". Олар ұрықтың жынысын анықтау үшін мұндай тыйымдарды айналып өтудің басқа да амалдарын табады.

"ҰЛ – МҰРАГЕР, ҰРПАҚ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ"

Екі жыл бұрын жергілікті билік, Еуроодақ және БҰҰ ұлттық гендерлік теңдік индексін жасады. Онда Черногория 55 балл алды. Бұл Еуроодақ елдері бойынша орташа көрсеткіштен (67+ балл) төмен. Осылайша, Черногория Еуроодақтың дамыған елдерінің көбінен артта қалды.

Кейінгі кездері жүргізілген көптеген әлеуметтік, антропологиялық және этнографиялық зерттеу Черногория халқының әлі де селекциялық абортқа бейім екенін көрсетті.

Страдыня атындағы Рига университетінде әлеуметтік антропология бойынша сабақ беретін Диана Кищенко сәуірде Черногориядағы "ұлдарға басымдық беру және мұрагерлік тәжірибе" туралы этнографиялық зерттеуін жариялады.

Әйелдер құқығын қорғауға арналған шеру. Подгорица, Черногория. 8 наурыз 2018 жыл.
Әйелдер құқығын қорғауға арналған шеру. Подгорица, Черногория. 8 наурыз 2018 жыл.

Баяндамада авторлар Черногория мен осы өңірдегі гендерлік мәселелерді талқылау барысында жиі кездесетін патерналистік көзқарастан алшақ ұстауға тырысқан. Сонымен қатар олар бір жағынан материалдық және экономикалық, екінші жағынан әлеуметтік және мәдени ұстанымдар арасындағы күрделі байланысты да көрсеткен.

Олар гендерлік тәжірибеде туыстар мен мүліктер қатынасының да рөлі барын мойындады.

"Бұл – өте күрделі жағдай. Бұл [черногориялықтар ойлағандай] ұлдарды қарт ата-анасын бағатын, бизнес пен отбасының мүлкіне ие болатын, ұрпақ жалғастыратын адам ретінде қарайтын дәстүр ғана емес, сондай-ақ Черногориядағы әйелдер мен ерлердің күнделікті өмірінің көрінісі де" дейді Кищенко Азаттыққа.

Оның сөзінше, Черногориядағы жағдайды "статистика бойынша бағалау" қиын және эмпирикалық зерттеулер де жетіспейді.

Кищенко "баланың жынысына қатты мән беретін басқа елдермен салыстырғанда Черногориядағы дисбалансқа "баланың жынысын таңдаудың әсері елеусіз" деп ойлайды.

"ОН ЖЫЛДА ТӨРТ РЕТ АБОРТ ЖАСАТҚАН"

Кищенко өз зерттеуінде Подгорицада тұратын жас әйел туралы айтады. "Ивана" деген әйел арқылы ол Черногория әйелдері бетпе-бет келетін отбасындағы, еңбектегі және мүліктік кедергілерді көрсетеді.

Ивана кедей отбасында туған. Бірақ ата-анасы киім саудасымен айналысып, жағдайы тураланған, ел астанасында екі қабатты үй салған. Ивана әпкесі барына қарамастан, үнемі інісінің болғанын қалаған. Кейін ол әкесі мен оның туыстарының да анасына осыны айтатынын білген. Ақыр соңында оның ата-анасы дегеніне жетіп, ұлды болған.

Жылдар өткен соң Ивана мен әпкесіне анасы "үйдің ұлға берілетінін", олардың "баспаналы болуы үшін тұрмысқа шығуы керегін" айтқан.

Ивана мұнымен келіспейтінін, бірақ бұған "еті үйреніп кеткенін" жеткізді.

"Есейген соң ол анасының бала көтерген сайын Сербия астанасы Белградқа барып, эмбрионның жынысын анықтағанын, баланың қыз екенін білген сайын аборт жасата бергенін білген" деп жазады Кищенко.

Ивананың анасы он жылда төрт рет аборт жасатқан. Ол өткен күндеріне көз тастап, анасына іні керегін қайта-қайта айтқанын, ал анасының бұған үнемі бас шұлғығанын еске алады. "Елестетіп көріңізші?" дейді Ивана.

АБОРТ ЖАСАУДЫҢ БАСҚА ҚАНДАЙ СЕБЕПТЕРІ БАР?

Сан-Франциско университетінде сабақ беретін Дженнифер Зенович 2016 жылы Черногориядағы "гендерлік меншік" тақырыбында автоэтнография жазған. Ол Азаттыққа "ұрықтың қыз болғаны үшін аборт жасау эпидемиясының барына" күмәнданатынын айтты.

Зенович елдегі туу көрсеткішінің аз екенін, мұндай процедураның бағасын, мәдени сенімді, бала тууды реттеу тәжірибесі мен әйелдердің жұмыспен қамтылуын алға тартты.

"Меншік құқығы мен мұрагерлік Черногориядағы әйелдердің жүктілігі мен аборт жасауына әсер етеді дер едім. Бірақ, бұл жүктілікті үзудің жалғыз себебі дей алмаймын", дейді ол.

Зенович жүкті әйелдердің тәніне қатысты шешімді өзі қабылдауға "толық құқылы" екенін атап өтті.

Әйелдердің халықаралық күнінде Черногория парламентінде отырған әйелдер. 8 наурыз 2012 жыл.
Әйелдердің халықаралық күнінде Черногория парламентінде отырған әйелдер. 8 наурыз 2012 жыл.

"Жүктілікті үзу себептерінің мәдени дәстүрге байланысты екені сөзсіз, бірақ балалы болу немесе болмау туралы шешімді ақыр соңында жүкті әйел өзі қабылдайды. Ол өзі және тәні үшін ненің дұрыс екенін біледі" дейді Зенович.

Оның сөзінше, қоғамдағы гендерлік дисбаланс туралы ақпарат "мемлекет үшін ұлтшылдық сипатта үрей туғызып, жағдайды қайта жаңғыртуы мүмкін".

"ПРОГРЕСС БАЯУ ЖҮРІП ЖАТЫР"

Париж университетінің (IRD-Ceped) Халық саны және даму орталығының зерттеушісі және Балқан елдері мен бүкіл әлемдегі ұрықтың жынысына бола аборт жасату туралы көп жазған демограф Кристоф Гильмото Черногорияда проблема барына сенімді.

Ол Черногорияны селекциялық аборт жасатудың күш алғанын дәлелдеуге болатын, сөйте тұра зерттелмеген ел екенін айтады.

Селекциялық аборт ауқымының қандай екеніне қарамастан, туған балалардың жынысы жөніндегі арақатынас табиғи арақатынасқа жақындай түскен.

"КЕРЕКСІЗДЕР" МЕН ТЕРІС ПАТРИАРХАЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

2017 жылы Подгорицадағы "Әйелдер құқығы орталығы" қоғамды ақпараттандыру мақсатында "Керексіздер" деген кампания жүргізіп, үкіметті туу алды тестілерді пайдалануды шектеп, жынысына бола аборт жасауға тыйым салуға шақырды.

Ұйымдастырушылар "теріс патриархал құндылықтар" мен үстемдікке күмән келтіріп, әйелдер оқиғасын ашық бөлісуге құлықсыз екенін атап өтті.

Дүниежүзілік банк жаңа туған балалардың жынысы бойынша жасаған диаграммада 2019 жылға дейін қыз бен ұлдың туу көрсеткішінде онша үлкен айырмашылық жоқ көрінеді.

Бірақ БҰҰ-ның халық саны қорының Черногорияның ресми мәліметтеріне негізделіп жасалған кестесінде 2019 жылы да, оған дейінгі он жылда да 110 ұлға 100 қыздан келгені байқалады.

Монстат ұлттық статистика агенттігінің дерегінше, 2020 жылы әр 100 қызға 108 ұлдан келген.

Айқын қарама-қайшылықты кейінгі он жылда жылына бірнеше мың бала туған елдегі тұрақсыз көрсеткішпен түсіндіруге болады.

Мысалы, 2016 жылы әр 100 қызға 104 ұлдан келіп, 3850 ұл мен 3719 қыз дүниеге келген. Он жылдағы ең жоғары көрсеткіш – 110 ұлға 100 қыздан болған. Бұл жағдай 3947 ұл, 3582 қыз дүниеге келген 2014 жылы тіркелді.

Бұл Черногориядағы проблеманың сипатын емес, масштабын көрсетеді, дейді демографтар.

"Подгорицадағы үкіметтің осы мәселеге мән бермеуінің немесе үндемеуінің себебі осы. Олар "Биыл жағдай қайта түзелді" деп сенеді" дейді Гилмото.

МҰНДАЙ АБОРТҚА ТЫЙЫМ САЛУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

Гилмотоның сөзінше, жынысына бола аборт жасауға тыйым салу немесе оған қылмыс сипатын беру қажет стратегия, бірақ бұл тиімді болмауы мүмкін.

"Үкімет дәрігерлерге олардың жасап жатқаны заңға қайшы екенін айтып, сол позицияда болуы керек" дейді ол.

Бірақ ол әйелдер баланың жынысын бір жерде анықтап, аборт жасатуға басқа жерге оп-оңай бара алатынын да айтады.

Гилмото кейінгі он жылда Черногориядағы дисбаланс жақсарып жатыр, проблема 15-20 жылда шешіледі дейді.

"Ұлдардың көп болғаны тек қағаз жүзінде жақсы, бірақ бұл тиімсіз" деп қосты Гилмото.

Черногорияның білім министрлігі 2020 жылы бастауыш сыныпта 35 719 ұл, 32 787 қыз оқып жатқанын хабарлады.

Гильмото ерлер санының көп болғаны жеңгетайлық, жұмыспен қамту, тіпті, миграцияға да көп әсер ететінін алға тартты.

Үш не одан көп әйелдердің наразылығы. Подгорица, Черногория. 29 маусым 2017 жыл.
Үш не одан көп әйелдердің наразылығы. Подгорица, Черногория. 29 маусым 2017 жыл.

Оның сөзінше, Черногория қоғамында әйелдер көптеген аспектілерде маңызды рөл атқарады және оларға отбасында да көбірек таңдау құқығы берілген.

"Черногориядағы көп әйел бұл жағдайға көнгісі келмейді. Сондықтан отбасы құрылымы өзгеріп жатыр, ұл тууға қажеттілік те азайды" дейді Гилмото.

Бірақ ол әйелдердің бұл таңдауын отбасы немесе "көршілері" қабылдамауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

"ПАНДОРА ЖӘШІГІ"

Зенович "Черногория мен черногорлар туралы таптаурындарды" мойындамайтынын айтты.

"Меніңше, Черногориядағы жағдай өзгеріп жатыр. Кей отбасында балаға қатысты дәстүрлі патриархалды көзқарас та, дәстүрлі мұрагерлік тәжірибесі де жоқ" дейді Зенович.

Бұл әйелдер жерге, бизнеске, отбасы мұрасына ие бола алатынын, осы бағытта атқарылған жұмыстардың көп болуы "биліктің гендерлік динамиканы түзете бастауына жақсы мүмкіндік" екенін көрсетеді.

Ивановичтің өткен айда парламентте айтқаны Черногориядағы гендерлік дисбалансты қайта қарау керегін көрсетіп, оның негізінде жатқан әлеуметтік шиеленіс жиналған "Пандора жәшігінің" бетін ашып жіберді.

"Бұл өте қиын жағдай, себебі қазір Черногория қоғамы бетпе-бет келіп жатқан көптеген күрделі проблеманың бетін ашады. Бұл Черногорияда тумай тұрып дискриминацияға ұшырау мен гендерлік теңсіздікті ғана емес, қазіргі медицина технологияларын пайдаланудың этикасын, дәрігерлер мен мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін де көрсетеді" дейді Кищенко.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG