СЕНАТТАҒЫ ДАУЫС БЕРУ
Ақпанның 5-і күні АҚШ Сенатында ел президенті Дональд Трампқа сенімсіздік таныту мәселесі дауысқа салынды. Бұған дейін, өткен жылы желтоқсанның 18-і күні Өкілдер палатасы Трампқа "билік өкілетін теріс пайдаланған" және "Конгресс жүргізген тексеру жұмысына кедергі келтірген" деген екі айып тағып, президентке сенімсіздік білдіру туралы шешім қабылдаған.
Сенаттағы дауыс беру барысында 48 сенатор "Трамп билік өкілетін теріс пайдаланған" деген айыппен келісіп, 52-і қарсы дауыс берді. Ал "Конгресс жұмысына кедергі келтіру" айыбын 47 сенатор қолдап, 53 сенатор қарсы шықты.
Трампты қызметінен кетіруді қолдап дауыс бергендер арасында бұған дейін 2012 жылы АҚШ президенті сайлауына республикалық партия кандидаты болып қатысқан сенатор Митт Ромни болды. Дауыс беру басталардан бірер сағат бұрын ол Трамп "билік өкілетін теріс пайдаланды" деген айыпты қолдайтынын білдірген. Бұған дейін демократтардың билік басындағы президентті қызметтен кетіру туралы ұсынысына республикашылдардың ешқайсысы қолдау танытпаған. Сонымен бірге Ромни ел тарихында өз партиясынан сайланған президентке импичмент жариялауды мақұлдаған алғашқы сенатор болып отыр.
Демократтардың ешбірі, тіпті кей мәселелер бойынша Трампты жақтайтын Джо Манчин де бұл жолы президентті қолдауға ықылас білдірмеді.
АҚШ заңы бойынша, президентке импичмент жариялау жайлы Өкілдер палатасы ғана бастама көтере алады. Алайда президентті қызметінен кетіру үшін импичментті 100 адамнан тұратын Сенат мүшелерінің кемінде үштен екісі қолдауы қажет. Бұл жолы демократтар бақылауындағы Өкілдер палатасының Трампты қызметтен кетіруге талпынысына Сенатта республикашылдар тосқауыл қойды.
АҚШ тарихында бұған дейін Өкілдер палатасы импичмент жариялаған президенттер Эндрю Джонсон (1868 жылы) мен Билл Клинтонды (1999 жылы) Сенат ақтаған. Ал 1974 жылы "Уотергейт дауына" қалған Ричард Никсон Сенаттың шешімін күтпестен президент қызметінен отставкаға кеткен.
АҚ ҮЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Сенатта дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін Ақ үй "жалған" импичмент процесінде президенттің "толық ақталғаны" туралы мәлімдеді.
"Бүгін демократтар ойдан шығарған жалған импичмент талпынысы президент Дональд Трампты толық ақтаумен аяқталды" делінген Ақ үйдің мәлімдемесінде.
Президент Трамп Twitter әлеуметтік желісіне жазған постында ақпанның 6-сы күні "импичмент жайлы өтірікті елдің қалай жеңгені" жайлы мәлімдеме жасайтынын хабарлады.
Сонымен бірге Трамп Twitter парақшасына АҚШ-та болашақта болатын барлық президент сайлауына қатысатын кандидат ретінде өзі көрсетілген видеороликті жариялады.
ИМПИЧМЕНТ ДАУЫНА ІЛІК
АҚШ-та импичмент дауы Трамптың өткен жылы жазда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон әңгімесінен соң туған.
Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті демократ Джо Байденнің ұлы Хантердің қызметіне қатысты Украинада тексеру жүргізуге Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазған еді. Сыншылар Трампты "қызмет өкілетін асыра пайдаланып, болашақ бәсекелесі болуы ықтимал адамға қарсы дерек табуға тырысқан" деп айыптады.
Былтыр желтоқсан айында басым бөлігі демократтардан құралған Өкілдер палатасы Трампқа "билік өкілетін теріс пайдаланды" және "Конгресс жұмысына кедергі келтірді" деген екі айып тақты. Екеуі де Байдендер мен Украинаға байланысты.
Демократтар Трамп Хантер Байденге қарсы тергеу амалдары жүргізілмесе, Киевке әскери көмекті тоқтатам деп Украина билігіне қоқан-лоқы жасаған деп мәлімдеген. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзі жайлы тексеруді "мыстан аулау" деп атады. Оның заңгерлері "Трамп ешқандай қылмыс жасаған жоқ, сол себепті импичмент АҚШ Конституциясына қайшы" деп мәлімдеді.
Кейбір республикашыл-сенаторлар президенттің этикаға сай әрекет етпегенін мойындады. Бірақ сол үшін импичмент жариялауға болмайды деп айтты.
Конгрестің жоғарғы палатасында республикашылдар басым дауысқа ие болғандықтан әу бастан-ақ сарапшылар президенттің ақталатынына күмән келтірмеген. Сенаторлардың көбі импичмент мәселесі бойынша тыңдау кезінде жаңа куәгерлерді шақырудан бас тартқан.
Дональд Трамп биыл күзде АҚШ-та өтетін президент сайлауына тағы түспекші. Ақпанның 5-і күні Конгресте жариялаған жолдауында ол бұған дейінгі сайлауалды науқан кезінде берген уәдесінде тұрып, ел экономикасын жандандырғаны және заңсыз миграцияға қарсы күрес шараларын қабылдағаны туралы мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР