Баспасөз құралдарындағы пікірлерге қарағанда, бұл тыңдауларда биыл көктемде басталған ірі саяси драма шарықтау шегіне жетеді деп күткен еді. Наурыздың соңында АҚШ бас прокуроры Уильям Барр ол кезде әлі көпшілікке жария етілмеген Роберт Мюллердің есебінің мазмұнын конгресске хатында баяндаған. Онда Дональд Трамптың сайлау штабы қызметкерлерінің ресейлік азаматтармен байланыстары, АҚШ президенті сайлау кезіндегі Ресейдің кибероперациялары мен әлеуметтік желілердегі операциялар жайлы екі жылға жуық жалғасқан тергеудің қандай қорытындыға келгені айтылған.
Бас прокурор Баррдың сөзінше, арнайы прокурор АҚШ сайлауына Ресейдің кең көлемде араласқанына көз жеткізетін куәліктер тапқанымен, Трамп қызметкерлерінің Ресеймен жасырын мәміле жасағанына, я іс-қимылдарын үйлестіргеніне және Мюллер тобы жүргізген тергеу барысына президент Трамптың кедергі жасауға тырысқанын айғақтайтындай дәлел таппаған. Уильям Барр бас прокурор ретінде орынбасарымен кеңескеннен кейін Мюллер есебіндегі дерек-дәйектер Дональд Трампқа әділдік орнатуға бөгет жасаған деген айып тағуға негіз бола алмайды деген қорытындыға келгенін мәлімдеген.
Бас прокурордың бұл мәлімдемесі конгресстегі көрнекті демократтардың көңілінен шықпады. Олардың пікірінше, Мюллер есебінде Дональд Трамптың тергеу барысына заңсыз араласқанына бірнеше дерек келтірген. Ал әділет министрлігінің осындай тергеулерді жүргізу жайлы нұсқауы бойынша, арнайы прокурордың билікте отырған президентке айып таға алмайтындығы Мюллердің Трампты әшкерелеуіне мүмкіндік бермейді деп түсіндірген олар. Сондықтан заң шығарушылар президент заңды бұзды ма деген сауалға айқын жауапты бұрынғы арнайы прокурордың өзінен естігісі келді.
Мюллер тергеуі нені анықтады? "Настоящее время" видеосы (орысша):
Бірақ сенсация болмады. Роберт Мюллер өзіне сұрақ қойған заң шығарушыларға берген жауабында өзінің қорытынды есебінің мәтініне сілтеме жасаумен және баяндамада айтылған тұжырымдарға комментарий беруден бас тартумен болды. Демократтар айтып жүргендердің арасынан тек бір нәрсені Мюллердің мойындауына тура келді. Президент Трамптың осыған дейінгі мәлімдемелеріне қарамастан, бұл баяндама оны тергеу әділдігіне кедергі келтіру айыбынан "ақтай" алмайды дегенмен Мюллер келісті.
Республикашылдар болса бұл тыңдауды Ресей жайлы тергеуді Трамптың жаулары оған қарсы қолдану үшін қоздыртты деп көрсетуге пайдалануға тырысқан еді. Бірақ олардың да ойлағаны болмады. Сөзге сараң Роберт Мюллер республикашылдардың "Трамп жайлы оның дұшпандарының тапсырысы бойынша Кристофер Стил дайындаған құрғақ, абыройсыз есеп" осынау "негізсіз" тергеуді бастауға түрткі болды ма деген сауалына жауап беруден бас тартты. Алайда ол өзі жетекшілік еткен тергеу тобында Трамптың жаулары жетерлік болды деген айыптауларға батыл тойтарыс беріп отырды. "Мен мұнымен 25 жылға жуық уақыт айналысып келемін және осы 25 жылда ешкімнен қай партиядасың деп ешқашан сұраған емеспін... Маған адамның өз жұмысын атқару қабылеті маңызды" деді Роберт Мюллер.
– Жеті сағатқа созылған таңдаудан кейін конгресстегі көңіл-күйді бір сөзбен – түңілу деп сипаттар едім, - дейді Wall Street Journal басылымының шолушысы Джералд Сеиб. – Түңілу сезімі дейтінім, демократтар Мюллер Трамптың оны арнайы прокурор қызметінен босатуға тырысып заң бұзғанын растайды деп үміттенді. Республикашылдар болса Мюллерді Трамптың еш кінәсі жоқ, себебі оған ешқандай айып тағылмаған деп мойындатқысы келді. Сайып келгенде, бұл тыңдау Трампқа импичмент жариялағысы келетіндер кәдеге жаратынын немесе пікірталасты екі жақтың бірінің пайдасына бітіретін ерекше материал бере алған жоқ.
Мюллердің АҚШ конгрессіне куәлік беруі. 24 шілде 2019 жыл (орысша):
Баспасөздегі реакцияға қарағанда, Мюллердің сөзі Дональд Трамптың қарсыластары мен жақтастарының пікірін өзгерте алмаған. New York Times басылымы тыңдауда тергеу жұмысына президенттің кемінде төрт рет араласқанын растайтын дәйек келтірілді, ал бұл конгресстің оны биліктен шеттетуіне негіз болатын елеулі қылмыс саналады деген пікір жариялады. Кіші Джордж Буштың бұрынғы көмекшісі Карл Роув Wall Street Journal басылымына Трамптың қарсыластары бұл тыңдауға тыңғылықты дайындалғанына қарамастан сәтсіздікке ұшырады, ал америкалықтардың басым көпшілігі президентке импичмент жариялауға қарсы деп жазды.
Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси тыңдау аяқталғаннан кейін сөйлеген сөзінде партиялас серіктерін әлі жалғасып жатқан парламенттік тергеу мен президентпен арадағы сот істері нәтижесінде анықталған ақпарат көбірек жиналғанша импичмент мәселесін қозғауға асықпауға шақырды.
Кей сарапшылар Роберт Миллердің мәлімдемесінің ерекше маңызды бір тұсы назардан тыс қалып қойғанын айтады. Бұрынғы арнайы прокурор конгресстегі тыңдауда сөйлеген сөзінде АҚШ-тағы сайлау процесіне Ресейдің араласуы шынайы қатер төндіретінін америкалықтардың көпшілігі әлі ұғынбағанын айтып, алаңдаушылық білдірген еді.
"Бұл бірлі-жарым ғана оқиға емес. Біз мұнда жиын өткізіп жатқан кезде олар осы ісін жалғастырып жатыр" деген Мюллер.
ПІКІРЛЕР