Accessibility links

Роберт Мюллердің "озбырлығына ұшыраған құрбандар" оқиғасы


Арнайы прокурор Роберт Мюллер
Арнайы прокурор Роберт Мюллер

Арнайы прокурор Роберт Мюллер Федералды тергеу бюросына арыз түсіріп, өзін белгісіз біреулердің "жыныстық бопсалау жасады" деп айыптауға тырысып отырғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты бірнеше америкалық басылым таратты.

"Өткен аптада арнайы прокурорға қарсы жалған айып тағу үшін әйелдерге ақша ұсынғанын білгенде бұл материалды дереу федералды тергеу бюросына (Federal Bureau of Investigation, FBІ) жібердік" деді баспасөзге өте сирек сұхбат беретін Мюллердің баспасөз хатшысы Питер Карр.

Арнайы прокурор Роберт Мюллер Дональд Трамптың сайлау штабының Ресеймен астыртын келісім жасау ықтималдығын тексеріп жатыр. Президентке бұл ұнамайды. Ол айыптың негізсіз екенін, мүдделер қақтығысы барын айтып, тергеуді тоқтатуды талап етеді.

Мюллердің ҒВІ-ға жүгінуіне мына жайт себеп болған. Қазан айының ортасында Вашингтон мен Нью-Йорктағы кейбір журналистер төмендегідей электронды хабарлама алады.

Өзін Форт-Майерс қаласында тұратын Лоррейн Парсонс ретінде таныстырған әйел өзіне британдық акцентпен сөйлейтін, Билл Кристенсен атты ер адамның қоңырау шалғанын айтқан.

Кристенсен Парсонсқа 1974 жылы Роберт Мюллермен Сан-Францискода Pillsbury, Madison, and Sutro заң фирмасында бірге жұмыс істеген кездегі жағдайларға қатысты сұрақтары барын айтқан. (Бұл Мюллердің кәсіби карьерасы енді басталған кез болатын).

"Кімге жұмыс істейсіз?" деген сауалға Кристенсен "бастығымды саясаткер десе болады, Вашингтонда тұрады, аты – Джек Беркман" деп жауап берген. Парсонс Мюллермен аз уақыт бірге жұмыс істегенін айтады. Телефонмен болған әңгіме барысында Кристенсен әйелге несие картасы бойынша қарызын төлеуге көмектесетінін айтқан.

Лоррейн Парсонс оның қанша қарызының барын дәл білетініне таң қалады – шамамен 34 мың доллар екенін айтқан. Әлбетте Парсонстан соған лайық қызмет көрсетуді сұраған, оны"жеке кездесу кезінде талқылайық" деген.

Парсонс кездесуден бас тартып, тұтқаны қояды. Екі күннен соң Кристенсен қайта хабарласады. Ол бұрынғыдан да көп ақша берем деген. Бұл жолы қарызының үстіне 20 мың доллар қосып беремін дейді. Мұндай соманы естіген Парсонс қандай қызмет қажеттігін сұрайды.

Кристенсен одан смартфонына криптохабарлама алмасуға арналған, түрлі шабуылдардан қорғалған Signal мессенджерін орнатып алуды сұрайды. Бұдан кейінгі әңгіме "кодталған режимде" жалғасқан.

"Сізден Роберт Мюллерді заңға қайшы жыныстық әрекет жасағаны үшін айыптауыңызды сұраймын, сол жайында ант ішіп, жазбаша түсініктеме беріңіз" дейді Кристенсен. Уәде етілген сомадан бөлек ол клиент атынан (Беркман) 10 мың сыйақы беретінін айтады.

"Бұл адамдардың кім екенін және не үшін олай істеп жатқандарын білмеймін. Әңгімені дереу тоқтатып, қосымшаны өшіріп тастадым. Pillsbury-де жұмыс істеген кезде Мюллермен жиі кездескен жоқпын, ал кездесе қалғанда ол өте сыпайы болатын, ешқашанда оғаш қылық көрсеткен емес. Бұл адамдарға не керек екенін білмеймін, қанша ақша төлесе де вашингтондық пьесада рөл ойнамаймын" деп жазады Парсонс.

Кейін Парсонс Кристенсеннен тағы бір мәтін хабарлама алады, онда "Лоррейн, шаруаны тындыратын мезгіл жетті. Соңғы мүмкіндігіңіз" деп жазыпты.

Тағы бір әйел, Вермонттағы құқық саласының профессоры Дженнифер Тауб Мюллердің кеңсесіне тікелей хабарласады. Ол өзін Surefire Intelligence жеке сараптамалық агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған Сайман Фрик есімді адамнан электронды хат алған.

"Білуімше сіз бұрын Роберт Мюллермен кездескен екенсіз. Біздің ұйым Мюллердің өткен өмірін тексеріп жатыр. Өзіңізбен қалай байланыс жасауға болатынын айтыңыз (Signal-ды қолданғанымыз дұрыс еді) және арнайы прокурор Роберт Мюллермен кездесуіңіз туралы айтқаныңыз үшін берілетін бастапқы соманы атаңыз" деп жазады Фрик.

Дженнифер Тауб Мюллермен ешқашан бетпе-бет кездесіп көрмеген, ешқандай байланыста болған емес.

Роберт Беркман – Вашингтондағы танымал адам. Ол ресми тіркелген лоббист, адвокат және консервативтік көзқарасқа түсініктеме беруші маман.

Оның "Сахна сыртында" атты подкасты бар, онда демократтардың астыртын әрекеттері туралы теорияны баяндайды.

Журналистер Surefire Intelligence жалған компания екенін оңай анықтады, оны тағы бір танымал тролль әрі конспиролог Джейкоб Уол құрған. 17 жасында Уол өз хедж-қорын құрған инвестор-вундеркинд ретінде танымал болды. Солайша Fox News жұлдызына айналды.

Қарай отырыңыз: Уол жайлы Fox News хабары

Кейін мамандар оның заңсыз жұмыс істегенін анықтап, қызметпен айналысуына тыйым салады. Джейкоб Уол өзін "саяси белсенді" ретінде көрсетіп, өзіне "трампономика сарапшысы" деген атақты теліді. 2016 жылдың қыркүйегінде Дональд Трамппен бірге түскен суреті де бар.

Twitter-де ол "Лос-Анжелестің орталығындағы хипстерлік кофеханадағы" әңгімелер атты хабарламаларымен танымал болды. Жақында сондай хабарламалардың бірінде поштамен бомба жіберу - "жас демократтардың" аралық сайлауға орайластырған арандатуы-мыс деп жазылды.

Қазанның 19-ы күні Джейкоб Уол тағы бір әшкерелейтін хабарлама жазды:

Аудармасы: Бүгін Вашингтонның ішкі жағдайын жақсы білетін бір адаммен сөйлестім. Ол маған оңбаған коп Роберт Мюллерді айыптай алатын бірнеше әйелдің бар екенін айтты.

Қазанның 29-ы күнгі жаңа хабарламада былай делінген:

Аудармасы: Бірнеше дереккөз Мюллер туралы даулы мақаланың ертең шығатынын айтты. Қызық болуы тиіс. Бізді оқи отырыңыздар!

Ертесінде расымен шу шықты. Әсіреоңшыл Gateway Pundit сайты Мюллердің "жыныстық бопсалау жасағаны" туралы қандай да бір "құжатты" жариялады. Сол күні Билл Беркман Twitter-ге былай деп жазды:

Аудармасы: Жағымсыз жаңалық. Бейсенбі, қарашаның 1-і күні, түс кезінде Росслиндегі (Вашингтонға жақын аумақ) Holiday Inn қонақүйінде арнайы прокурор Роберт Мюллердің жыныстық озбырлығын бастан кешірген бірінші құрбанды таныстырамыз. Клиентімнің батылдығы мен жігеріне тәнтімін.

Алайда көп ұзамай Gateway Pundit сайтындағы бастапқы "әшкерелейтін материал" алынды. Оның орнына сайтта бас редактор Джим Хофттың мәлімдемесі шықты, редактор "редакцияның құжатты тексеруі керектігін, себебі Джейкоб Уолға қарсы айыптар бар екенін" жазды. Дегенмен Хофт Беркман мен Уолдың баспасөз-конференция туралы хабарламасы күшін жоймағанын айтты.

Сол күні елдегі ірі басылымдар Мюллердің ҒВІ мекемесіне арыз түсіргені туралы хабарлады. Журналистер қанша тырысқанымен Лоррейн Парсонсты таба алмады. 1974 жылы аталған заң фирмасында ондай қызметкер болмаған. Беркман ешқандай Парсонсты танымайтынын мәлімдеді. Ол Twitter-да өз болжамдарын былайша жеткізді:

Аудармасы: Менің әйелге ақша төлегенім туралы ақпарат өтірік. Солшылдар Мюллерді жыныстық озбырлық туралы айыптардан қорғағысы келеді, сондықтан маған тап берді. Баспасөз Мюллердің осы үшін тығырыққа тірелетінін жақсы біледі, сондықтан әңгімені басқа жаққа бұрмақшы.

Қазанның 31-і күні ол тағы да осындай пікір қалдырды:

Аудармасы: Мәселені анықтап алайық. Баспасөздің болжамынша, біз ақы төлемек болған екі әйел бар екен. Оның бәрі өтірік. Лоррейн Парсонс деген адам жоқ, Джен Тауб бар, бірақ ол белгісіз біреуден хат алған. Бейсенбі күні нағыз айыптаушыны таныстырамыз.

Баспасөз конференциясына Лос-Анжелестен Джейкоб Уол ұшып келді. Онымен бірге "Мюллер жыныстық бопсалау жасады" деген әйел де келді. Олар бірлесіп селфи жасаған, бірақ суреттегі әйелдің түрі көрсетілмейді. Бірақ Уол Google Images атты құралдың көмегімен бейтаныс адамның бейнесін қалпына оңай келтіруге болатынын білмеген тәрізді.

Келесі күні Вашингтондағы ақпарат құралдары Holiday Inn-ге жетуге асықты. Өкінішке қарай, "озбырлық құрбаны" журналистер алдына шықпады. Джейкоб Уолдың айтуынша, ол өмірі үшін қорқып, "уайымдап басқа жаққа ұшып кеткен".

Беркман оны алдағы уақытта көрсетемін деп уәде берді. Екі жәбірленушінің ауқатты екенін, ақшаға зәру еместігін айтты. Олар Лоррейн Парсонстың көпшілік көңілін басқа нәрсеге аударту үшін ойлап табылған кейіпкер екенін жеткізді.

20 жастағы Уолға "мұндай тергеумен айналысуға әлі ерте емес пе?" деген сұрақ қойылғанда Беркман "Уол – Моцарттан асып түскен айрықша дана бала" деді.

Екеуінен "федералды түрмеге түсуге дайынсыңдар ма?" деп сұрағанда, дайын емес екендерін айтты.

Қаншалықты күлкілі болғанымен оқиғаның таң қаларлық тұстары да жетерлік. Ешкім назар аудармаған бір дерек: Дженнифер Тауб алған хатты америкалық жазбаған. Оны шетел тілінен гуглмен аударған тәрізді. Мұндай оқиғаның технологиясы туралы 1888 жылы Алексей Апухтин" Аяқталмаған повесть" шығармасында жазып кеткен. Шығармадан үзінді:

- Граф бұл орынға кеңсе шенеунігі Сергеевті тағайындауды бұйырды...

- Қайдағы Сергеев? Былтыр былыққа араласып, көзге түскен бе? Ол бір тон ұрлаған ба еді? - деп айғайлады графиня.

- Қателесесіз, графиня, Сергеев ештеңе ұрламады. Керісінше, оның тонын ұрлап кетті.

- Ол ұрлады ма, одан ұрлады ма, маңызды емес... Бастысы, сондай жаман іске араласқаны, une affaire de vol* (ұрлық) сондықтан мұндай қызметке тағайындағаны ерсі болмақ...

Twitter-дегі Джейкоб Уолдың белгілі логотип жанында түскен суреті. "Өткенге оралу" деп нені меңзеп тұрғаны түсініксіз.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG