Accessibility links

Трамп "Ресейге ешқашан жұмыс істемегенін" айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

Дональд Трамп 14 қаңтарда Ақ үйде журналистерге жақында баспасөзде шыққан жарияланымдарды "үлкен майлы өтірік" деп санайтынын айтты. Осының алдында ғана Washington Post газеті АҚШ президенті Путинмен әңгімесінің кей жайттарын жасыру үшін "әдеттен тыс әрекетке" барған деп жазған болатын.

New York Times басылымы АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) 2017 жылы ел президенті осы мекеменің директоры Джеймс Комиді қызметтен босатқаннан кейін Трамптың Ресей мүддесіне жұмыс істеп отырмағанын анықтау мақсатында тексеру бастаған деп хабарлаған болатын. Басылымның жазуынша, бұл іс ақыр соңында АҚШ апрнайы прокуроры Роберт Мюллердің тергеуімен біріктірілген. Мюллер жетекшілік ететін тергеушілер тобы 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына дейін Дональд Трамптың Ресеймен байланысы болғаны я болмағанын әлі анықтап жатыр.

Жаңа Орлеанға аттанар алдында Ақ үйдің қасында тұрып сөйлеген сөзінде Трамп FBI мен АҚШ әділет министрлігінің бұрынғы шенеуніктерін "белгілі оңбағандар" және "лас коптар" деген атаған.

Мұның алдында АҚШ президенті 12 қаңтарда Fox News телеарнасына берген сұхбатында "Трамп Путинмен әңгімесінің бүге-шігесін өз әкімшілігінің қызметкерлерінен жасырған" деген ақпаратты жоққа шығарған. Трамп "ешқандай құпияны бүгіп қалмағанын" мәлімдеген, бірақ "Ресейге жұмыс істедіңіз бе?" деген сұраққа тура жауап бермеген.

New York Times басылымы АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы жоғары лауазымды ресми тұлғаларына сілтеме жасап, Трамп кемінде бір рет - 2017 жылы Гамбургте (Германия) келіссөз өткізгеннен кейін аудармашысының барлық жазбаларын алып алған және ол адамға кездесуде естігені туралы шенеуніктерге айтпауды бұйырған деп жазған.

Fox News телеарнасына сұхбатында Трамп 2018 жылы шілдеде Хельсинкиде Путинмен екі сағатқа жуық уақытқа созылған оңаша кездесуде "тамаша әңгіме" болғаны туралы айтқан. Бұған дейін АҚШ президенті арнайы прокурор Мюллер жүргізіп жатқан тергеуді "мыстан аулау" деп бірнеше рет атаған.

Осы кезге дейін АҚШ конгресінің кемінде үш комитеті 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына Ресейдің ықтимал килігуінің түрлі аспектілерін зерттеген. АҚШ барлау қауымдастығы Ресей АҚШ-тағы сайлау кампаниясына хакерлік шабуылдар мен пропагандалық материалдар тарату арқылы араласып, дауыс беру кезінде Трампты қолдаушылардың көп болуына ықпал етуге тырысқан деген қорытынды жасаған.

Ресейлік шенеуніктер шет мемлекеттердегі сайлауға Мәскеудің араласқаны туралы айыптауларды бірнеше рет терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG