Accessibility links

Трамп пен Путин "мәселенің барлығын бір кездесуде шеше алмаған"


Трамп пен Путин Хельсинкиде. 16 шілде 2018 жыл.
Трамп пен Путин Хельсинкиде. 16 шілде 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Хельсинкидегі кездесуі аяқталды. Екі ел президенттері саммитте қандай мәселелерді талқылады?

Шілденің 16-ы күні Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен саммитте Трамп пен Путин екі сағат жеке кездесті. Кейін екі ел делегациясы кешкі ас ішті. Одан әрі екі ел президенті журналистер алдына шығып, саммитті қорытындылады.

Путиннің пайымдауынша, кездесу "өте пайдалы және сәтті өткен" әрі "екі ел арасындағы сенімділікті арттырған".

Путиннің ойынша, екі ел арасындағы "нашарлаған" қарым-қатынасты қалпына келтіруге "алғашқы қадам жасалды".

Путин "Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етпегенін, егер оған қандай да бір дәлелдер болса бірге талқылауға дайын екенін" тағы қайталады. Ал Трамп Путинмен "Ресейдің АҚШ сайлауына араласуын ұзақ талқылағанын" айтты. Ресей президенті өз кезегінде АҚШ тергеушілерін осы мәселені тексеру үшін елге кіргізуге дайын екенін жеткізді.

Трамп та 2016 жылғы сайлауға "Ресей араласпағанын" жеткізді. Журналистер сұрағына жауап берген Трамп "соңғы сайлауда Хиллари Клинтонды оңай жеңгенін, сайлауға түсіп жатқанда Путинді танымағанын" айтты.

Трамп пен Путин баспасөз мәслихатында. 16 шілде 2018 жыл.
Трамп пен Путин баспасөз мәслихатында. 16 шілде 2018 жыл.

Путин кездесуде барлық кедергіні тазарта алмағанын, оған бір кездесудің жетпейтінін айтты. Путиннің пікірінше, екі елдің көзқарастары жиі сай келе бермейді, бірақ ортақ шешімдерге келу жолдарын іздестіруге болады.

Трамп "АҚШ пен Ресейдің жақсы қарым-қатынасы екі елге ғана емес бүкіл әлемге пайдалы" екенін жеткізді. Оның айтуынша, "төрт сағат бұрын екі ел жаңа кезеңге қадам басқан".

Трамптың Қырым бойынша пікірі белгілі. Олар "Қырымның Ресейге қосылуын заңсыз" дейді. Біздің оған қатысты өз пікіріміз бар. Біз заңды референдум өткіздік және бұл мәселе осымен жабық.
(Владимир Путин)

Путин Трамппен "Украинадағы жағдайды да талқылаған". Бірақ Ресей президенті Украинаға қатысты нақты қандай шешім қабылдағанын айтпады. Дегенмен Путин "Трамптың Қырым бойынша пікірі белгілі. Олар "Қырымның Ресейге қосылуын заңсыз" дейді. Біздің оған қатысты өз пікіріміз бар. Біз заңды референдум өткіздік және бұл мәселе осымен жабық" деді.

"Бүгінгі кездесу - диалогтың басы ғана. Бұл конструктивті төрт сағат болды. Алдағы уақытта жиі кездесіп, мәселелерді шешеміз деп ойлаймын" деді Трамп. ​Трамп Путинмен Иран мен Сирия мәселесін талқылағанын, "Сириядағы жағдайды реттеу - қиын мәселе" екенін айтты.

Екі ел президенттері кездесуде сауда, ядролық қару, Сириядағы және Украинадағы жағдайды талқылаған. Трамп баспасөз мәслихатында "Сириядағы ДАИШ тобын 99 пайыз жеңгенін" айтып, бұл жеңіске Ресейдің қосқан үлесін атап өтті.

АҚШ президенті Ресей президентін "бәсекелесім" деп атап, мұны "Путинге деген құрметім" деді. Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы "жақсы бәсекелестік" жалғаса береді.

Трамп Путин сыйға тартқан футбол добын лақтырып жатқан сәт. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.
Трамп Путин сыйға тартқан футбол добын лақтырып жатқан сәт. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.

Баспасөз мәслихатының соңында Путин Трампқа 2018 жылғы әлем чемпионатының добын сыйға тартып, 2026 жылы АҚШ-Канада-Мексикада өтетін әлем чемпионатына сәттілік тіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG