Шілденің 16-сында Хельсинкиде Ресей президенті Владимир Путин мен Дональд Трамп кездесуі тиіс. Осы саммит туралы сөз еткен Трамп журналистерге: “Көреміз, біз онымен барлығын талқылаймыз” деді.
Трамптың бұл сөзі Еуропа елдерінің ашу-ызасын туғызды. Олар Трамп АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан саясатын жоққа шығарып, Путинмен кездесу кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы жерді басып алу әрекетін ақтап ала ма деп қорқады. Ал Киев осы мәлімдемеден соң демін ішіне тартып, үрейлене қарап отыр.
Төрт жылдан бері Ресейдің агрессиясына қарсы соғысып жатқан Украина АҚШ-тың мызғымас дипломатиялық, қаржылық және әскери көмегіне арқа сүйеп жүрген еді. Вашингтон Киевке танкіге қарсы Javelin жойқын зымырандарын беріп келген.
Қобалжыған жұртты сабасына түсіргісі келген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс шілденің 3-і күні брифингте Вашингтонның Қырымға қатысты саясатын қайталап айтты.
“Біз Ресейдің Қырымды аннексиялау әрекетін қолдамаймыз. Біз өз пікірімізде қаламыз және Ресей түбекті Украинаға қайтармайынша, Ресейге қарсы санкциялар өз күшінде қалады” деді Сандерс.
Хельсинки саммитінің қарсаңында Украина президенті Петр Порошенко мен премьер-министр Владимир Гройсман Азаттыққа сұхбат берді. Олардың ойынша, Путин Трампты Қырымның аннексиясын мойындауға көндіруі мүмкін. Порошенко мен Гройсман "Путин мен Трамп ауқымды келісімге келіп, соның нәтижесінде Вашингтон Украинаны Ресейдің ықпал ету аймағы деп тануы ықтимал" деп болжайды.
УКРАИНА КӨЗІР КАРТА МА?
Украинаның Еуропа және Еуро-Атлантикалық интеграция бойынша премьер-министрінің орынбасары Иванна Климпуш-Цинцадзе Трамптың мәлімдемесінен секем алғанын, оның болжап білуге келмейтін адам екенін айтады.
“Украина үкіметі Трамптың Қырымға қатысты пікірін қалай қабылдады? Үкімет Трамп-Путин саммитіне қалай дайындалып жатыр?” деген сұраққа ол: “Соңғы екі жыл ішінде біз АҚШ-тың күшті институттарына үміт етіп әрі сенім артып келеміз және ұлттық мүддемізге негізделген саясатты ұстана береміз” деді.
Украина парламентінің депутаты, президент Порошенконың жақын одақтасы Владимир Ариев “Трамп Украинаның көзір картаға айналдырмайды деп үміттенемін” деді.
“Олардың не талқылайтынын нақты білмейміз. Кей тақырыптарды жай долбарлай аламыз және Трамп тарихта өз есімінің [СССР Сыртқы істер министрі Вячеслав] Молотов пен [Германия Сыртқы істер министрі Йоахим вон] Риббентроптың есімдері сияқты аталғанын қаламайды деп үміттенеміз” деген ол Гитлер басқарған Германия мен Сталин басқарған Совет одағы арасындағы 1939 жылғы “шабуыл жасамау туралы пактіні” еске салды.
ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ
Украина саясаткерлерінің пікірлері Трамп президенттікке келген күннен Киевті жаулап алған үрей мен сенімсіздікті көрсетеді.
2014 жылы Трамп Ресейдің Украинаға басып кіруін “өте ақылды әрекет” деп атап, Путинді “мықты басшы” деп мақтаған және билікке келгелі Ресейдің ұстанымын қолдағандай ниет танытып жүр.
Мәселен, екі дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасаған BuzzFeed News өткен айда Квебекте өткен G7 басшыларының саммиті кезінде Трамп “Қырым – Ресейдікі, себебі онда тұратындардың барлығы орысша сөйлейді” деген пікір айтты деп хабарлады. Ақ үй бұл пікірді жоққа шығарған да, растаған да жоқ.
Шілденің 5-інде Трамп тағы да Ресей президентін мақтай сөйлеп, оны “жақсы адам” деп атады. Жұрттың көбі "Ресейдің әскері Украинаның электр тарату жүйелеріне шабуыл жасап, Шығыс Украинаны басып алды, Malaysia Airlines ұшағын атып құлатқандарға зымыран атқыш берді" деп санайды. Монтана штатында өткен ралли кезінде Трамп: “Ол (Путин – ред.) – жақсы адам. Бәріміз жақсымыз. Біз адамбыз. [Хельсинки саммитіне] дайындаламын ба? Толық дайынмын. Мен бұған өмір бойы дайындалып келгенмін” деді.
“АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ БАР”
Өте шетін тақырып болғандықтан, аты-жөнін жарияламауды өтінген Батыстың бір ресми қызметкері Трамп-Путин саммиті туралы “Әрине, [Украинада] алаңдауға негіз бар” деді.
“[Трамп-Путин] саммитіне әдеттегідей жоспар жасап жатырмыз, бірақ [Трамп болған жерде] үнемі сценарийден ауытқу қаупі бар” деді ол.
Ресми қызметкердің айтуынша, АҚШ саясаты өзгермеген және Украинаны “сатып жіберуге” талпыныс та жоқ.
Үлкен бір сауда жүріп жатқан жоқ. Бұл – “жақынырақ танысайық, температураны түсірейік, әрі қарай көре жатармыз” деген кездесу, – деді ол.
Украина парламентінің депутаты, Сыртқы істер комитетін басқаратын Анна Хопко Азаттыққа берген сұхбатында Трамп АҚШ-тың Қырымға қатысты саясатын өзгертсе, “бұл Американың күш-қуатын көрсетпейді” деді.
Депутаттың айтуынша, “Украина есебінен компромиске келу ғаламның қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтіре алмайды және халықаралық қатынастарға зиянын тигізеді. Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіру – АҚШ-тың стратегиялық мүддесі”.
“ҚЫРЫМ УКРАИНАҒА ТИЕСІЛІ”
Украинадағы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Владимир Фесенко Трамптың Қырым мәселесі бойынша қандай да бір шегініске баратынына да, Трамп пен Путин арасында Украина бойынша үлкен сауда жүріп жатыр дегенге де күмәнмен қарайды.
“Украинаның келісімінсіз, Украина қоғамының қолдауынсыз Украинаға қатысты қандай да бір бейбіт келісімді жүзеге асыру мүмкін емес” деді ол.
Өткен аптада Американың тәуелсіздік күніне орай Киевтегі АҚШ елшілігі өткізген салтанатты жиында да қобалжу сезіліп тұрды. Украина президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Шимкив уайымын айтқанымен, Трамп-Путин саммитінде не айтылуы мүмкін дегенге көп тоқталмай, сақтана сөйледі.
“Біз жіті қадағалаймыз және ол (Трамп – ред.) Ресейдің біздің елге жасаған агрессиясын құптамайды деп үміттенеміз. АҚШ біздің жақын одақтасымыз болып келеді. Егер ол Қырымға қатысты ұстанымын өзгертсе, ұят нәрсе болады” деді Шимкив.
Дегенмен, “АҚШ-тың ұстанымы өзгеріп жатса да, Киев мызғымай қала береді. Қырым – Украинанікі және мұны Америка президенті де бір мәлімдемемен не Twitter желісіндегі бір жазбаның көмегімен өзгерте алмайды” деді Шимкив.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 16 шілдеде Хельсинкиде кездеседі.
(Азаттық тілшісі Кристофер Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)
ПІКІРЛЕР