Accessibility links

Билікті сынайтын өзбек депутатын секс-видеомен қаралау кері әсер берді. Полицияның өзі дауға қалды


Депутат Феруза Бабашева интим видеосының тарап кетуін жұмысына кедергі келтіру әрекеті деп бағалайды.
Депутат Феруза Бабашева интим видеосының тарап кетуін жұмысына кедергі келтіру әрекеті деп бағалайды.

Өзбек полициясы билікті сынайтын депутат әйелдің үстінен түсіп, камераға жазған интим видеосы тарап кетті. Бірақ қоғам белсенділері мұны қаралау әрекеті деп, полицияға шүйлікті. Ал депутаттың өзі мұны сынына ұшырағандардың кек алуы дейді.

22 қараша күні билік басындағы Халықтық-демократиялық партияның Орта Шыршық аудандық кеңесінің төрайымы Феруза Бабашева депутаттық иммунитетінен айырылды.

"Олар қанша тырысқанмен, жұмысымнан ашкөздік немесе жемқорлық таба алмады, – деді Бабашева Азаттықтың Өзбек қызметіне. – Ақыр соңында олар [беделімді түсіру үшін] өте жымысқы және дөрекі әдіс таңдады".

Депутатқа қарсы науқан бірнеше апта бойы жүргенге ұқсайды.

Осы айдың басында прокуратура ірі банк арызы бойынша Бабашеваның сотта жауап беруін талап етті.

Депутат банкоматтан ақша алатын мұғалімдерден 1 пайыз комиссия ұстайтын "Агробанкті" сынап, бұл әрекетін "ұрлық акциясы" деп атаған.

Бірнеше күннен соң, 15 қарашада интернетте "күйеуі бар 43 жастағы депутаттың бейтаныс адаммен жатқан видеосы" пайда болды.

Ертеңінде Ташкент полициясы құқық қорғау органдары көршілердің шағымынан соң жалдамалы пәтерге басып кіргенін мәлімдеді. Олар 2 қазанда рейд кезінде "жыныстық қатынасқа түскен" Д.С және Ф.Б. деген ер және әйел адам анықталғанын айтты.

Хабарламада полиция рейд кезіндегі видеоның әлеуметтік желіде қалай тарап кеткенін тергейтінін жазған.

Феруза Бабашева рейд кезінде ғимаратта болғанын, бірақ видеоның "қолдан жасалғанын" айтты.

23 қарашада депутат Азаттық радиосына видеоны депутаттық жұмысына кедергі келтіру амалы деп айтты.

"Депутат болмасам, мұндай болмас еді" деді Бабашева. "[Маған қарағанда] сыннан аулақ жүретін басқа депутаттар мұндай жағдайға ұшырамады".

ЖҰМЫСЫНА БОЛА КЕК АЛУ МА?

Феруза Бабашева қоғамнан кешірім сұрады. Ал блогерлер мен орынбасар әріптестері оны қолдап, полицияны депутаттың жеке өміріне қол сұқты деп айыптады.

Ол Facebook және Telegram аккаунттарында видеоүндеу жариялаған. Онда депутат полиция рейд кезінде басқалардың шығуына рұқсат беріп, оны үш сағат ұстағанын айтады.

Бабашева аудандық мәслихаттың этика комитетіне келе жатыр. 22 қараша.
Бабашева аудандық мәслихаттың этика комитетіне келе жатыр. 22 қараша.

Депутаттың сөзінше, оны ұстаған бес офицер саусағын "сындырып", хатқа қол қойғызуға тырысқан. Ол хаттың мазмұнын құпия ұстап отыр. Онда рейд жайлы ешкімге айтпау жайлы жазылған ба, әлде басқа ма, ол жағы беймәлім.

Феруза Бабашеваның айтуынша, полиция рейд кезінде оны қорқытып, бопсалаған. Депутат өзіне қарсы науқан жергілікті кеңеске сайланғалы жалғасып келе жатыр дейді. Осы екі жылда өзінің көлігін соққанын, отбасы мүшелерін де қорқытқанын айтады.

Бабашеваның сөзінше, құқық қорғау органдары мен басқа да жергілікті шенеуніктер оның "адал жұмысына" разы болмаған. Депутат қарапайым адамдарға көмектесіп, олардың құқығын қорғауға тырысып жүретінін айтады.

"Олар депутаттық жұмысымнан ешқандай заңбұзушылық таба алмады" дейді депутат.

Бабашева билікке әр заң жобасын бас шұлғып мақұлдайтын, кеңес кезінде "қол шапалақтап", үкіметке қарсы шықпайтын депутаттар керек дейді.

Әлеуметтік желіде белсенді Феруза Бабашева азаматтар көрсеткен проблемалады тақылау үшін шенеуніктермен Facebook-те тікелей эфирге жиі шығады.

Ол кей аудандардағы электр энергиясының жетіспеушілігі, мүгедек әйелдердің тұрғын үй алу өтініші немесе мектеп оқушыларына заңсыз сауда жасау секілді проблемалардың біразын шешуге тырысқан.

Феруза Бабашева биліктен жауап күтіп, олардың әрекетсіздігін сынайды.

Ол Өзбекстанда электр жарығының сөніп қала беруін "тарихта қалған" нәрсе деп айтқан Сенат төрағасы Танзила Нарбаеваға да қарсы шыққан. Telegram желісінде қараңғы бөлмеде шаммен оқып отырған қарапайым өзбектердің видеоларын салып, "осының бәрі өтірік пе?" деп жазды.

Электр жарығы өшіп, шаммен оқып отырғандар.
Электр жарығы өшіп, шаммен оқып отырғандар.

Орталық Азиядағы авторитар елде билік сынға төзбейді. Бірақ Феруза Бабашева жұрттың қолдауына ие болды. Олар интим видеоны депутаттан кек алу амалы ретінде сипаттады.

ҚОҒАМНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Видеоның Бабашеваны қаралау үшін түсіргені рас болса, түсірушілер мақсатына жете қоймаған көрінеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары күйеуі бар әйелдің әрекетін емес, биліктің осындай амалға барғанын сынға алды.

"Билік қатарында батыл адамдардың болғанына төзбейтінін көрсетті" деп жазды Фейсбукте Ташкент тұрғыны Фарида Шариф.

Тағы бір адам билік Феруза Бабашеваға қарсы "гангстерлік" әдістерді әдейі пайдаланып жатқанын айтады.

"Ізіне түсті, адамды ұстап алу үшін қақпан қойды. Біреуге қақпан қою жиіркенішті, бірақ биліктегілер соны істеді. Бұл гангстерлік техника" деп жазды Башит Зиаддинов.

Ташкентте тұратын Белла Сабирова "Келесі жолы [Бабашеваны] сайлау –сайламауды өздері шешеді" деп жазды.

"[Оның статусы] үкіметтегі лауазымды тұлғаларға байланысты. Сондай-ақ полиция жекеменшік үйлерге камерамен кіріп, видеоны интернетте жарияламауы керек. Өзінің тәні, өзінің таңдауы" деп жазды Сабирова Фейсбукте.

Өзбектердің көбі Бабашеваны жұмысын жалғастыруға жігерлендіруге тырысты.

"Күрес тоқтамауы керек. Әпкеміз берілмеуі керек. Ол мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлығын ашуы үшін шара қолдануы керек. Жалғыз жолымыз – алға жылжу" деп жазды Ғайрат Қаландар.

"Адасқан адам сен емес" деп жазды Зүлфия Жұманиязова.

Өзбекстан парламентінің мүшесі Расул Көшербаев Бабашеваның ісіне қатысы бар, оның жеке өміріне қол сұққан полиция қызметкерлерін жауапқа тартуға шақырды.

"[Бабашевамен болған] жағдай біздің қоғамда адамның беделін түсіру үшін жымысқы және заңсыз әдістердің бәрі пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетеді" деп жазды ол Телеграмда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG