Accessibility links

Өзбекстандағы сайлау: Шавкат Мирзияевтің кезекті жеңісі нені білдіреді? Саясаттанушы пікірі


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 22 желтоқсан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 22 желтоқсан 2022 жыл.

Сарапшылар Өзбекстандағы кезектен тыс президент сайлауын ел тарихындағы "ең сүреңсіз сайлау"деп атады. Оған дейін президенттің бұрынғы мерзімін есептен шығаратын конституциялық өзгерістер қабылданып еді. Шавкат Мирзияевтың ел танымайтын кандидаттарға қарсы бәсекеде жеңіске жететініне ешкім күмәнданған жоқ. Өзбекстан мен Қазақстандағы сайлаудың қандай ортақ тұстары бар? Мирзияевтың ел басқаруы Нұрсұлтан Назарбаевтың стиліне несімен ұқсайды? Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ислам Кәрімовті не байланыстырады? Азаттық осы сұрақтарға жауап алу үшін АҚШ-та тұратын өзбек саясаттанушысы Рафаэл Саттаровпен сөйлесті.

КОНСТИТУЦИЯ РЕФОРМСЫНАН КЕЙІНГІ БӘСЕКЕСІЗ САЙЛАУ

– Өзбекстандағы сайлау нәтижесі белгілі еді: Мирзияевтың жеңіске жететініне ешкім күмәнданған жоқ. ЕҚЫҰ миссиясы аралық есебінде сайлау бәсекесіз өткенін, президентке шынайы қарсылас болмағанын жазды. Ұйым өкілдері 2022 жылы Қазақстанда өткен президент сайлауын да сынаған. Орталық Азиядағы сайлаулар неге бәсекесіз өтеді?

Саясаттанушы Рафаэл Саттаров.
Саясаттанушы Рафаэл Саттаров.

– Біріншіден, аталған режимдерде билік бір адамның қолына шоғырланған. Бұл фактор оларды сын-пікір қабылдай алмайтын әлжуаз етеді. Олардың бар ойы – президентті ренжітіп алмау. Қоғам пікірі – екінші не үшінші орында.

Екінші фактор – билікті монополизациялау мен бар ресурсты иелену есебінен байыған элита. Олар билігінен айырылса, капиталын да жоғалтатын деңгейге жеткен. Капиталсыз қалса, билігі де болмайды. Орталық Азия елдерінде неофеодалды автократия мен олигархия қалыптасқан. Элита билігі мен капиталын абстрактілі саяси партияға емес, балалары мен немерелеріне қалдыруға мүдделі. Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Қырғызстанда бәсекеге толы сайлау неге жоғын осымен түсіндіруге болады. Өйткені элита үшін басты құндылық – капитал мен билік. Оларға идеологияның құны бір тиын.

Шавкат Мирзияевқа сайлаушылардың 87 пайызы дауыс берді

Өзбекстандағы президент сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша, қазіргі президент Шавкат Мирзияев үшінші рет, бұл жолы 7 жылға қайта сайланды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ол 87 пайыз дауыс жинаған.

Мирзияев билікке 2016 жылы елді тәуелсіздік алғалы басқарып келе жатқан авторитар басшы Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін келді. Ол бұрынғы басшы кезінде 13 жыл бойы премьер-министр болып еді.

Мирзияев президент қызметіне жаңа кіріскенде біраз реформа бастап, көп өзгеріс болады деген оптимистік болжам туғызды. Бірақ кейін Кәрімов кезіндегі репрессивті әдістерге оралды.

Мирзияев мақта алқабындағы мәжбүрлі еңбекті жойып, туризм мен инвестиция саласын дамытты. Бірақ ақпарат құралдарына қысым азайған жоқ. Сыншылар 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда болған жаппай наразылықты күшпен басқаннан кейін Мирзияевтың ұлттық бірлік пен реформаға құлшынысы азайды дейді.

– Қазақстан мен Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауынан бұрын Конституция өзгерді. Конституциялық өзгерістер референдумға шығарылды. Сарапшылар Тоқаев осыған дейінгі президенттік мерзімін есептен шығару арқылы билігін нығайтып алды дейді. Мирзияев Тоқаевтың жолын қуып жатыр ма?

– Әдісі бір, бірақ өз ерекшеліктері бар. Мирзияев жүйесі отбасылық басқаруға айналып барады. Бұл "Баас"партиясы кезіндегі Саддам Хусейн мен сириялық Асад режиміне ұқсайды. Хафез Асад билікке келгенде өз жақындарының позициясын нығайта бастады. Күш құрылымдары түгел бір отбасының қолында болды. Саддам Хусейн басқарған Иракта қауіпсіздік саласындағы басшылық қызметке не ұлдары, не күйеубалалары тағайындалатын.

Тоқаев Ислам Кәрімовке көбірек ұқсайды. Оның Мирзияев сияқты отбасы жоқ. Бірақ ол да саясатын қатаңдата бастады. Әзірге Тоқаев елді өлгенше басқарғысы келеді деген белгі байқалмайды. Өзбекстанда осындай белгі бар. Қазақстан мен Өзбекстан жүйесі қатты ұқсайды: екеуі де олигархиялық, репрессивті, авторитар.

– Тоқаев Кәрімовке ұқсайды дедіңіз. Қазақстанда 2022 жылғы президент сайлауынан кейін қысым күшейгенін байқадыңыз ба?

– Жаңалықтарды қарасақ, белсенділер ұсталып жатқанын көреміз. Мұндай қудалау бүкіл ел бойынша жүріп жатыр. Ал наразылық қатысушылары мен белсенділерді ұстау Назарбаев тұсында да, Тоқаев кезінде де болған нәрсе.

Мирзияев отбасымен бірге сайлау учаскесінде. Ташкент.
Мирзияев отбасымен бірге сайлау учаскесінде. Ташкент.

"ЖАҢА" ӨЗБЕКСТАН МЕН ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?

– Мирзияев "жаңа Өзбекстан"құрамын деді. "Жаңа Өзбекстанда"жаңа нәрсе көп пе? Бұл жаңашылдық қоғамның үдесінен шықты ма?

– Шықпады. "Жаңа Өзбекстанды" ескі Өзбекстаннан келе жатқан адамдар құрып жатыр. Шавкат Мирзияев, Абдулазиз Камилов, Акмаль Саидов, Садык Сафаев − Кәрімовтің кезінен келе жатқан адамдар. Билік әлі қатал, өзін сынағандарды түрмеге жабады. Күш құрылымдары мен шенеуніктердің билікке қарсы әрекеті жалғасып жатыр. Шағын және орта бизнес энергетикалық ресурстарға үздіксіз қол жеткізе алмайды. Экспорт пен импорт шарттары әлі жеңілдеген жоқ.

– 2022 жылғы қаңтар қырғынынан кейін Тоқаев уәде еткен "жаңа Қазақстан" туралы не айтасыз? Қазақстан билігінің реформаға ұмтылысын қалай бағалайсыз?

– Реформа нәтижесі туралы кемі 3-4 жылдан кейін айтуға болатын шығар. Мирзияев өзін реформатор, өңірдегі жаңа Ли Куан Ю ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ қарапайым автократқа айналып шыға келді.

Жаңа Қазақстан құрамыз деген нені білдіреді? Әуелі, ескі Қазақстанға анықтама беріп алуымыз керек. Оның қай тұсы жаман еді? Екеуінің айырмашылығы неде? Бір қызығы, Жаңа Қазақстанды Назарбаев дәуірінен қалған адамдар құрып жатыр.

Өзбекстан мен Қазақстанда бұл концепцияны ("жаңа Өзбекстан", "жаңа Қазақстан") саяси догмаға айналдырып, пиар ретінде пайдаланады. Бұл көп адамның ашуын туғызып отыр. Стратегиялар әртүрлі аталуы мүмкін, бірақ жаңа мемлекет құру пафосқа толы мәлімдеме, "жаңа тарихтың бастамасы”. Өзбекстанда тарихымыз 1991 жылдан басталады, белгілі бір тұлғалардың арқасында әлем картасында жеке мемлекет ретінде атымыз пайда болды деп айтып келді. Бірақ олай емес. Енді олар тарих қазіргі басшылар билікке келген сәттен басталады деп отыр. Бұл да дұрыс емес.

"Жаңа Қазақстан" мен "жаңа Өзбекстан" болса, тәуелсіз соты, университет автономиясы, зерттеу еркіндігі бар, жемқорлықты жеңген, нағыз меритократия мен деолигархизация көрініс тапқан ел болсын, неге болмайды? Жаңа партия тіркеуге кедергі келтіретін заңдарды, эфирден пропагандистерді алып тастау керек. Бірақ олай болып жатқан жоқ.

– Астана сіздің сөзіңізге келіспей, Тоқаевтың бастамасымен саяси партияларды тіркеу жеңілдеді, көктемгі парламент сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатысты деуі мүмкін.

– Қағаз жүзінде бәрі жақсы бола береді. Конституция сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізуге құқығына кепілдік береді. Бірақ осы еркіндігіміз қайда? Тәуелсіз ақпарат құралдары мен кандидаттарды қаралап, шабуыл жасайды. Қыста Қазақстанда тәуелсіз журналистердің мүлкіне залал келтірді (журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртенді, оператор Роман Егоровтың көліктері жарылды – ред.). Ескі Қазақстанда да солай еді ғой.

Мен үшін ескі не жаңа мемлекет жоқ. Жаңа әкімшілік, келіп-кететін тұлғалар ғана бар. Тарих оларға байланып, солармен аяқталмайды.

Өзбекстандағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан әйел. Ташкент, 9 шілде 2023 жыл.
Өзбекстандағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан әйел. Ташкент, 9 шілде 2023 жыл.

ОТБАСЫЛЫҚ БАСҚАРУ, ОЛИГАРХИЗАЦИЯ: ӨҢІР МЕМЛЕКЕТТЕРІ АВТОКРАТИЯ БОЛЫП ҚАЛА МА?

– Мирзияевтың басқару стилін көбі Назарбаевқа ұқсатады. Астыртын ықпалы зор күйеубаласы мен саясатта жүрген қызы бар. Бір жағдай бола қалса, қол астындағыларды кінәлайды, ал президент судан ақ, сүттен таза болып шығады. Назарбаев пен Мирзияевтың басқару стилі ұқсай ма?

– Ұқсайды. Мұны отбасынан да көріп отырмыз: президенттің жақындары негізгі ресурстар мен мемлекеттік компания/банктердегі жоғары қызметтерді иеленіп отыр. Олигархизация деңгейі де ұқсайды. Хафез Асад, Саддам Хусейн немесе [Хосни] Мубаракпен де ұқсастық бар. Ойын ережесін күш құрылымдары анықтайды. Саясат, экономика, қауіпсіздік – бәрі солардың қолында.

– Гүлнәра Кәрімова, Дариға Назарбаеваның басындағы жағдай екінші президенттерге неге үлгі болмайды?

– Олар біз – басқамыз деп ойлайды. Бірақ өзіне дейінгі басшылардың қателігін қайталайды. Өйткені екінші президенттерге сол баяғы адамдар қызмет көрсетеді. Олар ереже бойынша жүрмейді. Мәселе – Мирзияевте емес. Ертең ол кетсе, орнына басқа адам келеді. Ал қол астындағылар бәз-баяғы қалпында қызмет ете береді. Жүйе – солай, қоғам өз салығы қайда жұмсалып жатқанын қадағаламайды, саясатқа араласпайды. Мұндай жағдайда отбасылық билікті нығайтуға үлкен мүмкіндік бар.

– Қазақстанда сайлаудан кейін қысым күшейгенін айттыңыз. Өзбекстан да осы жолды таңдауы мүмкін бе?

– Поцесс жүріп жатыр. Кейде саясат туралы жазбайтын блогерлердің өзі қысымға ұшырап жатады. Билік миллионнан астам оқырманы бар адамдардан қорқады. Ертең билікке қарсы бірнәрсе айтып жүре ме деп қауіптенеді. Одан да алдын-ала бақылауға алып, кішкене қысым көрсетейік дейді.

Бұрын биліктің сыншыларын тұтқындап, азаптайтын. Олар саяси тұтқынға айналып, құқық қорғау ұйымдары босатуды талап ететін. Қазір билік басқаша әрекет етеді. Блогерлерді блогер болғаны үшін емес, жол ережесін бұзғаны немесе билік өкілін қорлағаны үшін ұстайды. 15 тәулікке қамайды. Босап шыққан соң әлгі азамат блогының бағытын өзгерткісі келетінін, енді басқа тақырыптарды көтеретінін айтады. Қысым көргенін бірден түсінесің.

– Орталық Азия елдері автократ болып қала ма?

– Олай ойламаймын. Халқымыз феодал, әлсіз, қатыгез, жауыз басшылардың қол астында болған кездердің өзінде демократизация идеясын көтеріп, ағартушылықпен айналысатын прогрессивті адамдар болған. Үміт үзілді дегенде әртүрлі қозғалыстар шыққан. Тарихымыз Назарбаев не Кәрімовтен басталмайды. Тоқаев пен Мирзияевтен де бітпейді. Авторитаризмнің мәңгілік кепілгері болмаймыз. Осымен жұмыс істеу керек. Болашақ өзгерістердің куәсі болуымыз мүмкін. Бұл не 1904-1905 жылдардағы Иран революциясы, не Польша, Румыния, Оңтүстік Кореядағы демократиялық трансформациялар сияқты болады. Қайткенде де, өзгеріс болады. Оған күмәнім жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG