Accessibility links

Каримов резиденциясының темір қоршауын алып тастады


Ислам Каримовтің дайын тұрған ескерткіштері. AsiaTerra жариялаған суреттер.
Ислам Каримовтің дайын тұрған ескерткіштері. AsiaTerra жариялаған суреттер.

Жұмысшылар Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің жұмыс орны болған «Ақсарай» резиденциясының темір қоршауын алып тастады. Қазір резиденция территориясында марқұм Ислам Каримовтің ескерткішін қоюға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстанның халық суретшісі, мүсінші Ильхом Джаббаров Ислам Каримовтің үш ескерткішін әзірлеп қойды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің ақпаратына қарағанда, Ташкентте тұратын өнертанушы Акмаль Ризаев «Ислам Каримовтің жасалып біткен үш ескерткішінің біреуі оның бұрынғы жұмыс орны «Ақсарай» («Оксарой») резиденциясының аумағына орнатылатынын» айтқан. Қазір бұл резиденцияда Ислам Каримовтің музейі құрылып жатыр.

Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев «Ақсарай» резиденциясын және Ислам Каримовтің одан басқа екі резиденциясы «Көксарай» мен «Дүрменді» де пайдаланғысы келмеді. Өткен айдың соңында Мирзияев жаңа резиденциясына кірді. Ол сарай Ташкент облысындағы табиғаты әсем жерлердің бірінде, Шыршық өзені бойындағы Байытқорған ауылында орналасқан.

«Ақсарай» резиденциясы.
«Ақсарай» резиденциясы.

Өнертанушы Акмаль Ризаевтің сөзіне қарағанда, тамыздың 15-і күні жұмысшылар «Ақсарай» резиденциясының темір қоршауын алып тастаған. Резиденция территориясына қарапайым азаматтардың табаны ширек ғасыр тимеген еді. Өнертанушы Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісіне:

- Бүгін жұмысшылар темір қоршауды алып тастады. Қазір резиденция территориясында Ислам Каримовтің ескерткішін қоюға дайындық жұмыстары жүріп жатыр – деді.

Ташкенттегі тәуелсіз журналист Алексей Волосевич Нүкіс көшесіне жақын жердегі мүсін комбинатына барып, Өзбекстанның бұрынғы президентінің дайын тұрған екі ескерткішін көріп қайтты. Ол Каримовтің ескерткіштерінің суреттерін өзінің AsiaTerra интернет-басылымына жариялады. Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісіне Волосевич «Каримовтің ескерткіштерінің бетоннан жасалғанын, қола-күміс түске боялғанын» айтты.

- Ескерткіштердің бір-бірінен аздап ерекшеліктері бар. Бір-бірінен аумайды деуге келмейді. Бір ескерткіште Каримов қолын қалтасына салып тұр, екіншісінде қолын қалтасына салмаған, - дейді ташкенттік журналист Алексей Волосевич.

2016 жылы ақпан айының басында Өзбекстан тұңғыш президенттің ескерткішін жасауға халықаралық байқау жариялаған. Биыл сәуірде оның нәтижесі жарияланып, байқаудың жеңімпазы белгілі болған. Сөйтіп, Каримов ескерткіштерін онымен жеке таныс болған мүсінші Илхом Жаббаров жасады.

Оқи отырыңыз: Каримовтің мүсінін одан жапа шеккен шебер сомдамақ

Каримов ескерткіші.
Каримов ескерткіші.

Алайда Акмаль Ризаевтің пікірінше, «Каримовтің ескерткіштері Жаббаровтың ең жақсы жұмыстары емес».

- Ескерткіштерді білекті сыбанып тұрып жасамағаны көрініп тұр. Совет мүсіншісі Александр Кибальниковтің жұмыстарына еліктеу сияқты көрінді. Әсіресе, Каримовтің қолын қалтасына салып тұрған ескерткіші Кибальников жасаған Маяковский ескерткішіне ұқсайды, - дейді ол.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі телефон арқылы Илхом Жаббаровпен сөйлесті. Алайда мүсінші өзінің «ырымшыл» екенін айтып, комментарий беруден бас тартты. Кейінгі 30 жылда Илхом Жаббаров өзінің мүсіндері ресми түрде ашылғанша БАҚ-қа комментарий бермейтін әдет тапқанын айта кету керек.

Биыл қаңтардың 25-і күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев «Өзбекстан Республикасының түңғыш президентін мәңгі есте қалдыру» туралы қаулыға қол қойды. Одан бөлек, Мирзияев тиісті мекемелерге Ислам Каримов ұзақ жылдар жұмыс істеген «Ақсарай» резиденциясын оның атындағы ғылыми-ағарту мемориалдық кешеніне айналдыруды тапсырды.

Акмаль Ризаев «Каримовтің «Ақсарайдағы» ескерткіші қыркүйектің 1-і күні ашылады деп жоспарланғанын» айтады. Илхом Жаббаров жасаған Каримовтің басқа ескерткіштері Самарқан мен Қаршы қалаларында қойылмақ.

Түркіменстанда тұратын этникалық өзбектер Ислам Каримовтің бюсті жанында тұр. Ашғабат, 7 наурыз 2017 жыл.
Түркіменстанда тұратын этникалық өзбектер Ислам Каримовтің бюсті жанында тұр. Ашғабат, 7 наурыз 2017 жыл.

Ертеректе Өзбекстанның бұрынғы президентінің кенже қызы Лола Каримова-Тилляева Instagram парақшасында әкесінің Мәскеуде қойылатын ескерткішін британдық мүсінші Пол Дэй жасайтынын хабарлаған.

Қайтыс болғаны туралы 2016 жылы қыркүйектің 2-сі күні хабарланған Ислам Каримовке алғашқы ескерткіш Түркіменстанның Түркіменабат қаласында орнатылған еді. Биыл наурыздың 7-сі өткен ескерткішті ашу салтанатына Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысқан болатын.

XS
SM
MD
LG