Өзбекстан халқы президент Ислам Каримовтің қазасына қайғырып жатқанда бүкіл елдегі мейрамханалар «құдайы» деп аталатын дәстүрлі шараны өткізді. Марқұмды еске алып, тегін тамақ үлестірді.
Бірақ қайтыс болғаны қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Каримовтің құдайы тамағының шығынын өзбек азаматтары мен кәсіпорындар көтерген.
Аты-жөнін атамауды өтінген азамат Азаттықтың Өзбек қызметіне биліктің Ташкентте және Каримовтің туған қаласы Самарқанда берілген құдайы тамақтың шығынын жергілікті кәсіпорындар мен қатардағы азаматтарға төлеткенін айтады.
Самарқандағы бір мұғалім «Қалада жеке кәсіпкер көп. Қала әкімі президенттің асын өткізу шығынын көтеруді соларға міндеттеген. Оны жиһаз жасаумен айналысатын досымнан естідім» деді. Оның айтуынша, «қала аудандарының комитеттері қысым жасап, тұрғындардан шағын сома жинауды талап еткен».
«Қала басшысы «шамаларың келгенше садақа беріңдер» деді. Біреулер 10 мың сом (3,35 доллар), басқалар 100 мың сом (33 доллар) төледі» дейді ол. Өзбек дәстүрі бойынша құдайы тамақ палау (ет пен күріштен жасалған тағам), салат және нан мен шайдан тұрады.
Шара кезінде кем дегенде бір имам Құран оқиды және марқұм үшін жұрт дұға жасайды. Каримовке арналған құдайы тамақ қыркүйектің 5-і күні елдің барлық аймақтарында өтті. Ferghana.ru тәуелсіз сайты бір топ адамның мейрамханаға кіруге кезекте тұрған бейнебаянын жариялады.
Сайтта адамдардың қыркүйектің 5-і күні тегін таратылған құдайы тамаққа келгені баяндалған. «Палаудың ақшасын төлейтін баяғы бюджеттік қызметкерлер» дейді Ташкенттегі балабақша менеджері.
«Мәжбүрлеп ақша жинату президент тірі кезде де бар еді, ол өлген соң да жалғасып жатыр» дейді ол ренішпен. Каримовті аза тұту әлі аяқталған жоқ. Жергілікті дәстүрге сай құдайы тамақ марқұмның жетісі, қырқы сияқты өлімнің артын күту ғұрыптары кезінде де берілмек.
Азаттықтың Өзбек қызметі мен Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.