Республика тұрғындарының газ бен жарыққа берешек ақшаларын алу мақсатында өткізілген науқан аясында танымал дін қайраткері де үндеу жасады.
Podrobno.uz интернет-басылымының жазуынша, Ташкенттегі халықаралық баспасөз клубы отырысына қатысқан Әнуар қариТұрсынов тұрғын үй – коммуналдық қызметтерге қарызы бар азаматтардың қажылыққа бара алмайтынын ескертті.
Ташкенттің бас имам-хатибы «Тым құрығанда бір сом қарызы бар адамның қажылығы қабылданбайды. Ондай адамдарды тіпті ұшаққа отырғызбаймыз» деген. Ол мұсылмандарға адамның Алланың алдында судың әр тамшысын бекер жұмсағаны үшін жауап беретінін ескертіп, «Өзбекстанда намаз оқып, қажылыққа баратын, бірақ электр қуатын пайдаланғаны үшін қаржы төлемейтін адамдар бар» деген.
Биыл мамырдың соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің бұйрығымен республиканың бас прокуратурасы жанынан мәжбүрлі орындату бюросы құрылды, ол электр энергиясы мен газ бойынша қарыздарды төлетуге жауап береді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне байланысты қарызды қайтарумен хокимият (әкімдік), банк, білім беру мекемелері, махалла комитеттері мен салық инспекциясы, ішкі істер минитсрлігі және басқа мемлекеттік мекеме қызметкерлері айналысады.
Өзбекстанда бірнеше жылдан бері энергетикалық дағдарыс байқалады. Тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге жауапты кәсіпорын шенеуніктері де оны мойындайды.
Өзбекстан тұрғындары талай жылдан бері жарық пен газдың жоқтығын айтып шағымданып келеді. Республиканың көптеген аймақтарында адамдар электр жарығын үздіксіз пайдалана алмайды, жарық күніне бірнеше сағат қана беріледі. Мемлекеттің кейбір облыстарында талай жылдан бері газ жоқ.
Ресми деректер бойынша, қазіргі кезде газ бен электр энергиясына Өзбекстанның жеке және заңды тұлғалары 5 триллион сомнан (1,25 миллиард доллар) астам қаражат қарыз. Қазір Өзбекстанда есептегіш құралдардың пломбасын жұлып алуды аңду күшейді.
Шілденің 1-інен бастап электр энергиясы, жылу энергиясы, табиғи газ, суық және ыстық су есептейтін аспаптардың пломбасын әдейі бүлдіргені үшін азаматтарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартатын болады.
«Өзбекстан жаңалықтары» газеті жазғандай, электр, жылу, газ және су құбыры желісіне өз бетімен қосылу немесе электр, жылу энергиясы, табиғи газ, суық және ыстық суды есептеу аспаптарын әдейі сындыру немесе олардың көрсеткіштерін өзгертуге тырысудан соң әкімшілік жазалауға тартылса, содан кейін бұл әрекеттер тағы қайталанса айлық жалақының төменгі көрсеткішінің 25-75 көлемінде айыппұл салынады не 240 сағат міндетті қоғамдық жұмысқа салынады немесе 1 жылға дейінгі мерзімде еңбекпен түзеу жұмысына кесіледі.
Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөздері хабарлағандай, барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері жеке тұлғалардан тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге қарызын өндіруге жұмылдырылған.