Accessibility links

Аборт сотында "инцест болғаны" айтылды


Самарқандағы №2 перзентхана.
Самарқандағы №2 перзентхана.

Самарқан облыстық қылмыстық істер сотында "заңсыз түсік жасады" және "түсік жасап алынған шарананы перзентхананың муфель пешінде өртеп жіберуге тырысты" деп айыпталатын екі дәрігердің ісі қаралып жатыр. Дәрігерлер перзентхананың муфель пешінде жағып жіберуге тырысқан төрт шарананың екеуі инцест, яғни жақын туыстар арасындағы жыныстық қатынастан біткен бала екені сот отырысы кезінде анықталған.

Азаттықтың Өзбек қызметіне бұл жайлы "заңсыз түсік жасады" және "түсік жасау арқылы алынған шарананы перзентхананың муфель пешінде өртеп жіберуге тырысты" деп айыпталатын жергілікті екі дәрігердің ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі барысын бақылаған самарқандық блогер хабарлады.

- Кезекті сот отырысында куәлердің жауаптары тыңдалды. Наурыздың 16-сы күні дәрігерлер түсік жасау арқылы алынған төрт шарананы перзентхананың муфель пешінде жағып жіберуге тырысқаны, ал оның екеуі инцесттен біткен бала екені анықталды. Бірақ ол күні газ қысымы әлсіз болып, олар әлгі шараналарды толық өртей алмаған. Куәлердің сөзінше, жасанды түсік жасап алған шараналардың бірі 17 жастағы бойжеткендікі, оны Самарқан университеттерінің бірінде оқитын 24 жастағы ағасы зорлаған. Бойжеткен баладан құтылуды ұйғарып Самарқандағы жеке меншік клиникалардың біріне жүгінген (Азаттықта әлгі клиниканың атауы мен мекенжайы бар – ред.), - дейді жергілікті блогер.

Самарқан облыстық прокуратурасының аты-жөнін көрсетпеуді өтінген тергеушісінің айтуынша, Өзбекстанда жасанды түсікті тек мемлекеттік медицина мекемелерінде ғана жасауға болады. Жекеменшік клиникаларда аборт жасауға рұқсат жоқ. Самарқан облыстық прокуратурасының тергеушісі:

...туған ағасынан жүкті болған 17-дегі қызға жасанды түсікті жекеменшік клиника дәрігері жасаған. Абортпен алынған шарананы Самарқан қаласындағы №2 перзентхананың муфель пешінде өртеп жіберуге тырысқан.

- Бірақ туған ағасынан жүкті болып қалған 17-дегі қызға жасанды түсікті жекеменшік клиника дәрігері жасаған. Сосын абортпен алынған шарананы Самарқан қаласындағы №2 перзентхананың муфель пешінде өртеп жіберуге тырысқан, - дейді.

Оның сөзінше, қазір Самарқан облыстық соты екі дәрігерге қатысты істі қарап жатыр. Оның біреуі №2 перзентхана дәрігері, екіншісі жеке меншік клиника дәрігері. Азаттыққа екеуінің де аты-жөні белгілі.

Бұған қоса, облыстық прокуратура тергеушісінің айтуынша, жасанды түсік жасатуға бел буған төрт әйелдің екеуі инцест құрбаны болған.

- Біреуін туған ағасы екі рет зорлаған. Ағасынан жүкті болып қалғаннан кейін ол әкесінің қаһарынан қорқып, әлгі сұмдық жайлы ешкімге айтпаған. Екінші әйелді туыс ағасы зорлаған. Екеуі де елге қарабет болудан қорқып аборт жасатқан. Инцест туралы бізге абортпен алынған шараналар перзентхананың муфель пешінде толық жанбай қалғандықтан ғана белгілі болды, - дейді тергеуші.

Самарқандағы №2 перзентхананың бас дәрігері Ильхом Хазраткуловтың Азаттыққа айтуынша, дәрігерлердің абортпен алынған шараналарды перзентхананың муфель пешінде жағып жіберуге тырысқаны жайлы ол құқық қорғау органдарына өзі хабарлаған.

- Біздің перзентханада крематорий жоқ. Бірақ пайдаланылған шприц, таңғыш дәке және өзге медициналық заттарды өртеуге арналған муфель пеші бар. Жасанды түсік жасаумен заңсыз айналысқан дәрігерлер абортпен алынған шараналарды өртеп жіберу үшін пешті рұқсатсыз пайдаланған. Әлгі түсіктер біздің перзентханада емес, жекеменшік клиникада жасалғанын атап айтқым келеді. Бірақ оған бір дәрігеріміздің қатысы бар. Ал абортпен алынған екі шарана инцесттен пайда болғанын жуырдағы сот процесі кезінде ғана естідік, - дейді Самарқандағы №2 перзентхананың бас дәрігері.

Жасанды түсік жасайтын кабинет. (Көрнекі сурет)
Жасанды түсік жасайтын кабинет. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, қазір перзентханадағы пешті пайдалану тәртібі бақылауға алынған.

- Ереже бойынша, бізде абортпен алынған шараналарды өртеуге рұқсат етпейді, оларды көмуге тиіспіз, - дейді Ильхом Хазраткулов Азаттыққа.

Самарқан облысы перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнара Жураеваның Азаттыққа хабарлауынша, облыста инцест оқиғалары мұқият бақылауға алынған.

- Инцест - нашар әлеуметтік климаттың салдары. Әлгі инцест оқиғаларға біздің дәрігерлердің қатысы жоқ, олар сұмдықтың зардаптары жоймақ болған. Дәрігерлер түсікті әйелдің бойына бала инцестен біткендіктен емес, шаранада кемістік анықталған жағдайда жасайды, - дейді Гүлнара Жураева.

Өзбекстанда жергілікті БАҚ-тар инцест оқиғалары жайлы хабар таратпайды. Өзбекстан жастар одағының қазіргі төрағасы Кахрамон Куранбаев - бұл проблема жайлы ашық айтқан әзірше жалғыз шенеунік.

2015 жылы ол елде инцест көбейіп кетуіне байланысты алаңдаушылық білдірген.

- Сіздерге 2013 жылдың деректерін келтірейін. Бұл жылы елімізде 200 қыз 13 жасқа толмай босанған! Жуырда Хорезмде туған ағасынан жүкті болып қалған 12 жастағы қыз босанды. 2014 жылы Ташкентте 13 жастағы екі қыз туған әкелерінен бала туды. Енді бізге рухани тазалық керек пе, жоқ па деген сұрақ туады, - деген болатын екі жыл бұрын Кахрамон Куранбаев.

"Заңсыз түсік жасады" және "түсік жасау арқылы алынған шарананы перзентхананың муфель пешінде өртеп жіберуге тырысты" деп айыпталған самарқандық екі дәрігердің ісінің соты әлі аяқталған жоқ. Азаттық сот процесі қалай өрбитінін бақылайтын болады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG