Лола Каримова-Тилляева Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақтарында жарияланған жазбаларында әкесінің ауруханаға түскені жайлы хабарды растады. Оның сөзінше, әкесінің миына өткен аптаның демалыс күндері қан құйылған.
"Сенбі күні таңертең миына қан құйылғандықтан ауруханаға түсіп, қазір реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Қазір оның алдағы ахуалына қатысты болжам айтуға әлі ерте" деп жазды Лола Каримова-Тилляева.
Ислам Каримовтың кіші қызы бұл жазбасында 2014 жылы түсірілген отбасылық фотосын да жариялаған.
Ислам Каримовтың денсаулығына қатысты қауесет 27 тамыз күні тараған. Ол кезде Каримовтың инфаркт алғаны айтылған.
Өзбекстан президентінің ауруханаға түскені 28 тамыз күні расталған. Өзбекстан министрлер кабинеті таратқан бұл хабар Каримовтың денсаулығы туралы алғашқы ресми хабар болды. Хабарламада өзбек президентінің дәрігерлерге қаралып жатқаны айтылып, ол ақпарат тұңғыш рет жергілікті телеарнадан берілді. Дәрігер оны "тексеру мен емдеу біраз уақытқа созыларын" айтқан.
78 жастағы Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан - Өзбек ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезден бері басқарып келеді. Ол 1990 жылы Өзбек ССР-інің, ал 1991 жылы Өзбекстанның президенті болып сайланған. Ислам Каримов бес рет президент сайлауына түскен. Елдегі соңғы президенті сайлауы 2015 жылы өткен.
Ислам Каримов Өзбекстанда жыл сайын 1 қыркүйекте өтетін ел тәуелсіздігі мейрамына қатысатын.