Accessibility links

Telia компаниясы мен "Өзбекстанда пара беру" дауы


Швецияның Telia телекоммуникация компаниясының (бұрынғы TeliaSonera) бұрынғы басшысы Ларс Ньюберг Өзбекстандағы коррупциялық даудан соң қызметінен кетуге мәжбүр болды.
Швецияның Telia телекоммуникация компаниясының (бұрынғы TeliaSonera) бұрынғы басшысы Ларс Ньюберг Өзбекстандағы коррупциялық даудан соң қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Швеция прокурорлары Telia телекоммуникация компаниясының (бұрынғы TeliaSonera) экс-басшысы Ларс Ньюбергті Өзбекстанда 3G жүйесімен жұмыс істеуге лицензия алу үшін пара берді деп айыптайды. Өткен аптада бұл компания АҚШ және Нидерланд билігіне 1 миллиард долларға жуық айыппұл төлеуге келісті. Компания Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримовамен коррупциялық байланыс орнатты деп айыпталған.

Reuters агенттігінің швед прокуроры Гуннар Стетлерге (Gunnar Stetler) сілтеме жасай отырып хабарлауынша, қыркүйектің 22-сі күні Швеция прокуратурасы Telia телекоммуникация компаниясының (бұрынғы TeliaSonera) экс-басшысы Ларс Ньюберг пен осы компанияның тағы екі бұрынғы менеджеріне қарсы шағымға қол қойған.

Бұдан бір күн бұрын, яғни қыркүйектің 21-і күні Өзбекстанда Ucell атауымен жұмыс істейтін Telia компаниясы АҚШ және Нидерланд билігіне 965 миллион доллар айыппұл төлеуге дайын екенін мәлімдеген. Бұл айыппұл Өзбекстандағы коррупциялық дауды реттеу үшін төленеді.

Одан бөлек, АҚШ әділет министрлігі мен Telia арасындағы келісім бойынша, алдағы үш жыл ішінде швед компаниясы осы коррупциялық істі тергеуге, жекелеген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға көмектеседі.

Алайда, Reuters хабарына қарағанда, Ларс Ньюберг тағылған айыптарды теріске шығарады.

Reuters адвокат Стефани Плейелдің «Шамадан тыс созылып кеткен бұл іс Ньюбергті ақтаумен аяқталады деп ойлаймын. Өйткені, тағылған айыптардың дәлелі жоқ» деген сөзін келтірген.

Ларс Ньюберг пен Telia-ның тағы төрт топ-менеджері 2013 жылы қызметтерінен кеткен еді.

Еуропада жүргізілген тергеу Ларс Ньюбергтің Өзбекстанның қайтыс болған бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға көптеген миллион сома пара бергенін анықтаған еді.

Гүлнара Каримова.
Гүлнара Каримова.

АҚШ-та өткен сотта анықталған мәлімет бойынша, Telia компаниясы 2007 жылдан 2010 жылға дейін Takilant компаниясына бірнеше миллион доллар ақша аударған. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Takilant-тың иесі - Гүлнара Каримова. Прокурорлардың мәлімдеуінше, телекоммуникация саласындағы швециялық компания Өзбекстан президентінің қызына сол елдегі нарыққа өзінің еншілес компанияларын кіргізу үшін пара берген.

Тергеу басталған бетте швециялық компанияның Швейцария, Бельгия және Люксембург банктеріндегі 850 миллиондай қаржысы тұтқынға алынған еді.

Telia​ жыл соңына дейін Әзербайжан, Қазақстан, Молдова, Грузия және Өзбекстан нарығынан кетеді деген болжам бар.

VimpelCom Ltd. және Mobile TeleSystems мобильдік байланыс операторларына да қарсы коррупциялық тексерістер басталған.

2016 жылы ақпанда VimpelCom АҚШ және Нидерланд билігіне Өзбекстандағы коррупциялық дауларды реттеу үшін 795 миллион доллар төлеуге келісті.

XS
SM
MD
LG