Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісі анықтағандай, мемлекет басшысының осы мәлімдемесінен кейін үйлену тойларында сауықтық қызмет көрсететін ондаған мамандар жұмыссыз қалған.
БИСІЗ ҚАЛҒАН ӨЗБЕК ТОЙЫ
Үйлену тойларындағы сауықтық бағдарламаларды ұйымдастырып жүрген 36 жастағы хореограф (биші) Тимур енді өзіне басқа жұмыс іздеуге мәжбүр.
Оның айтуынша, президент Шавкат Мирзияев үйлену тойын артық шығынсыз өткізуге шақырған соң той өткізетін мейрамханалардың көбі оның қызметінен бас тартқан. Клиенттердің біразы үйлену вальсін үйрену сабағына келмейтін болған.
Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісіне ташкенттік хореографтың айтуынша, қалыңдық пен күйеу жігітті үйлену вальсіне немесе басқа би түріне үйреткен әр сағаты үшін ол 50 мың сумнан алып келген. Оған қоса, Тимур басқаратын шоу-балет өзбек тойларында өнер көрсетіп келген.
- Әзірге тобымызбен бірге Шымкенттегі үйлену тойларында қызмет көрсетіп жүрміз. Өзбекстанда үйлену тойларына қарсы науқан аяқталуын күтеміз, - дейді хореограф.
Тамыздың 11-і күні Ташкент облысындағы Алмалық қаласына барған президент Мирзияев үйлену тойы тақырыбын қозғап, Алмалықтағы тойларды мысалға келтірген еді.
Сол сапарында Өзбекстан президенті «Бұл тойларда өлең оқиды, дискотека билеріне билемейді. Адамдарға түсінікті әндерді тыңдайды. Қонақтар лирикалық әуенге шамалы билейді. Бұдан былай еуропалық билер, дискотекалар болмайды. Жартылай жалаңаш емес, дәстүрімізге сай билесін» деген еді.
Тамыздың 3-і күні шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тойды көп шығынмен өткізуді сынаған соң үйлену тойын өткізетін мейрамханалардың көбі «репертуарларына» өзгеріс енгізіп, «еуропалық қызмет түрлерінен» бас тартуға мәжбүр болды.
- Мейрамханалар ең алдымен біздің бишілер орындайтын еуропалық нөмірлерден бас тартты. Бишілер мемлекеттік ансамбльдерде жұмыс істейді. Екі ай бойы жалақы алмай, тойдың арқасында күн көріп жүрген еді. Енді сол мүмкіндіктен де айырды, - дейді ташкенттік хореограф Тимур.
60 МИЛЛИОН ТҰРАТЫН LOVE STORY
Президенттің үйлену тойын дүркіретіп өткізуге қарсы мәлімдемесінен би топтары ғана жапа шеккен жоқ. Азаттық тілшісімен сөйлескен Love Story шағын фильмін түсіру тобының өкілі де Мирзияевтің мәлімдемесінен соң ондаған клиенттің тапсырыстан бас тартқанын айтты. Соңғы жылдары өзбек тойларында қонақтарға жастардың «махаббат хикаясы» туралы шағын фильм көрсету сәнге айналған еді.
Өткен жылы тұрмысқа шыққан Нигора есімді келіншек Азаттыққа өзінің Love Story хикаясын 60 миллион сумға түсірткенін айтты. Үйлену тойына оның отбасы шамамен 40 мың АҚШ долларын жұмсаған.
- Ол жерде залды тірі гүлмен сәндеуші декораторлар, ғимаратты жарықтандыру мамандары, карвинг мамандары (жеміс пен көкеністерді көркемдеп кесуші шеберлер- ред.), мұздан мүсін жасаушылар болды. Үйлену тойымызға тәжірибелі шаштараздар, тігіншілер мен кондитерлер жалдадық. Президент қарсы шыққан салтанатты үйлену тойын осыларсыз елестету мүмкін емес, - дейді Нигора.
Аты-жөнін толық айтқысы келмеген танымал суретші әрі киім дизайнері Лола да осы пікірге қосылады. Ол Facebook парақшасына«Прогресшіл президенттің кешегі бұйрығын түсінбедім. Той индустриясын не үшін құртпақ?» деп жазды. Оның сөзіне қарағанда, қазір той индустриясы – көптеген өзбекстандықтардың жалғыз табыс көзі.
Азаттық тілшісімен әлеуметтік желіде сөйлескен дизайнер ауқатты адамдардың үйлену тойында қызмет көрсеткен көптеген адамдардың сол табысына киім-тамақ, дәрі-дәрмек алып, күн көріп жүргенін айтты.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ КЕСІРІНЕН ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН
Президенттің үйлену тойын артық шығынсыз өткізу туралы ұсынысына өзбекстандықтардың кейбірі қарсы. Анасының Ташкенттегі «Урикзор» көтерме сауда нарығында сауда жасаумен тапқан ақшасына үйленгелі жатқан 25 жастағы жігіт Мирзияевтің өзбек тойларына қатысты мәлімдемесінен соң отбасының шығын шеккенін айтты.
- Бір ай бойы қалыңдығыммен бірге үйлену тойы курсына бардым. Отбасымыз шоу-балет пен Love Story шағын фильмін түсіруге ақша төлеп қойды. Қалыңдықтың құрбылары киетін көйлек пен декорацияға тапсырыс бердік. Енді оның бәрін тоқтатты. Үйлену тойымды салтанатпен өткізуге кедергі келтірген Мирзияевке реніштімін, - дейді күйеу жігіт.
Өткен аптада интернетке үйлену тойы мен басқа да отбасылық мерекелерді атап өту тәртібіне қатысты кеңестер жарияланды. Бұл құжат президент Мирзияевтің үйлену тойын үлкен шығынмен өткізуге қарсы мәлімдемесінен соң пайда болды. Енді Өзбекстандағы үйлену тойы кезінде күйеу жігіт пен қалыңдықтың вальсі болмайды, тортты бірге кесіп, гүл шоғын лақтырмайды, «Love Story» шағын фильмін көрсетпейді.
Оған қоса, қонақтар саны 200-300 адамнан аспауы керек, «Туй оши» шарасына да 200 аспайтын адамды шақыру қажет, қалыңдық пен күйеу жігіт қана жеңіл көлікке отыруы тиіс, музыка даусы да қатты шықпауы керек.
Өзбек билігі осымен бірнеше мәрте үйлену тойларын реттеуге тырысып жатыр. Бірақ республика тұрғындары тойларын сән-салтанатпен өткізуін қояр емес.