Израиль армиясы шабуыл басталғалы "1500 террористі жойғанын" айтты
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторымен шекарадағы бақылауды толық қалпына келтіргенін мәлімдеді.
"Өткен тәулікте қоршаудан бірде-бір террорист өткен жоқ" деді ЦАХАЛ-дың ресми өкілі Даниэль Хагари журналистерге.
Израиль армиясының есебінше, ел аумағында ХАМАС тобының бірнеше өкілі жасырынып жүр. Жаңа ақпаратқа сәйкес, "Израильде шабуыл басталғалы 1500 террористің көзі жойылған".
10 қазан таңертең Израильде ХАМАС шабуылынан қаза тапқандар саны 900-ден асып, Израильдің Газа секторына жасаған қарымта соққысынан 700-ге жуық палестиналық өлген деген ақпарат тарады. Қаза тапқан адамдардың арасында Тайланд, Аргентина, АҚШ және Ресей сияқты шет мемлекеттердің азаматтары да бар.
Израиль қорғаныс армиясы офицерлерін ХАМАС тобы кепілге алған адамдардың отбасыларына сол жөнінде хабарлауға жұмсаған. Израильдің мәліметінше, 150-ге жуық адам тұтқында болуы мүмкін. ХАМАС "егер Израиль Газа секторындағы бейбіт халыққа ескертусіз соққы берсе, тұтқындарды тікелей эфирде өлтіре бастаймыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен.
Израиль армиясы түнде Газа секторындағы 200-ден астам нысанаға, соның ішінде "мешіттегі қару-жарақ қоймасы" мен "террористер бекінген биік мұнараға" шабуыл жасағанын хабарлады.
Израильде ХАМАС шабуыл жасаған елді мекеннен 100-ден астам адамның өлігі табылған
Израиль еріктілері Газа секторына жақын жердегі Беэри кибуцында ХАМАС шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адамды тапқанын хабарлады. Жергілікті бір тұрғын бұған дейін мыңға жуық адам тұрған кибуцтың толық жойылғанын айтты. Қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Беэри кибуцы – 7 қазанда таңертең ХАМАС шабуылына ұшыраған елді мекеннің бірі. Мұндағы тұрғындар кепілге алынып, кейін босатылғаны туралы хабар тараған.
Бұған дейін Израиль әскери өкілдері ХАМАС лаңкестеріне қосымша күштер Газадан Беэриге дейін қазылған жерасты жолымен келуі мүмкін деген болжам айтқан. 7 қазаннан бері ХАМАС шабуылы кесірінен Израиль жағынан кемінде 900 адам қаза тауып, екі жарым мыңға жуық адам жараланған. Жүздеген адам хабар-ошарсыз кетті, тағы жүзге жуық адам кепілге алынған, олар Газа секторында болуы мүмкін.
Израиль террорлық шабуылға қарымта ретінде "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп, Газа секторындағы нысандарға шабуыл жасап жатыр. Палестина тарапының хабарлауынша, Израиль қорғаныс күштерінің соққысынан 700-ге жуық палестиналық қаза тауып, Газадағы төрт мыңға жуық тұрғын жараланған.
9 қазандағы негізгі оқиғалар
- Бухарест 245 румын азаматын Израильден жеке меншік екі ұшақпен эвакуация жасаған, арасында мінәжат етуге барған екі топ бар. Бұл туралы Азаттықтың Румын редакциясы сол елдің билігіне сүйеніп хабарлады. Румыния сыртқы істер министрлігі кейінгі екі аптада Израильден 800 румын азаматы шыққанын, әлі сол шамалы адам Израильде қалғанын айтты.
- 9 қазанға қараған түні Венгрия 215 азаматын ұшақпен Израильден Будапешке жеткізгенін хабарлаған.
- Украина бас барлау басқармасы АҚШ пен Батыс елдерінде шығарылған кейбір қару-жарақ түрлерін ХАМАС радикалды топ мүшелері кейінгі күндері Израильге қарсы соғыста қолданып жүр-мыс деген хабарға байланысты мәлімдеме жариялады. Онда "Ресей Украинадағы соғыста қолға түсірген қару-жарақты Украинаға жала жабу мақсатында кейін ХАМАС-қа бергені" айтылған. Мәлімдемеде нақты қандай қару-жарақ екені көрсетілмеген. ХАМАС тобына жақын ресурстар жариялаған видеода америкалық М4 әскери мылтығына ұқсас қару ұстаған адамдар көрінеді. АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйымдар тізіміне енгізген ХАМАС радикал қозғалысы қару-жарақты Иран мен оны қолдайтын өзге топтардан алатыны бұған дейін белгілі болған. АҚШ-тағы президент Джо Байден әкімшілігін сынап жүрген, негізінен Дональд Трампты жақтайтын және Украинаға көмек беруге қарсы кейбір америкалық саясаткерлер бұған дейін Украинаға берілген қару-жарақтың біраз бөлігі ХАМАС қолына түскен болуы мүмкін деген болжам айтқан. Ақ үй әкімшілігі бұған дейін Украинаға берілген қару-жарақтың (соғыс кезінде Ресей әскерінің қолына түскендерді есептемегенде) өзге елге тарап кеткеніне ешбір айғақ-дәлел жоқ деп мәлімдеген.
- Газа секторынан тұтқиылдан шабуылдаған палестиндік ХАМАС радикал тобына қарсы соғыс жариялаған Израильдің премьер-министр Биньямин Нетаняху халыққа үндеу жасады. Ол Израиль күштерінің дүйсенбіде Газа секторына әуе соққысын аймақтағы қуатты әскери операцияның «тек басы» екенін айтты. «Олар соғысты қалап еді, енді соны алады» деді Нетаняху. Ол оппозициялық партияларды саяси айтыс-тартысты қоя тұрып, 1967 жылы Алтыкүндік соғыс басталған кездегідей ұлттық бірігу үкіметін құруға үндеді. Израиль премьер-министрі елдің қарулы күштері жүзеге асыруға тиіс бес міндетті атады.
- Әлі де болса ел аумағында қалып отырған лаңкестерді заалалсыздандыру;
- Газа секторындағы ХАМАС тобына қарсы соғыс іс-қимылына көшу;
- Солтүстіктегі шекараны Ливан жақтан қатер төндіретін радикал топтардан қорғайтын қауіпсіздік шараларын күшейту;
- Халықаралық қауымдастықтың қолдауына сүйеніп, Израильдің еркі іс-әрекетін қамтамасыз ету;
- Жеңіске жету үшін Израиль халқының бірлігін сақтау.
- Израильдің Haaretz басылымы ХАМАС шабуылынан қаза тапқан израильдіктер мен шетел азаматтарының саны, 9 қазан кешке дейін түскен мәліметтер бойынша 900 адамнан асқан деп хабарлады. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) сарбаздары мен полиция қызметкерлері де бар. 2400-ге жуық адам жараланған. Қарулы лаңкестер кемінде жүз адамды кепілге әкеткен. Олардың нақты саны беймәлім, бірақ арасында балалар мен қарттар бары белгілі. Газа секторындағы жергілікті денсаулық сақтау мекемесі шабуыл басталғалы 687 адам жараланып, кемінде 3700 адам жараланды деп мәлімдеді.
Израиль Газа секторымен шекараға 100 мың сарбаз шоғырландырды
"Біздің міндетіміз – осы соғыс аяқталғаннан кейін ХАМАС-ты енді қайтіп Израильдің бейбіт тұрғындарына ешқашан қауіп төндіре алмайтындай етіп әскери әлеуетінен айыру", – деді ол.
Израиль Газа секторында құрлықтағы операция жүргізетінін әлі ресми жариялаған жоқ.
Газа секторының денсаулық сақтау министрінің ақпараты бойынша, Израильдің қарымта шабуылынан 436 палестиндік қаза тауып, 2300-ден астам адам жараланған. БҰҰ-ның есебінше, 123 мыңнан астам адам тұрғын үй-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр болған. Олардың көбі осы сектордағы халық ең тығыз орналасқан Газа қаласына қашып барған, 73 мыңға жуық адам мектептерді паналаған. Израиль Газа секторына электр жарығын, отын және тұтыну тауарларын жөнелтуді тоқтатты.
Дүйсенбі күні таңертең Израиль армиясы Газа секторындағы 500-ге жуық нысананы әуеден шабуылдап, жойғанын хабарлады.
Израиль армиясы қарулы радикалдар басып алған аумақты түгелдей қайтара алды ма, ол туралы әзірге ешқандай ресми ақпарат жоқ. Haaretz газеті әскери дерек көздеріне сүйеніп, ХАМАС тобының қарулы мүшелері ел аумағына әлі де "көптеп" кіріп жатыр деп хабарлады. Шекара бойындағы бірнеше елді мекенде атыс жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР