Accessibility links

Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.
Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.

Газа секторындағы жалғыз электр станциясы сөндірілді

ХАМАС шабуылынан Израильде қаза тапқан адам саны 1300-ге жеткен. Газа секторындағы денсаулық сақтау министрілігі 1200 палестиндік мерт болды дейді. Екі жақтан 9 мыңнан астам адам жараланған. ХАМАС тобы Газа секторынан тұтқиыл шабуыл жасаған соң Израиль кейінгі 50 жылда алғаш рет соғыс жағдайына көшкенін ресми түрде жариялады.

10:44 9.10.2023

Израиль үкіметі 8 қазанда 40-Алеф параграфын іске қосу туралы қаулы қабылдады. Армияға әскери іс-қимыл жасауына толық еркіндік берілді деп хабарлады Kan мемлекеттік радиостанциясы.

40-Алеф параграфында мемлекеттің тіпті соғысқа апарып соғуы мүмкін төтенше шаралар қолдануға құқы бар деп жазылған. Соғыс жарияланған жағдайда халыққа және бизнеске өтемақы әдеттегі әскери опорация жүргізген кездегіден басқадай форматта төленеді.

Израиль бұған дейін 40-Алеф параграфын осыдан 50 жыл бұрын – тарихта «Заманақыр соғысы» деген атаумен қалған соғыс кезінде енгізген.

Құтқарушылар мен қауіпсіздік күштері ХАМАС тобының қарулы мүшелері бекінген полиция учаскесін алғаннан кейін қираған ғимараттың қасында тұр. Сдерот, 8 қазан, 2023 жыл.
Құтқарушылар мен қауіпсіздік күштері ХАМАС тобының қарулы мүшелері бекінген полиция учаскесін алғаннан кейін қираған ғимараттың қасында тұр. Сдерот, 8 қазан, 2023 жыл.

Өткен сенбі күні, 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасады. Осы топ бақылайтын Газа секторынан Израиль аумағына бірнеше мың зымыран атылды. Қарулы исламшылдар шекарадағы аудандарға басып кіріп, кейінгі мәлімет бойынша, 700-ден астам адамды өлтірген. Көп адамды тұтқындап, кепілге алып кеткен. Екі жарым мыңнан астам адам жараланған.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) «Темір қылыш» операциясын бастағанын жариялап, Газа секторын атқылады. Палестина автономиясының денсаулық сақтау министрлігі 370-тен астам қаза тауып, екі жарым мыңға жуық адам жараланды деп хабарлады.

Жексенбі күні Израильдің солтүстігіне жасалған зымыран шабуылына жауапкершілікті Ливандағы "Хезболла" радикалды тобы мойнына алды. Тelegram-каналдар Израиль танкілері Ливандағы исламшылдар позициясын атқылағанын хабарлады.

11:42 9.10.2023

8 қазандағы басты оқиғалар

– ХАМАС тобы сенбі күні тұтқиылдан шабуыл бастағаннан кейін Израиль кейінгі 50 жылда алғаш рет соғыс жағдайына көшкенін жариялады. Армия қажет деп тапқан әскери іс-қимыл жасауға толық еркіндік алды, тек шешім қабылдағаннан кейін үкіметті хабардар етіп отырады. Жергілікті баспасөз құралдары Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторына кіріп, әскери операция бастауы мүмкін деп топшылайды.

– Кейінгі мәлімет бойынша, ХАМАС шабуылынан қаза тапқандар саны 700-ден асқан. Бірақ исламшылдар басып алған аудандарды азат ету барысында бұл сан әлі ұлғаюы мүмкін. Реим кибуцының бір өзінде қаза тапқан 260 адам табылды деп хабарлады еріктілер. Израиль күштерінің Газа секторына әуеден жасаған қарымта соққысынан 413 адам қаза тапқан деген ақпарат тарады.

– Ұлыбритания, Германия, Италия үкімет жетекшілері, АҚШ президенті Джо Байден мен Украина президенті Владимир Зеленский Израильге қолдау білдірді. Байден Израильге қосымшша әскери көмек беруді бұйырды. АҚШ әскери-теңіз күштерінің "Джеральд Форд" жойғыш ұшақ тасығышы мен "Норманди" крейсерін және әуеден соққы жасайтын бірнеше эсминеці Таяу Шығыс аймағына аттанды.

– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Израильдегі жағдайға байланысты шұғыл мәжіліс өткізді. Жиын басталар алдында Израильдің БҰҰ-дағы елшісі ХАМАС тобын әскери қылмыс жасады деп айыптап, бұл қозғалыстың инфрақұрылымын "жоятын кез жетті" деп мәлімдеді. АҚШ мәжіліске қатысушыларды Израильге қарсы жасалған шабуылды айыптауға үндеді.

– "Әл-Жазира" телеарнасы Вашингтонның шаралары туралы ХАМАС тобының "ұшақ тасығышпен бізді қорқыта алмайды, Америка әкімшілігі бұл ісінің артын ойлауы керек" деген пікірін таратты. ХАМАС өз жақтастарын Израильмен күреске қосылуға шақырған.

– 8 қазанда Египеттің Александрия қаласында Израиль туристері отырған автобусқа оқ атылып, үш адам өлген. Израиль сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өлгендердің екеуі Израиль азаматы, біреуі Египет азаматы. Израильдің тағы бір азаматы жараланған. Жергілікті БАҚ автобусқа полицей оқ атқан деп хабарлады.

– "Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді" деді елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров. "Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз" деді ол. Смадияров Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі азаматтарына елге оралуына көмек шараларын атқарып жатқанын хабарлады.

12:48 9.10.2023

Израиль қалай қапы қалды?

7 қазанда Израильге әуелі әуеден қаптаған зымыранмен жасалған шабуылдан кейін Газа секторына жақын аудандарға тұтқиылдан басып кірген қарулы радикалдар қолынан ең алдымен бейбіт тұрғындар қаза тапты. Газаға жақын Реим кибуцында аса көп адам жиналған музыка фестивалі өтіп жатқан жерде содырлар кемінде 200 адамды өлтірген.

Израиль тарихында бірнеше елді мекенді қарулы палестиналықтардың бір мезетте басып алуы бұған дейін болған емес. Қазіргідей бейбіт тұрғын көп қырылған оқиға тек 1948 жылғы соғыста немесе екінші интифададағы құрбандар санымен теңеседі, бірақ ол кезде бір күнде мұнша көп адам шығын болмаған.

ХАМАС радикал қозғалысының Израильге жасаған бұл шабуылын АҚШ-қа 2001 жылғы 11 қыркүйекте Әл-Қаида террор тобы жасаған шабуылға теңеп жатыр.

Израиль күштерінің оңтүстіктен жасалған шабуылға дайын болмай, қапы қалуы сарапшыларды қайран қалдырды. Олар тіпті ХАМАС басшылығы да шабуыл бұлай болады деп ойламаса керек деп топшылайды.

Газа секторындағы Әл-Уатан ғимаратының қирандысына қарап тұрған әйел. Израиль армиясы осы жерде ХАМАС тобымен байланысы бар компанияның кеңсесі орналасқан деген күдікпен оны әуеден шабуыл жасап қиратқан.
Газа секторындағы Әл-Уатан ғимаратының қирандысына қарап тұрған әйел. Израиль армиясы осы жерде ХАМАС тобымен байланысы бар компанияның кеңсесі орналасқан деген күдікпен оны әуеден шабуыл жасап қиратқан.

Израиль билігі Газадағы палестиндіктерге кейбір жерлерден үй-жайды тастап, кетіп қалуға үндегенімен, халық тығыз қоныстанған аймақта операция жүргізілетін болса бейбіт адамдар көп қырылады деген қауіп бар. Ливанның оңтүстігінде орналасқан "Хезболла" тобы егер Израиль Газада ХАМАС-қа қарсы операция бастаса, онда әскери іс-қимылға көшетінін мәлімдеп, доқ көрсетті. Жай ғана мәлімдеп қоймай, Израильді нысанаға алып, бірнеше зымыран атты.

Егер солтүстікте "Хезболлаға" қарсы екінші майдан пайда болып, оған Иордан өзінінің батыс жағалауындағы Палестин территорияларында тұратындар бас көтеріп, қосылып кетсе, онда Израильге зор қауіп төнеді деп ескертеді сарапшылар. Израиль армиясы қазірдің өзінде солтүстікте қырағылығын күшейте бастады. Ал сарбаздар мобилизация нашар жүргізілді, жеткілікті қамтамасыз етпеді деп шағымданды.

Израиль мемлекеті Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, 1948 жылы құрылған. Ол кезде еврей халқы қынадай қырылған Холокост қасіреті мен оның көлемі туралы сұмдықты әлем жұрты енді-енді естіп жатқан. Еврей мемлекеті құрылған сәттен бастап Израиль қорғаныс армиясы әлемдегі ең жақсы дайындалған армиялардың бірі саналатын.

13:01 9.10.2023

Қырғызстан Израиль мен ХАМАС-ты соғысты тоқтатып, диалог бастауға шақырды

"Қырғыз Республикасы көп адамның ажалы мен бүліншілікке апарып соққан Израиль-Палестина жанжалының ушығуын алаңдаушылықпен бақылап отыр. Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу, бейбіт адамдарды қорғау мен тұрақтылық үшін тараптарды соғыс қимылын доғаруға және тезірек саяси-дипломатиялық диалог бастауға үндейміз", – деп жазылған 9 қазанда Қырғыз СІМ жариялаған мәлімдемеде.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG