"Бірнеше рет көштім, тығылатын жер қалмады". Газадағы бойжеткеннің әңгімесі
Израильде қаза тапқан адам саны 1200-ге, Палестинада — 950-ге жетті
ХАМАС шабуылынан Израильде 1200 адам қаза тапқан. Бұл туралы Израильдің хабар тарату корпорациясына кіретін "Кан" телеарнасы хабарлады. Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясының жалпыұлттық радиостанциясы ("Галей ЦАХАЛ") құрбан болғандар бір мың адамға жетті деген.
Екі жақтан жиынтығы он мыңға жуық адам жараланған. ХАМАС шамамен жүзден астам адамды кепілде ұстап отыр дейді Израиль тарабы.
Газа секторындағы денсаулық сақтау министрілігің кейінгі дерегінше, сенбіден бері 950 палестиндік мерт болған. Олардың жартысына жуығы – әйелдер мен балалар, тағы 4500 адам жараланған.
Иордан өзенінің Батыс жағалуында 21 палестиндік қаза тауып, ондаған адам зардап шеккен.
NYT: Израиль шекараны қалай қорғай алмай, қапы қалғанын анықтады
Израиль сарапшылары ұлттық армиясы мен қауіпсіздік қызметіне ХАМАС радикал тобының ел аумағына басып кіруіне тосқауыл қоюға кедергі келтірген төрт себепті атады. Мұны Израиль үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп New York Times газеті хабарлады.
Газеттің жазуынша, бұл алдын ала тұжырым болғанымен, Израильдің мұндай шабуылға дайын болмай, қапы қалуына Израиль арнайы қызметінің ХАМАС радикалдарының байланыс желісін бақылаудағы қабілетсіздігі басты себептердің бірі болған. Олар шабуыл алдында ғана армия басшыларына ХАМАС байланыс желілерінде әдеттен тыс белсенділік байқалғанын ескертуге тырысқан, бірақ онысы елеусіз қалған.
Екінші себеп — Израиль Газа секторымен шекарадағы жағдайды бақылауда электроникаға шамадан тыс иек артқан. Кейінгі жылдары Газамен шекарада сарбаз саны азайып, орнына көптеген бақылау камерасы, сенсор құрылғылар мен қашықтан басқарылатын пулеметтер қойылған. Шабуыл алдында лаңкестер дронның көмегімен байланыс мұнараларын нысанаға алып, Израиль армиясын ол құралды қолдану мүмкіндігінен айырған, бұл оларға шекараның 30 тұсынан елеусіз өтіп кетуіне мүмкіндік берген.
Үшіншісі – Газа шекарасындағы дивизия жетекшілігін ХАМАС содырлары шабуылға кірісе сала басып алған бір базада орналастыру – әскери басшылық жіберген оперативтік қателік болды.
Төртіншісі — байланыс желіcін тыңдау кезінде ХАМАС басшыларының Израильге шабуыл жасау ниеті жоқ деген сөзін шындық деп қабылдап, иланып қалу. ХАМАС мүшелері олардың әңгімесі тыңдалатынын біліп, Израиль арнайы қызметін жаңылыстырған болуы әбден мүмкін.
АҚШ президенті Байден: ХАМАС-тың әрекеті – нағыз зұлымдық
АҚШ президенті Джо Байден 10 қазан кешке Ақ үйде Палестинаның ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылына және Израиль мен Газа секторындағы ұрыс қимылдары туралы сөз сөйледі. АҚШ президенті ХАМАС-тың әрекетін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремист тобы жасаған ең қанқұйлы терактілерді еске түсіретін "нағыз зұлымдықтың өзі" деп сипаттады.
АҚШ президентінің сөзінше, "ХАМАС Палестина халқының құқығын қорғамайды, оның алға қойған жалғыз мақсаты – еврейлерді өлтіру".
Байден шабуыл салдарынан мыңға жуық адам қаза тапқанын айтып, оның ішінде 14 АҚШ азаматы барын мәлімдеді. Шабуыл жасаған жиһадшылар бейбіт адамдарды, соның ішінде балалар мен қарттарды, Холокост кезінде аман қалған адамдарды өлтірген деді АҚШ президенті. Ол ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды еске салды, олардың арасында Америка азаматтары бар екені айтылды.
Байден сөзінде АҚШ-тың Израильді қолдайтынын бірнеше мәрте айтты. Оның сөзінше, Израильдің өзін қорғауға "құқығы ғана емес, міндеті де бар". Байден Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаняхуды "соғыс заңын сақтауға" шақырғанын мәлімдеді.
Байден Израильді қолдауға қосымша қаражат бөлу мәселесін, Израильдің қорғанысын қажетті құралдармен қамтамасыз ету жайын Конгреспен бірлесіп қарастыратынын айтты. Ол көбіне әуе қорғанысы құралдары туралы сөйледі. Қажет болса АҚШ аймаққа қосымша әскери күш жіберуге дайын деді Ақ үй басшысы. Байден АҚШ кез келген үшінші мемлекет немесе ұйымдарға қақтығыстың ушығуын пайдаланбау туралы алдын ала ескертетінін мәлімдеді. Президент Америка халқын бірлікке үндеп, қазіргі сәтте Израильді қолдау саясат мәселесі емес, ол әлем бойынша, соның ішінде АҚШ-та қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі екенін айтты.
Сейсенбі күні кешке АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің жақын арада Израильге баратыны белгілі болды. Ол ХАМАС тобы Израильден кепілге алынған адамдарды босату мәселесін талдайды.
7 қазаннан бері ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылынан осы елдің кемінде мың тұрғыны қаза тауып, үш жарым мыңнан астам адам жараланған. Газа секторындағы денсаулық сақтау мекемесі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп хабарлады.
ПІКІРЛЕР