Израиль армиясы Газа халқын оңтүстікке кетуге және ХАМАС-қа "тірі қалқан" болмауға шақырды
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мәлімдемесін әлеуметтік желіде жариялады.
"ХАМАС террор ұйымы (бұл қозғалысты Израиль, АҚШ, Еуропа одағы мен басқа да бірқатар ел террор ұйымы деп таныған) Израиль мемлекетіне қарсы соғыс жүргізіп жатыр, ал Газа секторы ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақ. Эвакуация сіздерге қауіпті болмас үшін жасалады. Рұқсат туралы хабардан кейін ғана Газа қаласына орала аласыз. Израиль шекарасындағы қоршауға жақындамаңыз" делінген хабарламада.
Израиль әскері алдағы күндері қалада ұрыс қимылдары жалғасады, ЦАХАЛ "бейбіт тұрғындарға зиян тигізбес үшін бар күшін салады" деді.
ЦАХАЛ-дың ресми мәлімдемесіне дейін Газа халқына үндеу туралы БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик хабарлаған. Оның айтуынша, солтүстіктегі Вади Газаның шамамен 1,1 миллион тұрғыны оңтүстікке кетуге тиіс. Эвакуация жөнінде бұйрықты БҰҰ қызметкерлері де алған.
Стефан Дюжаррик Израиль армиясы эвакуацияға 24 сағат уақыт бергенін, алайда осынша қысқа мерзімде бұл талапты орындау мүмкін емесін мәлімдеді.
Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан ұйымның реакциясын "ұят" деп атады. Ол "БҰҰ жылдар бойы ХАМАС тобының бейбіт тұрғындар мен Газа секторы инфрақұрылымын адам өлтіру мен қару-жарақ жинау үшін пайдаланғанына көз жұма қарап келді" деді.
Израильде білімін жетілдіріп жатқан қазақстандықтың әңгімесі
Қазақстан 124 азаматын Израильден арнайы ұшақпен елге жеткізді. Бірақ ХАМАС террор тобының тұтқиыл шабуылынан кейін соғыс жағдайына көшкен елде әлі де жүздеген қазақстандық бар. Кейбіреуі әзірге сонда қала тұруды жөн көрген.
Қазір Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова қазір Израиль технологиялық институтында жұмыс істейді, докторантурадан өтіп жатыр.
ХАМАС тобының шабуылынан кейін оның әріптестері мен студенттердің бір бөлігі мобилизация бойынша Израиль қорғаныс армиясы қатарына шақырылған, қазір сол жастар Газа секторымен және елге қатер төнуі мүмкін деп саналатын Ливанмен шекарада әскери қызмет атқарып жүр.
Ақмарал Рақымжанованың Қазақстандағы туыстары Израильде не болып жатқанын жіті қадағалап отыр. Олар Ақмаралға үйге орал, тым болмағанда уақытша келіп қайт деп бірнеше рет айтыпты. Ақмаралдың Қазақстанға ұшақпен кетіп қалуға мүмкіндігі болды. Толығырақ оқыңыз ⇒
Израиль мен ХАМАС қақтығысы: ең маңызды 5 сұраққа жауап
Израиль мен ХАМАС арасында ондаған жылдар бойы шешілмеген кикілжің тағы бір қақтығысқа ұласты. Бұл кикілжіңге сыртқы күштер де тартылып, Таяу Шығыстың тұрақтылығына қауіп төнді.
Қақтығыс қалай басталды? Израиль мен Палестина арасында бұған дейін қандай қақтығыстар болды? Неліктен? Бейбіт келісімге келуге талпыныс жасалды ма? Ол немен аяқталды?
ПІКІРЛЕР