БАТЫС ЕЛДЕРІ ҚЫРҒЫНДЫ ТОҚТАТУҒА ШАҚЫРАДЫ
Германия канцлері Ангела Меркельдің өкілі Штеффен Зайбер ақпанның 21-і күні маңындағы Шығыс Ғута ауданындағы қырғынды тоқтату үшін Ресей мен Иранды Сирия үкіметіне Шығыс Ғута ауданындағы қырғынды тоқтату үшін қысым жасауға шақырды. Ол бұған дейін Астана қаласында Сирия мәселесі бойынша өткен келіссөздерде Мәскеу мен Тегеранның Сириядағы өзге аймақтармен бірге Шығыс Ғутада да атыс тоқтайтындығына кепілдік бергенін еске салды.
"Бұл екі одақтасының қолдауынсыз Асад режимі бүгін ол жерде тұрмас еді және де ондай қолдау болмаса бұл режим БҰҰ келіссөздері процесіне қатысуға анағұрлым ынта танытар еді", - деген ол.
Оқи отырыңыз: Сирияда жаңа деэскалация аймағы құрылады
Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде өткен баспасөз мәслихатында өз елі Шығыс Ғутадағы әскери іс-қимылдарды батыл түрде айыптайтыны туралы мәлімдеген. Ол бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға мүмкіндік туғызу үшін "бітімге" келуге және жанжал аймағына гуманитарлық жүктерді жіберуге шақырған.
ҚҰРБАНДАР САНЫ КӨБЕЙДІ
Сирияда президент Башар Асадтың үкіметіне қарсы наразылық шерулерін биліктің басып-жаншуынан бастау алған азамат соғысы жеті жылға жалғасып отыр. Ресей мен Иран бұл соғыста Асад режиміне қолдау танытып келеді. Ресей 2015 жылы Сирияда әскери әуе операциясын бастап, соғыстың Асадтың пайдасына қарай өрбуіне септескен.
Дамаск қаласының маңындағы Ғута ауданының шығыс бөлігі бес жылға жуық уақыттан бері Асад режиміне қарсы күресіп жатқан көтерілісшілер бақылауында. Соңғы күндері онда үкіметшіл күштердің соққысы салдарынан бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар саны көбейе түскені туралы хабарлар тарады.
Шығыс Ғутадағы соққылардан бейбіт тұрғындар зардап шекті
Сәрсенбі күні БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Зейд әл-Хусейн соңғы екі аптаның ішінде үкімет күштерінің Шығыс Ғутаға қарсы әуе шабуылдары мен артиллериялық қарудан берген соққылары салдарынан кемінде 340 бейбіт тұрғын мерт болып, 800-ден астам адам жараланғаны туралы мәлімдеген.
Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығының сақталуын қадағалайтын орталықтың дерегінше, ақпанның 19-ы күні аталған ауданды бомбалау салдарынан 127 адам қаза тапқан, сейсенбіде тағы елуге тарта адам мерт болған.
Шығыс Ғутада жұмыс істеп жүрген дәрігердің айтуынша, сириялық үкімет күштері ол аудандағы "кез-келген нысанды: дүкендер, базарлар, ауруханалар, мектептер мен мешіттерді" нысанаға алып, әуеден соққы жаудырған.
Сириядағы қарулы жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі Женевадағы келіссөздердегі оппозиция делегациясының жетекшісі Насер Әл-Харири: "Шығыс Ғутада халықаралық құқықта анықтамасы айқын берілген әскери қылмыс жасалып жатыр" деп мәлімдеген.
Ақпанның 21-і күні БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Дамаск маңындағы бейбіт тұрғындардың басындағы жайтты апатты жағдай деп атаған.
РЕСЕЙ АЙЫПТАУДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ
Кей деректер бойынша, Башар Асад әскерінің қоршауындағы Шығыс Ғутада 400 мыңға жуық бейбіт тұрғын бар. Бақылаушылар Шығыс Ғутаға қарсы шабуылдарға сириялық үкімет жасағымен бірге "ресейлік әскери әуе күштерін" айыптайды.
Вашингтон Мәскеуді Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетуді доғаруға шақырған.
"Асад режимі жаңа зұлымдықтарын тоқтатуы тиіс, ал Ресей мен Иран Дамаскіні оған айдап салуды доғаруы керек", - делінген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерстің мәлімдемесінде.
Сирия туралы бес сауал
СИРИЯ ТУРАЛЫ БЕС САУАЛ
- Соғыс қалай басталды?
- Асадтың режимі қалай құрылды?
- Сирияда кімдер тұрады?
- Алавиттер деген кім?
- Жиһад деген не?
Кремль Шығыс Ғутадағы бейбіт тұрғындарды мерт қылған шабуылдарға Ресей күштерінің қатысы барын жоққа шығарды.
"Бұл жалаң айыптаулардың неге сүйеніп жасалғаны түсініксіз. Нақты бір деректер келтірілмеген. Біз олармен келіспейміз", - деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Дамаскінің Шығыс Ғутадағы операциясын бейбіт тұрғындарға емес, "терроршыларға" қарсы соққы деп атаған.
"Джебхат әл-Нусра" террорлық ұйымы содырлары арандатуларын тыймай отыр. Мәселен, Шығыс Ғутадан Дамаскінің тұрғын аудандарын, соның ішінде Ресей елшілігі мен сауда өкілдігін де атқылаған. Батыстағы әріптестеріміз әйтеуір осы екі аудан – Идлиб пен Шығыс Ғута жөнінде шу шығарғанды жөн көреді, бірақ олардағы оқиғалардың себебін ашып айтпайды", - деп мәлімдеген Лавров.
БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура үкімет күштерінің қоршауындағы Шығыс Ғута анклавында Алеппо қаласында болған жағдай қайталануы мүмкін деп алаңдайды. Соңғы екі жыл бойы үкімет әскерінің қоршауында қалып, кескілескен шайқастар жүрген Алеппоның шығыс бөлігін Башар Асад әскері 2016 жылғы желтоқсанда бақылауына алғаны мәлім. Қоршау кезінде қалада қалған он мыңдаған бейбіт тұрғын аштық азабын тартып, соғыстан қатты зардап шеккен.