Батыс Қазақстан облысындағы Қособа деп аталатын шалғай ауылдың тұрғындары жұмылып, өз қаржысына балаларға арнап мектеп салған. Үш жылға созылған құрылыс аяқталған соң жұрт мемлекет мектепті иелігіне алады деп күткен еді, бірақ бұл мәселеде біраз қиындық туды.
ҚОСОБАДАҒЫ ТІРЛІК
Батыс Қазақстан облысы Қазтал ауданындағы Қособа ауылы не картада, не үлкен жол бойындағы белгілерде көрсетілмеген. Облыстың әкімшілік орталығы Орал қаласы мен Қособаның арасы – 260 километр. Ауылға дейінгі жолдың көп бөлігі асфальт төселген күре жолмен өтеді. Бірақ ауылға жету үшін ары қарай жазық даланың үстімен топырағы грейдермен тегістелген, ой-шұңқыры көп жолмен жүруге тура келеді. 18 километр жүріп, әуелі Талдыапан ауылына, содан кейін тағы сонша километрді артқа тастап, Қособаға жеткен жерде жол да бітеді. Ауылдың ар жағы – жазық дала.
Қособада 28 аула бар, бірақ ауылда тіпті дүкен де жоқ. Жергілікті халық азық-түлікті қаладан сатып әкеледі. Олар "қысқы боранда қалаға шыға алмасақ, үш айға дейін азық-түліксіз отыра аламыз: үнемі дастарханымызда өз нанымыз, майымыз, сүтіміз бен етіміз бар" деп әзілдейді. Ауылда мобильді байланыс сапасы нашар, сондықтан тұрғындар телефонмен сөйлесу үшін сигналды күшейтетін арнаулы құрылғы сатып алады.
Қособа халқы мал ұстайды. Малын өздері ұйымдастырған жергілікті кооперативке өткізеді. Тұрғындар әр малдың басына ай сайын төлем алып, соған күн көреді.
– Он сиырым бар, оларды кооперативке өткіздім. Әр сиырға айына 15 мың теңгеден аламын. Отбасымды осы ақшаға асыраймын, – дейді Қособа мектебінде күзетші болып жүрген Жанболат Файзуллин.
Үш жыл бұрын, 2017 жылы жазда Қособаға жақын жерде үлкен өрт болып, малды құтқаруға тырысқан жергілікті шопан қайтыс болған. Сол апат кезінде жергілікті халық көп малынан айырылған. Ауыл тұрғындары сол қайғылы оқиғадан кейін әлі аяққа тұра қоймаған. Өздерінің айтуынша, өрт кезінде жоғалған мал басы жақында ғана қайта қалпына келген.
– Ол кезде бізге бүкіл ел көмектесті деуге болады: жақын маңдағы ауылдар балаларымызды мектепке киіндіріп, қажет затын алып берді. Жергілікті кәсіпкерлер өз шаруашылығынан мал бөліп берді, – дейді Жанболат Файзуллин.
"АҚША ЖИНАП, КІРПІШ САТЫП АЛДЫҚ"
Қособада әкімдік жоқ, ауыл Талдыапан ауданына қарайды. Сондықтан ауыл тұрғындары барлық шешімді бірлесіп талқылаған соң қабылдайды. Дәл осы әдіспен өрттен кейін кеңесуге жиналған халық Қособа балаларына арнап жаңа мектеп салуды ұйғарған. Тамыз айында мектептің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғыза бастаған.
– "Не саламыз?" деген талқылау болғанда, клуб не дүкен салу туралы ойладық. Біреу "кафе салайық" деді. Бірақ кейін "мектеп керек" деп шештік. Бұл дұрыс шешім болды, – дейді ауыл тұрғыны, жергілікті кітапханашы Жұма Төкенова.
Мектеп салуға кеткен жалпы шығын – он миллион теңге (24 мың доллардан сәл артық). Бұл қаржыны мұқым ауыл болып жинаған. Бірақ ақша жинау да, құрылыс салу да біртіндеп іске асқан.
– Ақша жинап, кірпіш сатып алдық. Жаңа мектептің қабырғасын тұрғыза бастадық. Кейін тағы қосымша кірпіш пен цемент, төбесін жабуға қажет материал, ағаш алдық. Әрлеу жұмысы да осылай істелді: ақша жинап, әуелі бір терезесін, кейін екіншісін, соңында есіктерін қойдық, – дейді Жұма Төкенова.
– Құрылысқа жұрттың бәрі қатысты, әр тұрғын үлес қосты. Мен, көршім, балалары мектепте оқитын ата-аналар – бәріміз жұмыс істедік. Бүгін бір кірпішін, ертең екіншісін қалап отырдық, – дейді Жанболат Файзуллин.
Қособадағы жаңа мектеп ауыл шетіндегі ескі мектеп ғимаратының жанынан бой көтерген. Әзірге мектептің сыртында 19 ғасырда өмір сүрген қазақтың ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің көпке белгілі "Кел, балалар, оқылық!" деген өлең сөзі жазылған тақтайша ғана ілулі тұр. Әдетте мектептің сыртқы қабырғасында тұратын ресми атауы бар жазу ескі оқу ғимаратында қалған.
– Бұл ғимарат жетпісінші жылдары (өткен ғасырдың – ред.) салынған. Онда не су, не жылу жоқ. Әжетхана – далада. Ғимараттың тозығы жеткен, қыста іші суық, жел соғып тұрады, – дейді ескі мектептің қазіргі жағдайы туралы айтқан Жұма Төкенова.
Екі жыл бұрын мектепте ғана емес, бүкіл ауылда орталық су құбыры болмаған. Ауыл тұрғындары Қособаның шетіндегі құдықтың суын пайдаланған. Бұл жерде газ да болмаған. Газ құбыры 2018 жылы ғана тартылды. Мектеп құрылысы жаңа басталған кезде бүкіл ауыл үйін қи, тезек жағып жылытатын.
– Қазір мектебімізде 13 адам оқиды. Бірінші, екінші, үшінші және төртінші сыныптар бар. Одан бөлек шағын орталық та бар, бірақ ол әзірге қашықтан жұмыс істеп жатыр. Балалар екі ауысымда оқиды, бәріне орын жетеді, мектептің аумағы барлық санитарлық норманы сақтауға мүмкіндік береді, – дейді мектеп директорының қызметін атқарушы Алтынай Көшекенова.
Алтынай Көшекенова таныстырған мектепте екі сынып, шағын орталық, мұғалімдер бөлмесі, асхана, киім шешетін жер мен кең дәліз бар. Мектепке кірерде балалар мен мұғалімдер міндетті түрде шағын дәлізде тұрып, аяқ киімін ауыстырады. Осы жерде қолын антисептикпен жуады. Бұл процестің қалтқысыз орындалуын мектептің тазалығына жауапты адам қадағалайды.
– Балаларға мектеп ашқанымызға шынымен қуаныштымыз. Бұл – біздің жетістігіміз, болашаққа қосқан ортақ үлесіміз. Өйткені бүкіл ауылдың болашағы – осы балалардың қолында, – дейді Жұма Төкенова.
"МЕКТЕПТІ ҚАБЫЛДАМАЙМЫЗ"
Жұма Төкенованың айтуынша, мектепке қатысты мәселе де жоқ емес. Мектеп құрылысы аяқталғаннан кейін ауылға жергілікті билік өкілдері келген. Олар жаңа ғимаратты пайдалануға бере алмайтынын айтқан.
– "Мектепті қабылдамаймыз, өйткені қажет шаралар атқарылмаған" деді. Жер учаскесін әуелі құрылыс жүргізу, кейін мектеп салу үшін арнайы тіркеуден өткізіп, соңында құрылысқа рұқсат алу керек екен. Ал біз бірден мектеп салуға кірісіп кеткенбіз. Жергілікті билік өкілдері ұзақ ұрсысып, құрылыс нысанын қабылдаудан бас тартты. "Мектептерің қазір екіұдай күйде тұр, ресми еш жерде тіркелмеген" деп айтты, – дейді Жұма Төкенова.
Ұзақ талқылаудан кейін жер учаскесін жеке меншік ретінде тіркетіп, дайын ғимаратты мемлекет иелігіне өткізу туралы шешім қабылданған.
– Мектеп ресми мемлекеттік білім мекемесі болып, онда балалардың оқуына мүмкіндік болуы үшін жерді өз атыма тіркеттім. Кейін дайын мектепті мемлекетке бердім. Бірақ әзірге тіркеу процесі аяқталған жоқ, – дейді Жұма Төкенова.
Қособа ауылы қарайтын Қазтал аудандық әкімдігі мектепті тіркеу процесі жалғасып жатқанын, ведомство мектепті балансына алуды жоспарлап отырғанын айтып, ескі мектептің "апатты жағдайда тұрған нысан" деп танылмағанын, сондықтан жаңа ғимарат салу мемлекет жоспарында болмағанын мәлімдеді.
Әкімдік өкілдері мектептің ауыл тұрғындарының қаржысы мен еңбегінің арқасында тұрғызылғанын растап, адамдарға "сөзбен қолдау танытқанын" айтты. Олар Қособа тұрғындарына басқа көмек көрсетілмегенін мойындады.
ПІКІРЛЕР