Accessibility links

Өрттен жапа шеккен ауыл мектепті өз күшімен салып жатыр


Батыс Қазақстан облысының Қособа ауылының тұрғындары салып жатқан мектептің қабырғалары. 20 тамыз 2017 жыл.
Батыс Қазақстан облысының Қособа ауылының тұрғындары салып жатқан мектептің қабырғалары. 20 тамыз 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысының Қособа ауылының тұрғындары мектепті өз күштерімен салып жатыр. Мемлекеттің жергілікті ауылшаруашылық кооперативіне бөлген субсидиясын ауыл халқы 30 балаға арналған білім ғимаратын салуға жұмсаймыз деп ұйғарған.

Қазтал ауданының Қособа ауылы Батыс Қазақстан облысының (БҚО) әкімшілік орталығы Орал қаласынан 260 километр қашықтықта орналасқан. Қособада 227 адам тұрады, яғни 27 аула бар. Бір айдай уақыт бұрын ауыл тұтас өртеніп кете жаздады, өйткені далада өрт шыққан. Бұл осы өлкеде соңғы жылдары болған ең үлкен өрт.

Сол өрттен 27 жастағы ауыл тұрғыны Нұрболат Теміршиев қаза тапты, ол ауылға тиесілі қой отарын құтқармақ болған, нәтижесінде иіс тиіп қайтыс болды. 600 қой мен ешкі тірідей өртеніп кетті. Көрші ауылдардағы фермерлер «жылу» жинап, мал басын толтыруға тырысқан, малдың қалған шығынын мемлекет қаржылай өтемақымен беретін болған.

Өртенген қырдың көрінісі. 20 тамыз 2017 жыл.
Өртенген қырдың көрінісі. 20 тамыз 2017 жыл.

Қособадағы ауылдардың бәрі қызыл кірпіштен соғылған – советтік кезеңнің мұрасы. Ауылда газ жоқ, тұрғындар қыста үйлерін тезек жағып жылытады. Суды Қособа шетіндегі үш құдықтан алады. Ауыл халқы тек малмен күн көреді.

Олардың айтуынша, бәрі өткен жылы құрылған «Талдыапан» ауыл шаруашылық кооперативіне мүше, Қособа аумақтық жағынан қарайтын ауыл да осылай аталады. «Талдыапанға» ірі қара мал қосқан ауылдың әр тұрғыны – кооператив мүшесі. Қазір кооперативке 27 үйдің бәрі қосылған, 100 ірі қара малы бар. Төлдеген әр сиыр үшін мемлекет субсидия бөледі, оны ортақ қорға жинайды.

Қазтал ауданы Қособа ауылындағы бастауыш мектеп. 20 тамыз 2017 жыл.
Қазтал ауданы Қособа ауылындағы бастауыш мектеп. 20 тамыз 2017 жыл.

Ауылдағы жалғыз әкімшілік ғимарат – ескі бастауыш мектеп. 1977 жылы салынған ғимарат қыста суық, құлайын деп тұр. Оның қасында Каспий жағалауындағы Ақтауда өндірілетін арзан ақ кірпіш - «ракушняктан» соғылып жатқан жаңа мектеп бар.

Мектепті ауыл халқы асарлатып салып жатыр, оған ауылшаруашылық кооперативі ғана емес, жергілікті мал өсіруші шаруашылықтар мен қалаға кеткен Қособа тумалары да көмектесіп отыр. Біреу кірпіш әпереді, біреу құм мен цемент әпереді, енді бірі жұмыс күшін табады.

Қособа тұрғындары. 20 тамыз 2017 жыл.
Қособа тұрғындары. 20 тамыз 2017 жыл.

- Бір сиырға 18 мыңға дейін ақша бөледі. Өткен жылы бес асыл тұқымды бұқа сатып алдық, үнемделген қаржыға кірпіш пен цемент алдық. Бұйырса күзде тағы субсидия бөлінеді, құрылысты жалғастырамыз, - деді кооператив комиссиясының мүшесі Бақтыгерей Бекенғалиев.

Азаттыққа «Талдыапан» ауыл шаруашылық кооперативінің басшысы Мақсат Нұғымановтың мәлімдеуінше, ауыл тұрғындары кооперативтің жалпы жиналысында мектеп салуды ұйғарған.

- Әр жұмсалған теңге үшін комиссия мүшелері кооператив мүшелері алдында жауап береді. Құрылыс материалдарын сатып алған чектерін көрсетеді, - деп хабарлады Мақсат Нұғыманов телефон арқылы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімі мектептің қабырғасын тұрғызып, төбесін жапқан соң оны аудандық білім беру бөлімінің балансына қабылдап, құрылысты аяқтауға уәде берген. Бірақ бір айға толмас уақыт бұрын әкім болып тағайындалған Қазтал ауданының әкімі Абат Шыныбеков мектеп құрылысын ары қарай қаржыландырамыз деген сөз айтпаған.

Қособаның үйлері.
Қособаның үйлері.

- Мектепті жергілікті тұрғындар, ауыл шаруашылық басшылары мен аудан кәсіпкерлері салып жатыр. Тұрғындар жобаны мен әкім болып тағайындалғанға дейін бекіткен. Құрылысқа Талдыапан ауылдық округінің тұрғындары көмектесіп жатыр. Біз мектепті білім беру бөлімінің балансына алуға көмектесеміз, - деді Шыныбеков телефон арқылы.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG